Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне жаңа ректор тағайындалды. Ол – Бас прокурор Қайрат ҚОЖАМЖАРОВТЫҢ әпкесі Дария ҚОЖАМЖАРОВА. Бұл туралы zhasalash.kz сайтының өңірдегі тілшісі хабарлайды. 

М.Әуезов атындағы мемлекеттік университет Қазақстандағы ең үздік деген 20 ЖОО-ның ішінде үшінші сатыда. 

Дария Қожамжарованың ОҚМУ-ға ректор болғаны туралы әзірге ресми ақпарат таратылған жоқ. Бізге жеткен сенімді ақпарат көздеріне қарағанда, министрдің бұйрығы шығып қойған. Жаңа ректорды ұжымға әкеліп таныстыру бүгін немесе дүйсенбі күнге жоспарланып отырғанға ұқсайды.  Бұл үшін Астанадан Білім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВТІҢ  өзі арнайы Шымкентке келуі мүмкін көрінеді.

Бас прокурордың әпкесі  университеттің ректоры болды

Студенттерінің саны (20 мың)  жағынан да, оқытушылық құрамы мен материалдық базасы жағынан да Қазақстандағы іргелі оқу орнының ректоры арнайы конкурспен іріктелді.  Жалпы  Қазақстанда жоғары оқу орнының ректорын конкурстық тәсілмен тағайындау тәжірибесінің енгізілгеніне көп бола қойған жоқ. Жаңалыспасақ  2016 жылдан бергі аралықта ректорларды «жартықұдай» министр жалғыз өзі бір бұйрықпен тағайындау үрдісі жойылып, тағайындалатын кандидатты бір емес екі алқалық кеңес іріктеп беретін болған. Жаңа жүйе қолданысқа енгелі елімізде мемлекеттік жоғары оқу орнының 16 басшысы тағайындалыпты.

 М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры болуға Қазақстандағы жоғары оқу орындарының проректорлары,  Білім және ғылым министрлігіндегі комитет және департамент басшылары, тіпті вице-премьердің кеңесшісі, оны айтасыз облыстық мәслихаттың хатшысы да бақ сынап көрген болатын. Кандидаттардың саны 13-ке жеткен. Алғашқы айналымнан кейін олардың үшеуі ақтық сынға жодама алған еді.

Жаңа ректор Дария Пернешқызы бұған дейін Тараздағы Мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарған.  Мамандығы бойынша тарихшы. Еңбек жолын аталған оқу орнында қарапайым оқытушылықтан бастаған. Осы мекемеде табан аудармастан жұмыс істеген. Ғылым докторы, прорфессор, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі. Тараз қалалық мәслихатының депутаты болған. 2016 жылдан Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, мәслихаттағы тұрақты комиссияға жетекшілік етеді. Сонымен бірге «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалында партиялық бақылау комиссиясының төрайымы. Айта кетері, Дария ханым Қазақстанның бас прокуроры Қайрат Қожамжаровтың туған әпкесі.

Коллаж және фото автордікі.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.