Қытай шенеуніктері 2018 жылдың басынан бері Шыңжаңдағы мұсылман отбасыларын қатаң бақылауға алу үшін олардың үйлеріне түнеп жүр.  Бұл туралы Нью-Йоркте орналасқан Human Rights Watch халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымы хабарлады. Ұйым мәліметінше, Қытай билігі бұл бастаманы Шыңжаңдағы аз ұлттарға соққы беру бағдарламасы аясында іске асыруда.

Human Rights Watch мәлімдемесіне қарағанда, Шыңжаң билігі 2014 жылдан бері мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда жұмыс істейтін 200 мың кадрды аз ұлттардың үйлеріне қону жұмыстарына жұмылдырған. «Биліктің өзі бұл бастама әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған дейді. Алайда қытайлық шенеуніктерді үйлерінде күткен отбасылар өздерінің саяси көзқарастары, өмірлері туралы егжей-тегжейлі ақпарат беруге мәжбүр. Қытай үкіметі үйді-үйге бару бағдарламасын тоқтатуы тиіс. Жеке және отбасылық өмірге қолсұғылмаушылық қағидасы халықаралық құқықпен қорғалған. Қытай үкіметінің жоғарыдағы бағдарламасы бұл құқықты бұзады», – делінген Human Rights Watch мәлімдемесінде.

Мұсылман ұлттардың үйлерін аралау бастамасы 2016 жылы бастау алған «Отбасыға айналу» бағдарламасының жалғасы. 2017 жылдың желтоқсанында бұл бастаманы қолға алған Шыңжаң билігі осы мақсатқа 1 миллион кадр жұмылдырды. Шыңжаң билігі 2018 жылдың басында бұл бағдарламаның мерзімін қайта ұзартты. Әрбір екі сайын мұсылман отбасыларының үйлеріне баратын қытайлық билік өкілдері онда кемінде бес күн тұруы шарт.

Human Rights Watch жазуынша, өздері барған үйдің отбасын бастан-аяқ тексеретін қытайлық шенеуніктер отбасы мүшелерінің діни наным-сенімі немесе саяси көзқарастарынан оғаш нәрсе байқаса, мұны бірден жоғарыға хабарлауы керек немесе жағдайды «түзеуі» тиіс. Сондай-ақ олар Си Цзиньпиннің идеялары мен Қытай Коммунистік партиясының саясатын насихаттайды. «Олар сонымен қатар билік аса қауіпті деп есептейтін «панисламизм», «пантүркизм» идеологияларының қауіптілігі жөнінде ескертеді. Билік мұның бәрі күнделікті тіршілік жайлы емен-жарқын әңгіме арқылы іске асады деп дейді. Кадрларға мұсылман отбасыларына олардың қытайлықтармен ұлттық бірегейлігі бір екенін сіңіру тапсырылған. Олар отбасыларға қытай тілін үйретеді, Қытай әнұраны мен Коммунистік партияны мадақтайтын әндер шырқауға мәжбүрлейді. Сондай-ақ отбасылардың апта сайын «ұлттық туды көтеру» шарасына қатысуын қадағалайды. Мұсылман отбасылары мен оларға қонаққа келген қытайлық билік өкілдері  Қытай жаңа жылы тәрізді мерекелерді бірге тойлап, би билеп, ойын ойнауы тиіс. Кадрлар сондай-ақ отбасына үй шаруасына көмектесіп, аула сыпыру, көшет отырғызу тәрізді жұмыстар атқарады», – дейді Human Rights Watch.

Мұсылман отбасыларының үйлеріне барған шенеуніктер атқарған істері жөнінде есеп береді, сол есепке отбасымен бірге түскен суреттерін қоса ұсынады. Құқық қорғау ұйымы келтірген дерекке қарағанда, WeChat және Weibo қосымшаларында қытайлықтардың қазақ немес ұйғыр отбасыларымен бірге ас ішкен, баланы бірге тамақтандырған, тіпті жатын төсекті бірге салып жатқан суреттері өріп жүр. Бұл суреттерді Human Rights Watch өз есебіне қоса тіркеген.

«Қытайдағы мұсылмандарды мәжбүрлеп ассимиляциялау әдістері олардың құқын аяқасты етіп қана қоймай, аймақтағы наразылықты ушықтырып жіберуі мүмкін. Шыңжаң билігі бұл науқанды дереу тоқтауы керек», – дейді халықаралық құқық қорғау ұйымының өкілі Мая ВАНГ.

З.ЖЫЛҚЫБЕК.

Фото: hrw.org

 

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.