Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ қатысуымен  Атырау мұнай және газ университетінде Қытайдан келіп оқитын қазақ студенттерінің мәселесіне байланысты жиын өтті. Бұл туралы zhasalash.kz сайтының өңірдегі тілшісі хабарлайды.

Атыраудағы қандастарымыздың дауына Ноғаев араласты

2015 жылы әлі институт болып тұрған жоғары оқу орнына Қытайдан 106 талапкер оқуға түседі. Оларды оқуға түсуге шақырғанда оқу ақысына 25 пайыз жеңілдік жасауға және тегін жатақханамен қамтамасыз етуге уәде беріледі.  Алайда, өткен сәуір айында қытайлық студенттерге 347 мың теңге оқу ақысын түгел төлемесе сабаққа жіберілмейтіні ескертіледі. Бұл жаңалықты естіген студенттер оқу орнының басшылығына шығып, президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВҚА хат жолдаған болатын.  Себебі, 25 пайыз жеңілдік бойынша берілетін 80 мың теңгенің өзі — олар үшін қомақты қаражат. Оның үстіне, кредиттік технология жүйесі бойынша оқитын жастар тапсыра алмаған пәндері бойынша да қарыз болып қалған. Қазіргі таңда әуел баста келген жүздің үстіндегі баладан 57-сы ғана аталған университетте білім алуда, оның 6-уы грант бойынша білім алып жатыр, ал 45-інің мойнында түрлі берешегі бар. Жағдайды Қытайдан оқуға келген жастардың сол жақта қалған ата-ана, туған-туыстарымен соңғы айларда байланыса алмай отырғаны да ушықтыра түскен. Еліне барып келем деп кеткен бірнеше студент Қытай үкіметі құжаттарын алып қойғандықтан қайтып келмеген. Қыз-жігіттердің бірқатары кәмелеттік жасқа толғасын Қазақстан азаматтығын алған, сол себепті тарихи Отанында қалуға мүдделі.

Атыраудағы қандастарымыздың дауына Ноғаев араласты

Жоғары оқу орны басшылығы, оқытушылар құрамы мен студенттер, қоғам белсенділері бас қосқан жиналыста қытайлық студенттердің кредиттік технология бойынша қарыздарының көп болуының себебі де ортаға салынды. Мәселен, мұнай-газ ісі факультетінің деканы Ақмарал ҚОНАРБАЕВА 3 курс студенті Толқын АРАЙ бір оқу жылының ішінде 112 рет сабаққа келмегенін мәлімдеді. Толқын Арай түсіндіргендей, ол күз айларында ауырып қалуы себепті сабаққа қатыса алмаған, дәрігерлік анықтамасы бар; одан кейін Қытайға барғанда сол жақтағы билік құжатын алып қойып, екі апта жұмыс жасатып қоюы себепті кешіккен. Тараптардың сөзінен белгілі болғаны: университет оқытушылары «қытайлық» жастардың оқудан жиі қалғанын, жатақханада тәртіп бұзғанын алға тартса, студенттер оқу ақысы төленбегендіктен сессияға жіберілмей, сол себепті кредиттік несиелері «жамала» бергенін айтады. Олардың ешқайсысы бірінші курстағы ауызша емтиханнан сүрінбеген. Екінші курста компьютермен портал арқылы емтихан тапсыруда кириллицаны жылдам оқып, берілген жарты сағаттың ішінде жауап беру қытайлық студенттерге қиындық келтіріпті. Сөйтіп, бір емтиханда 27 адам бірден «құлайды».

Атыраудағы қандастарымыздың дауына Ноғаев араласты

«Жібек жолы» бауырластар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әлия ТАЗАБЕКОВА «жатақханада төбелес шығарды» деген себеппен оқудан шығарылған Есхат БОЛАТБЕКТІҢ білімін әрі қарай жалғастыруына мүмкіндік берілуін сұрады.

-Бәріміз де жас болдық, төбелестер болып жататын… Бұл бала 3 курсын ақысын төлеп оқыған, меніңше, алыстан келгенін ескеріп, оқудан шығарып жібермей-ақ, ескерту беруге болар еді. Әрі жарақат алды деген бала «ешқандай наразылығым жоқ» деп қолхат жазып берген, — дейді Ә.Тазабек.

облыс әкімі оқу орнының кез-келген мәселесіне араласпайтынын айтып, бұл  шаруаны шешуді университет ректоры Әли ӘБІШЕВКЕ тапсырды.

«Оралман-Жайық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құдабай ҚАРЖАУОВ «Бұл студенттер мемлекеттік бағдарламамен келіп, оралман дәрежесіне ие болған, яғни, мемлекетіміздің бақылауында. Оқуға келместен бұрын 25 пайыз жеңілдік береміз деген анықтама беріліпті, ол қолдарында жүр. Атырау облысына тәуелсіздік алғалы шетелден 17 мыңдай қандасымыз көшіп келсе, олардың 90-95 пайызын Өзбекстан, Түрікменстан, Ресейден келгендер құрайды. Сондықтан, біз оларды Қытайдан келген көштің алды деп қабылдауымыз керек. Көрші Маңғыстау облысында сырттан келген қандастарға арнап Мұнайлы ауданы бой көтерді. Оның қасында, әлеуметтік жағдайы нашар, ата-аналары қуғында жүрген, олардан ешбір хабары болмай отырған санаулы баланы жағасынан ала бергенше, неге көмектеспейміз?! Мен сол үшін өз зейнетақымнан бөліп беруге де бармын» деді.

Атыраудағы қандастарымыздың дауына Ноғаев араласты

Қысқасы, көптен шешімін таппай келе жатқан даудың нүктесі қойылды. «Тоқ етері былай, биылғы оқу ақысының 25 пайыз жеңілдігі мен сабаққа қарызы бар 39 студенттің бережақ 3 млн. 374 мың теңгесі қолдарыңызға беріліп, қолхат алынады, бірақ, бұдан кейін ешкімнің ешқандай борышын өтеу деген болмайды» деп қысқа қайырды аймақ басшысы. Сол сияқты, келесі оқу жылында олардың соңғы 4 курсы үшін оқу ақысының 25 пайызы төленбек.

Айта кетейік, мұнайлы өңірде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау Мемлекеттік университетінде оқып жатқан қытайлық (қазақ) студенттер де бар. Олардың оқу ақысына елу пайыз жеңілдік жасалған. Жиында мұндай өзгешелік «әрбір оқу орнының Жарғысына сәйкес шығындарды өтеу мүмкіндігінің түрліше болуымен» түсіндірілді.

Фотолар  автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.