Бүгінде қазақ ұлтшылдары қайтадан бір-бірімен қырқысып, ішкі және сыртқы жаудың барлығын жайратып тастап, өз-өзімен есеп айырысқысы келетіндей.Майда-шүйде әңгімелерді сөз етіп, бір-біріне мін тағып, «менікі дұрыс, мені тыңдамағанның барлығы қазақ емес, қазақ жауы» деген сыңайдағы әңгімелер көбеюде. «Мен ғана оппозициямын, қалғандары биліктің жансызы» деген дүниелер көбейіп кетті. Ұлтшылдар арасында «мен ғана қазақ мүддесін қолдап-қорғап жүрмін, мені мойындамағандар «бандалыңдар» деген наполеоншылдық көзқарастар көбейіп келе жатқандай. Мұндай жағдайдың жақсылыққа апармайтыны белгілі. Жақсылыққа апармақ түгіл, мұндай жағдай осы кезге дейін қазақ ұлтшылдығы, қазақ ұлтшылдары мойындатқан ақиқаттардан, басып алған биіктіктерден, айта-айта көндірген компромистерден, қасарыса-қасарыса жасасқан шарттардан айырылып, кейін шегіну, тайшақтау, кешеуілдеу қаупі алдында тұр. Егер бүгінгі кейбір ағайындарымыздың бойындағы көсемсымақтық, ұшы-қиыры жоқ мансапқұмарлық, атаққұмарлық жалғаса беретін болса, онда тағы да ұтыламыз, тағы онсыз да  тарихи аз уақытымызды жоғалтып аламыз. Қазаққа жау көп, сол жаудың жұмысы мен жүгін жеңілдетудің еш қисыны жоқ. Билікке жетпей, парламентке кірмей, партия құра алмай жатып жасап жатқанымыз осы болса, жетіскен екенбіз…

Егер жоғарыда айтылған мәселелер орынды, қазақ ішінде осындай трендтер мен тенденциялар жүріп жатыр дегенді мойындаған болсаңыз, онда мықтап ойлану, жағдайды түсініп-түйсіну, мәмілеге келіп, тірліктеу-тіршіліктеу, әрекет ету жағына көшкеніміз дұрыс сияқты. Өз басым ойлана келе, қазақ ұлтшылдығына қатысты төмендегідей тезистер мен ойларды ортаға салып, шынайы, ашық талқы өткізу қажет деп тауып отырмын. Ұлт ісінде майда-шүйде деген болмайды десек те, бізге қажеттісі принциптер, стратегия мен тактика турасында ірі-ірі, кесек-кесек дүниелер бойынша келісімге келу керек деп санаймын.

  1. Қазақ ұлтшылы кімдер?

Бәріміздің жанымыз қазақ, жүрегіміз қазақ, қазақ болып тудық, қазақ болып өлуіміз шарт. Бәріміздің қазаққа жанымыз ашиды, бәріміз де қазаққа болсын дейміз. Бәріміздің де илеп жүргеніміз бір терінің пұшпағы.

Қазақ ұлтшылы деп қазақ игілігіне қолынан келгенше қызмет етіп, ұлт үшін тер төгіп жүргеннің барлығы да ұлтшыл. Ұлтшылдық партияға, қызметке, мансапқа, орынтаққа байланысты емес. Ұлтшылдық қазақы ойға, санаға, мінезге, білімге, сөзге, іске, әрекетке байланысты. Билікте жүріп те ұлтшыл болуға болады, ол үшін жұмысты адал жасап, ұлттың нәпақасын ұрлап, ұлттың намысын аяққа жықпасаң жетіп жатыр. Ал істеп жатқан ісің қазақ мүддесіне қызмет етсе, пайда алып келсе, ұлт ұпайын түгендесе тіпті керемет.

Қазақ ұлтшылы – сайланбалы қызмет, тағайындалмалы жұмыс, атадан балаға қалған кәсіп, ғылыми атақ немесе салпыншақ емес. Қазақ ұлтшылдығы – принципті позиция, ұстаным, ойлау жүйесі, өмірлік кредо, адами, азаматтық таңдау, тұлғалық болмыс. Мынау «нағыз қазақ ұлтшылы», «ал мынау тоқалдан туған мәңгүрт» деп атақ тарататын комитет пен комиссия жоқ. Оның болуы мүмкін де емес.

Әр адам өзіне-өзі би, өзі төре, әр адам өз сөзі мен ісі үшін ең алдымен өзінің ары алдында жауап береді, қылмыс жасаса – заң алдында, қиянат жасаса  Жаратушы алдына барғанда жауабын береді. Ешкім де пайғамбар емес, пайғамбардың үмбеті емес. Қазақ арасындағы шын сайлауда жеңіп, «қазақтың нағыз көсемі» деген атақты ешкім жаулап алған емес.

Мынау «қазақтың досы», ал анау «қазақтың жауы» дегенді анықтайтын адам емес – уақыт пен тарих. Ешкімнің де «қазақ болу», «ұлтшыл атау» тұрғысынан монополиясы жоқ, болуы мүмкін де емес. Шындық пен ақиқатқа да ешкім монополия орната алмайды. Қанша адам болса, соншама пікір болуы ықтимал. Сенің сөзің мен ісіңнің «дұрыс» немесе «бұрыс» болуы бәсекеге қабілеттігіңе қатысты. Сені екі адам қолдаса да ұлтшыл болуың мүмкін, миллиондар аузыңа телміріп қарап, әрбір сөзіңе табынып отырса да ұлтшыл болуың мүмкін. Саясатпен айналысқандар көпшіліктің соңынан еруі заңды, бірақ көпшілік те қателесіп жататынын ұмытпағаны абзал. Бірақ «жұрт бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деп, жалғыз өзі қалып, қасарысып тұратындарды да қазақ арасына сыйғыза алатын мәдениет қалыптастыруымыз керек. Себебі ұлт көсемі, қазақшылдықтың абызы атанған Шәкәрім қажы өзін «Мұтылған» атап, жапан далада жалғыз қалғанын да ұмытпалық.

  1. Ұлтшылдар мен билік, бүгінгі саяси режим.

Ұлтшыл атану үшін, ұлтшыл болу үшін міндетті түрде президент Назарбаевқа қарсы шығып, оны қаралап, тақтан құлату парыз емес. Қазақ, қазақ ұлты президент Назарбаевқа дейін де болды, кейін де болады. Мәңгілік болмаса да, мыңдаған жыл болғанын қалаймыз. Ұлт ісін, ұлт мұратын бір адамға байлап қоятын шексіз уақытымыз жоқ. Қолдан келген, ар-намысымыз, ақыл-ойымыз, пайым-парасатымыз, мінез-құлқымыз жеткен нәрсені биліктен тыс та, билікпен бірігіп те жасай беруге болады. Ұлтшылдық саяси билік мәселесі ғана емес.

Жақсы болсын, жаман болсын бүгінгі билік – қазақ билігі, бәлкім, постсоветтік қазақ билігі, өтпелі кезеңдегі посткоммунистік қазақ билігі. Керемет десек те қазақ билігі, жауыз-сатқын деп сынап-шенесек те қазақ билігі. Әзірге басқа билік жоқ. Бүгінгі билік Марстан келіп қонжиған немесе оккупациялық режим сайлаған билік емес. Дәл ертең шынайы, әділ сайлау жариялана қалса, президент Назарбаевтың 97 пайыз емес шығар, бірақ емін-еркін 55-60 пайыз дауысқа ие бола алатынына сенемін. Оны төңкеріп тастап, орнына қонжия қалатын ұлтшылдардың қауқары, пәрмені, қатары мен партиясы әзірге жоқ. Болса, ешкім дауласып, бірін-бірі жау деп отырмас еді. Үндемей-ақ алатын билігін алар еді.

Егер билік шектен шығып жатса, қиянат жасап жатса оны айту парыз, ақты – ақ, қараны – қара деу  борыш. Жазықсыз айыпталып, қуғындалып жатқан барша азаматқа араша болу – міндет. Алайда айқайлап, қарғап-сілегендікі, талақ айтқандыкі ғана дұрыс деген сөз емес. Барлық мәселе түбегейлі мақсатқа байланысты. Егер мақсат айқын болса, оған жететін жолдардың саны шексіз болуы ықтимал. Егер мақсатқа жету үшін билікпен келіссөз жасау керек болса, оған да бару керек. Егер күшің болса, билік өзі-ақ келер еді. Бірақ күшің мен пәрменің жоқ болса, билік саған жолай ма? Билікке күнің қарады ма, онымен де жұмыс істей білу керек. Компромисс, мәміле дегеніміз «маған төрт аяқтап келіп, тіліңмен еденімді жалап кет» деген сөз емес.

Билікке талап қойсаң, шарт қойсаң, оны істетудің екі жолы бар: а) талап етіп, күштеп істеткізу; б) талап етіп, ақыл-оймен дәлелдеп, көндіру. Дәл қазір күштеп көндірудің лажы мен реті шамалы. Күттірмейтін мәселелерді шешу үшін амалсыз екінші жолды таңдау керек болып жатады. Онда тиісті мәдениет пен әдепті сақтау қажет. Билікке күні-түні лағынет айтып, қарғап-сілеп жатсаң, жұрт көзінше күшеніп-тышанып «ұры-қары», «сатқын ит» деп, жеме-жемге келгенде есік тырналап, мысықша мияулап жүргеніңнен не пайда, не қайыр? Бұл ұнамай ма, онда тіресіп-сіресіп тұра бер! Бірақ ұлт жұмысын істеп жүргенге, қазақ деп тырысып-тырмысып жүргендерге де кедергі жасама! Көзіне, бетіне айт, бірақ жұрт көзінше бет жыртыспа! Өзгені түсініп көр, түсінісіп көр, өзіңді соның орнына қойып көр, ал қарғап-сілеп, лағынет айту, бітіспес жиһад жариялау үшін асқан ақылдың керегі жоқ.

  1. Ұлтшылдар мен «оппозиция».

Шынын айту керек, қазақ ішінде ең көп қорлық пен қиянат көрген, көрінгеннің тепкісі мен зорлық-зомбылығын көтерген бір ұғым болса, ол – «оппозиция» деген ұғым. Соған қарамастан, біреулер бастық болам, билік болам, тендерге түсем деп таласып жатса, енді біреулер «мен оппозиция болам», «жай, анау-мынау оппозиция емес, нағыз оппозиция болам» деп таласып жатыр. Бір қызығы, соңғылардың таласы билік пен бақ үшін таласқандардың таласы мен айтысынан асып түсіп жатыр.  «Пішту!» дейтін бе еді апа-жеңгелеріміз?

Егер, шынымды айтайын, «нағыз оппозиция» дегендері бүгінгі  Әблязов деген ұрының артында жүргендер ғана болса, онда мені «оппозиция» қатарына қоспай-ақ қойыңыздаршы! Олай болса мен «оппозиция» емеспін, көрмегенім осы «оппозиция» болсын. Мен өзімді қазақ ұлтшылы санаймын. Билікті сынасам да қазақ ұлтшылымын, билікпен қоян-қолтық жұмыс істесем де қазақ ұлтшылымын.

Дегенмен «оппозиция» деген ұғым девальвацияланып кетсе де, ұсақталып-майдаланып кетсе де, елге тырнақшасыз оппозиция ауадай қажет. Егер ешкім басқа бір сөз немесе ұғым ойлап тапса, соны қолданайық болмаса оппозиция болып қала берсін. Бірақ бізге қандай оппозиция керек? Мәселе осында! «Оппозиция» ұғымы, бірдеңе түсінсем, «позиция» деген сөзден бастау алады. Яғни ұстаным. Біздегі оппозиция көбіне-көп «доп-позиция», «топ-позиция» немесе сайқымазақ «құп-позиция» болып кетіп жатыр.

Ой іздеудің орнына жесір қатынша ер іздеп жатамыз. Біздегі оппозиция көбінесе бір адам көлеңкесіне біріккен оппозиция. Адамды алдымен Құдай дәрежесіне көтеріп, соңынан құл екеш құл деп санамайтын, құрметтемейтін оппозиция болып келді. Ал бізге керегі – ой, сана, парасат, ұстаным, идея айналасына, төңірегіне біріккен оппозиция. Адам алдауы, алдануы, шатасуы, шатастыруы мүмкін, ерің ез болып, көсемің көжек болып кетуі мүмкін. Шынайы идея, шынайы идеология, рухи, рухани негізі бар, тарихпен тамырласқан, заманына сай идея адастырмайды. Сондықтан да адамды емес, идеяны таңдаған дұрыс деп санаймын.

  1. Ұлтшылдардың ең үлкен кемшілігі мен қателігі.

Қазақты, оның ішінде қазақ оппозициясын құртқан бір нәрсе болса, ол – көсемшілдік, жеке басқа табыну. Айтыс пен тартысқа келгеннің бәрі, саясатқа араласқанның барлығы дерлік өзін «көсеммін» деп санап, өзгені мойындамауынан бастау алған тірлік талай партияның, қозғалыстың, жақсы үрдістің, тың шаруаның, ізгілікті істің басын жұтты, аяқсыз қалдырды. Өзінің жүрегіндегі ұлтшылдықты емес, ұлтшылдық ішіндегі өзін ғана жақсы көретін, өзінен көлеңкесі үлкен, қазақ ісіне емес, өзіне-өзі табынғандардан көрген қорлық пен қиянатты қазаққа жоңғар атаулы да жасай алмаған.

Қазақтың екі кемшілігі бар: қиналса өзі тірліктемейді, әрекет жасамайды, қиял-ғажайып ертегідегідей батыр іздейді, бірақ қалаған батыры көңілінен шықпаса қарғап-сілеп, келесі бір батырды іздеп кетеді; сонымен қоймай, қазақтың барлығы дерлік – жеке батыр. Бокс пен күрестен жеңе алармыз, шахмат пен дойбыны қатырармыз, кәрті мен ләңгіні жайратамыз, бірақ командалық ойынға жоқпыз.

Ал бүгінгінің басты талабы – командалық ойын, команда ішінде ойнай білу. Ал команда болудың шарты: өзгені сыйлау-құрметтеу, шынайылық-шыншылдық, өзара сенім мен өзара жауапкершілік, компромиске келе білу, өз амбицияңды ортақ іс үшін тыя, шегере білу, қабылданған ойын ережесін сақтап, жеңіліс пен қателікті мойындай білу. Жаңа дәуірдегі қазақ ұлтшылдары қашанда осыдан сүрінген. Осы себепті де мүддесі мен мұратын түсіне білген биліктен 10-0 болып ұтыла берген. Ендігіде жеңіске жеткісі келсе, команда болып ойнауды үйренуі керек. Командада жүрген адам үшін керегі – арқадағы нөмір емес, кеудедегі эмблема. Бізге керегі – атымыздың шыққаны емес, Көк тудың желбірегені. Білекті батыр бірді жығады, онды жығар, ал білімді, бірлігі жарасқан білекті батырлар командасы заманын өзгертеді.

Бұл ортақ іс үшін қажетті алғышарт, принциптер жөнінде. Газеттің келесі санында стратегия мен тактика жөнінде әңгіме қозғаймыз.

Айдос Сарым, саясаттанушы

Фото: facebook.com

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.