Қазақ полицейі бір-біріне батыр

2454

Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай аудандық ІІБ-нің өзінде ішкі тәртіптің бетімен кеткендігін айғақтайтын оқиға орын алды. Нақты айтқанда, 2018 жылы 5 мамыр күні таңертең ІІБ-нің кезекшілік бөлімінің басшысы, полиция капитаны Бақыт ДӘУРЕН өзінің қарамағындағы аға инспектор, полиция майоры Мейрамбек ТОҚТАРБАЕВТЫ күтпеген жерден соққыға жыққан.

Бұл туралы аудандық ІІБ ресми ақпарат беруден бас тартқанымен, мұндай бассыздықтың орын алғаны рас. Басшысынан жәбір көрген М. Тоқтарбаев денсаулығына зақым келуіне байланысты Семейдегі ауруханаға жатып шығуына тура келгенін де ешкім жоққа шығара алмайды. Алайда, майор да, оның отбасы да орын алған оқыс оқиғаға байланысты толықтай айтудан қашқақтағанын да қызмет бабында көрсетілетін қысымдардың әсерінен екендігін аңғару қиын емес.

Ең сорақысы капитан Б. Дәурен М. Тоқтарбаевқа алдымен кезекшілік бөлім ішінде, кейіннен кадр бөлімінің басшысы Б. Жарылқасынұлының кабинетінде қол жұмсаған. Соның салдарынан Тоқтарбаевтың бет-әлпетіне зақым келгені мәлім болып отыр. Алайда, содан бергі уақытта бұл істің жария болып кетпеуі үшін аудандық ІІБ басшылығы барын салып жатыр.

Қарамағындағы азаматтың денсаулығына зақым келтіріп, құқығын таптаған басшының ісіне қатысты Тарбағатай аудандық ІІБ кадр бөлімінің басшысы Б. Жарылқасынұлына хабарласқанымызда «бастығынсыз ешқандай ақпарат бере алмайтынын» айтып ақталды. Ал аудандық ІІБ басшысы Ержан ЖҰБАЙХАНҰЛЫНА  қоңырау шалғанымызда бұл туралы мүлдем ештеңе айтпайтынын мәлімдеді.

Бұдан кейін «Жас алаштың» тілшісі ШҚО ІІД басшысына арнайы хат жолдаған болатын. Араға апта салып келген жауапта: «қазіргі уақытта аталған факті бойынша қызметтік тергеу жүргізілуде. Сонымен қатар аталған бөліністің қызметі және қызметкерлері туралы қандай да бір мәліметтер, сондай-ақ жүргізілген тергеудің қорытындысы қызметтік сипатқа ие және жариялауға жатпайды» делінген.

Құп делік. Алайда, ШҚО ІІД бастығының орынбасары М. Беспаев жолдаған бұл жауабында мәліметтер мен тергеу қорытындысының қандай заңдарға сәйкес қызметтік сипатқа ие болатыны және жариялауға жатпайтынын нақты көрсетпегені таңқалдырады. Демек, білдей ІІБ бөлімінде орын алған өзара төбелестің соңы «жабулы қазан жабулы күйінде» қалуы әбден мүмкін. Шын мәнінде бұл адам құқығының тапталуы полицейлердің ішінде де етек ала бастағанын көрсетеді.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы

Фотолар stan.kz және автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.