ХХ ғасырдың басында Мәнжу-Шың империясының ыдырауы Алтай тауының күңгей бетін мекендеген түркітектес халықтардың оянуына, рухани сілкінуіне елеулі түрткі болды. 1912-1913 жылдары онда қазіргі Шыңжаң өлкесіндегі Құмылда және ұйғырлар мекендейтін бірқатар елді мекендерде қарулы көтерілістер бұрқ етіп жатты. Алайда оның бәрі дер кезінде жеңіске жете қоймады.

1931 жылы қатты ашынған ұйғырлар Қытайға қарсы тағы да көтерілді. Бұл жолы көтерілісшілерді Алтай қазақтары, Қаршар моңғолдары және дүңгендер мен қырғыздар қолдап, бірге атсалысты.  1933 жылы тұтас өлкенің  90 пайызы көтерілісшілердің бақылауына өтіп кеткен еді. Осы тұста ұйғыр көшбасшылары Сәбит Дамолла, Мұхамет Имин Бұғыра Шығыс Түркістан Республикасының құрылғанын жариялап үлгерген болатын. Олар алғашында елді Ұйғыр Ислам Республикасы деп атағылары келгенімен, оған өзге ұлт серкелері көнбеді. Сонымен, Шығыс Түркістан деген ортақ атауға тоқтаған. Оларға сырттан ықпал етуге келгенде Кеңес Одағы асқан белсенділік танытып, қатты қолдады. Ресейлік саясаткерлер ондағы қазағы қайсы, түрік, ұйғыры не дегенді айыра білмегендіктен, оларды өзара «Солтүстік Түркия» деп атаған көрінеді.

Кейбір деректерде 1933 жылдың 12 қарашасында  Қашғар қаласында Шығыс Түркістан Республикасының Конституциясы бекітіліп, тұңғыш президенті  Қожанияз қажы, премьер-министрі болып Сәбит Дамолла тағайындалғаны айтылады. Көгілдір түсті матаға ақ түсті жарты ай бейнеленген мемлекеттік туы болғаны баршамызға мәлім.

1934 жылдан бастап Шығыс Түркістан басшылары Мәскеуге барып, Кеңес Одағының көмегін алған. Алайда 1936 жылы Шығыс Түркістанды Чаң Хай Ши бақылауына алғандықтан, 1937 жылы ұйғырлар бастап қайтадан көтеріліске шығады. Шығыс Түркістан Қытай билігіне өткенімен, өзінің ұлттық валютасы бар, Кеңес Одағының орталық банкінен қолдау алатын дербес сипаттағы ел болатын. Мұның бәрі кездейсоқтық емес еді. Себебі бұл өңірде уран, вольфрам, сурьма, никель, тантал секілді қазба байлықтың неше атасы бар екені барлау арқылы анықталып қойған болатын. Шыңжаң билеушісі болып тағайындалып келген қытай генералы Шэң Ши Цай бастапқыда ақ орыстарға біршама бүйрегі бұрғанымен, кейін олардың Гоминдан партиясымен ым-жымы бір екенін аңғарған соң, кеңестік топтарды, Шығыс Түркістан халықтарының ұлт-азаттық қозғалысын қолдауға көшкен.

Осылайша 1941 жылы қытай басқыншыларына қарсы қазақ ұлттық көтерілісі күш алды. Көтерілісті қазақтың ержүрек ұлы Оспан батыр Сіләмұлы бастады. Генерал Шэң  Ши Цай өзінің оңбай қателесіп жүргенін сезгендей дереу И.В.Сталинге хат жазып, Шыңжаңды Кеңес Одағының құрамына алуын өтінді.  Алайда Сталин бас тартты. Ресми Мәскеу Оспан батырды қолдап, оған қару-жарақ беруді Моңғол өкіметіне жүктеген болатын.  Маршал Х.Чойбалсан Оспан батырға шақыру жіберіп, қазіргі Қобда аймағының Бұлғын жерінде бетпе-бет жүздескен.

Осы кездесу барысында олар Оспан батырға 395 винтов мылтығын, 200 мың оқ, 30 жеңіл пулемёт, 6 ауыр пулемёт, 45 автомат, 2000 гранат бергені туралы дерек моңғол архивтерінде көрсетілген. Сонымен бірге әскери кеңесші, барлаушыларды да тағайындап берген. Х.Чойбалсанның көздеген мақсаты  Шығыс Түркістан жеріндегі моңғол-ұранқайларына бақылау жасау еді. Осылайша өзінің  панмоңғолистік идеясын Кеңес Одағының арқасында жүзеге асыруды, барша моңғол туырлықтарды біріктіруге Сталин септеседі деп ойлады.

1943 жылы кеңестік барлау қызметінің көмегімен Шығыс Түркістанды азат ету мақсатымен «Азат Ташкилаты» деген ұйым пайда болады. 1944 жылдың 8 қарашасында «Әскери төңкеріс комитеті» Құлжа қаласында жиын өткізіп, Қытайға қарсы қарулы күресті бастауға шешім қабылдайды. Сондай-ақ Берияның бұйрығымен «Шыңжаң мұсылмандарына көмектесу комитеті» деген құрылады. Алдын ала мұқият ұйымдастырылған көтеріліс Шығыс Түркістандағы қытайдан өзге барлық ұлтты қамтиды. Нәтижесінде қысқа мерзім ішінде қытай армиясының тас-талқанын шығарып, 1944 жылдың 12 қарашасында Шығыс Түркістан Республикасын жариялайды.

Ел президенті болып Әлихан төре, орынбасарлығына Хакимбек қожа бекітіледі.  1945 жылдың көкек айында Шығыс Түркістанның ұлттық армиясы құрылып, дивизия қолбасшысы болып Дәлелхан Сүгірбайұлы тағайындалады. Ал аталмыш армияның бас қолбасшысы кеңестік генерал Иван Полинов болды деген дерек кездеседі. Осымен қалай десек те, Шығыс Түркістан – көп ұлттан тұратын тәуелсіз ел ретінде халықаралық деңгейде толық мойындалатын дәрежеге жеткені басы ашық әңгіме.

Алайда аталмыш республиканың келешегін әлемдік өркениетті қауымдастық емес, 1945 жылғы тамыз айында Кеңес Одағы мен Қытай елінің ынтымақтастығы мен достық келісімшарты негізінде екі отаршы ел ғана шеше салған. Кеңес басшыларының бірі В.М.Молотов пен Қытай сыртқы істер министрі  Ван Шизе екеуінің қолы қойылған шартта Шығыс Түркістанның мәселесі «майшаммен» қаралған. Кеңес Одағының шонжарлары Шығыс Түркістан басшыларын Қытайдың Гоминдан партиясымен келіссөз үстеліне зорлықпен отырғызды.

Шығыс Түркістан делегациясын  Ахметжан Қасыми деген ұйғыр бастап барады.  Ол кезде Шығыс Түркістан Республикасының президенті Әлихан төре Кеңес Одағына келтірілген болатын. Қытай компартиясы Гоминданды тізе бүктіргеннен кейін Шығыс Түркістан өкілдері Алматы,  Иркутск арқылы Бейжіңге жетуге жолға шыққан. Бірақ Әлихан төре Отанына оралмады.  Иркутскіден аман-есен әуеге көтерілген ұшақ Чита қаласы маңында апатқа ұшырады деген ақпарат тараған.

Шын мәнінде Чита маңында Шығыс Түркістан басшыларын отаршыл залымдар өздері о дүниеге аттандырып, ұшақ апатын ойдан шығарған деген нұсқа да тарихшылар арасында жиі айтылады. Шығыс Түркістан қайраткерлерінің сүйегін Құлжа қаласына әкеліп жер қойнына тапсырады.

Маршал Чойбалсан шығыстағы Ішкі Моңғолияны азат еткен соң, өз еліне қосып, Біріккен Моңғолияны жасақтаймын деген арманына орыстардың қол ұшын бермейтініне әбден көз жеткізген соң, Шыңжаңдағы қандастарын еліне тартуды көздейді. 1944 жылы  Пагманың басшылығымен Қобық сайр деген жерді мекендеп отырған торғауыттарды шекара асырып әкеліп, Моңғол жеріндегі Бұлғын өзені бойына қоныстандырады. Оларға еріп қазақтар да еніп алады.

1949 жылдан бастап Үрімжі қаласындағы Шығыс Түркістан үкімет орнын ұлты татар большевик Бұрхан Шахиди басқарған. Ол қытай коммунистерімен ауыз жаласты. Өзге амалы да болмаған. Себебі Кеңес Одағы ел басшыларының көздерін құртқан соң, Шығыс Түркістанға «пұл болмасаң, күл бол» сыңай танытқан болатын.

ҚКП саяси бюросы Шығыс Түркістан жеріне 250 мың хань ұлтының өкілдерін дереу қоныстандыру туралы шешім қабылдайды. 1955 жылдың соңынан бастап ол жерді «Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесі» деп жариялап, ҚХР құрамына енгізді де, ондағы ұлттардың бастарына «темір ноқта» салды. Қытайландыру саясатын барған сайын күшейтіп, хань ұлтының қаптаған өкілдерін Шыңжаңға толассыз төгумен келеді.

Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесінде Шығыс Түркістан Республикасын қайта жаңғырту, «өлгендерін тірілту» қозғалысы мүлде тамырын үзе қойған жоқ. Бұл салада ұйғыр ұлтының өкілдері құпия түрде зор белсенділік танытып келеді. Қытай билігі оларды ұлт-азаттық қозғалыс өкілдері деп мойындамайды, керісінше,  лаңкестік ұйымдар қатарына қосып қойған.

Қысқасы, Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында Қытайдан және Моңғолиядан қоныс аударып, ежелгі тарихи Отанына оралған қандастарымыздың бәрін жергілікті жұрт большевиктерден немесе аштық қырғынынан бас сауғалап қашып кетіп, Кеңес Одағы ыдыраған соң қайтып келгендер деп ойлайды. Бұлай ойлау мүлде қате. Алтай тауының күнгей беті мен теріскей жағын мекендеген қазақтар ол жерге Қазақстанда Кеңес өкіметі орнағанда ғана қашып-пысып, елінен безіп барған сатқындар емес. Олардың Шығыс Түркістан деген мемлекеті, туып-өскен жері мен жылдар бойы тұрған мекені болған.

Біздің де ата-бабаларымыз шекараның ар жағында мамыражай тірлік кешпеді, ұлт-азаттық көтерілісте, неше түрлі қан майданда отаршы жаумен алысты, басқыншы жендеттердің саяси қуғын-сүргініне ұшырады, жазықсыз жапа шекті дегенді осы шағын мақалада айтқым келді.Сайып келгенде, Шығыс Түркістанда ондағы қазақ пен өзге түркі халықтарының шерлі тарихы жатыр. Оны зерттеп тану – бәрімізге парыз.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ, ҚР мәдениет қайраткері, жазушы

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.