Биылғы жылы ҰБТ 15 рет өткізілгелі отыр. Осы жылдардың ішінде ҰБТ-ға 1 млн. 677 мың оқушы қатысыпты. Бұл барлық мектеп бітірушілердің 80 пайызын құрайды.

Жалпы алғанда ҰБТ-ның у-шусыз өткені кезі өте сирек. Білім министрлігі қанша қамданса да жыл сайын осынау сынақтан шикілік шығып, тауы шағылып, әділеттілік іздегендер жан-жаққа арызданып жатады.

Былтырғы жылы түлектерге «Алтын белгі» тек мектеп қабырғасында беріле бастады. Яғни, 11 сыныпты бітірген түлек мектепте бірнеше пән бойынша емтихан тапсырады. Сөйтіп, «Алтын белгі» де, аттестат да мектеп қабырғасында жүргізілген емтихандарға сәйкес беріледі.

Бірақ, өткен жылы «Алтын белгі» алғандардың қатары аяқ астынан көбейіп кетіп, жоғары бал алғандар грантқа іліге алмай, төмен бал алған «Алтын белгі» иелері грантқа ілігіп, мұның соңы үлкен айқай-шу болған еді. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев биыл «Білім туралы» заңға өзгеріс енгізілгені алдыға тартып, енді ешқандай дау шықпайды деп үміттеніп отыр.

Тестілеу форматы өткен жылы өзгертілгенін айттық. Қорытынды атестаттау немесе қорытынды емтихандар мектепте өткізіледі. Ал, ҰБТ — жоғарғы оқу орнына түсу немесе мемлекеттік гранттар тағайындау емтиханы болып қалады.

Мектепті бітіру емтиханы 29-мамыр мен 9-маусым аралығында өткізіледі. Емтихан 5 пән бойынша, оның ішінде 4 міндетті және мектепте оқыту профилі бойынша 1 таңдау пәнінен өткізіледі. Барлық емтихандар жазбаша, ауызша, тестілеу түрлеріне бөлінген.

Ал, ҰБТ 20-маусым мен 1 шілде аралығында өткізіледі. Барлық тест сұрақтарының саны – 120, максимальды бал – 140, шекті бал – 50 бал.  Ұлттық жоғарғы оқу орындарына түсу үшін ең кемі 65 бал жинау керек.

Биыл 102 442 мектеп бітіруші ҰБТ тапсыруға өтініш берген. Бұл жалпы мектеп бітірушілердің 70 пайызын құрайды. Оның ішінде 75 пайызы қазақ, 25 пайызы орыс тілінде тапсырады.

— «Алтын белгі» бойынша биыл тиісті шешім қабылданды, — дейді білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов. — Яғни, «Білім туралы» заңның 26-бабына тиісті өзгеріс енгізілді. Жақында бұл заңды депутаттар қолдап, президент қол қойып, күшіне енді. Мұның алдындағы заң бойынша неше бал алса да «Алтын белгі» иелерінде үстемдік, басымдық берілетін. Мысалы, 80 бал алса да, 140 бал алса да «Алтын белгі» иесі грантты жеңіп алатын. Биылғы жаңа шешімге байланысты, «Алтын белгі» иелері өз басымдығын сақтап қалады, бірақ, бұл ұпайы бірдей болғанда ғана басымдық ретінде саналады. Мысалы, ҰБТ тапсырған екі түлектің жинаған балдары бірдей болатын болса, «Алтын белгі» иегеріне басымдылық беріліп, грантты жеңіп алады.  Егер бір балға төмен болса, яғни, жай түлектің балы мысал үшін 120, ал, «Алтын белгі» алғанның балы 119 болса, онда грант жай түлекке беріледі. Бұл ақпарат барлық мектеп басшыларына, ата-аналарға жеткізіліп жатыр. Біз олармен де ақылдастық. Осы шешім өте дұрыс деп санаймыз.

ҰБТ-дағы тағы бір мәселе жыл сайын мектеп директоры рейтинг үшін жанталасып жатады. Осының салдарынан оқушыларға психологиялық қысым жасайды. Тіпті, рейтингісі төмен мектеп директорларын әкімдер жұмыстан босатып жіберетіні бар.

— Министрлік ҰБТ болсын, басқа да мәселелер бойынша рейтинг жасау керек деп санамайды, — дейді Асхат Аймағамбетов. — Жалпы рейтинг бізге ешқандай көмегін тигізбейді. ҰБТ бойынша ешқандай рейтинг жоқ. Рейтинг жасағанды құптамаймыз. Облыс, аудан-қала әкімдеріне осындай мазмұндағы хатты жолдадық. Ешқандай рейтинг жүргізбеу керек. ҰБТ-да жоғары рейтинг берген мектептің үлгерімі жақсы немесе төмен деп баға беруге болмайды.

Фото: tengrinews.kz

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.