Биыл Шығыс Қазақстан облысында болған су тасқыны кезінде төтенше жағдайлар қызметінің он құрал-сайманының біреуі де толық сай емес екені әшкере болған-ды. «Аузы күйген үрлеп ішеді» деген, ішкі істер министрі Қалмұхамед ҚАСЫМОВҚА осы жәйт қатты сабақ болды ғой деймін, осы аптадағы үкімет жиынында министр өртке қарсы дайындықтың да нашар екенін жайып салды.

Биылғы жылы өрт қаупі жоғары. Жыл басынан бастап көктем уақытында 45 орман және 4 дала өрті болды. Өртенген жердің жалпы аумағы 10 мың гектардан асады. Ал материалдық залал төрт те төрт миллион теңге!

— Расында, өртке қарсы ауқымды шаралар атқарылады, — дейді бұл жөнінде Қалмұхамед Қасымов. — Бірақ, өкінішке орай, жыл сайынғы практика көп жағдайда басқаша болып шығады. Алдын алу шаралары уақытында іске аспай немесе мүлдем қабылданбай жатады. Іс жүзінде барлық жерде қолда бар күштер мен техника аз екені белгілі болады. Баяндауға мәжбүрмін. Қабылданып жатқан шаралар мен талаптарға қарамастан, аймақтар қауіпті өрт кезеңіне толық дайын деп айта алмаймыз.

Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы («Асу-Бұлақ», «Риддер» ҚММ және «Марқакөл» МТҚА – әкімшіліктің қарауында) үш орман және табиғатты қорғау мекемесін алайық. Олардың аумағында төрт жүз алпыс мыңнан астам гектар орман қоры бар. Нормаға сәйкес онда 14 өрт сөндіру автоцистернасы болу керек. Бірақ, қазіргі таңда 3 автоцистерна ғана пайдалануға дайын.

Алматы облысында да осындай жағдай орын алып отыр. Облыс аумағындағы орман алқабының жалпы көлемі бес те үш миллион гектар. Оған 22 табиғатты қорғау және орман мекемесі жауап береді (АШМ қарамағында — 7, әкімдіктер қарамағында — 15). Қазіргі таңда онда тек 30 бірлік өрт сөндіру автоцистернасы ғана қолданысқа дайын, негізінде 54-автоцистерна болуға тиісті.

Солтүстік Қазақстан облысындағы 13 орман мекемесі (АШМ қарамағында – 1, әкімдіктер қарамағында — 12) алты жүз сексен төрт мың гектарды қамтитын орман қорын қорғауға алған. Ал осындай көлемдегі орман алқабын өрттен қорғау үшін 34 автоцистерна болуы керек. Бірақ, қолданыста тек 22 автоцистерна ғана бар.

Ал Ақтөбе облысындағы Ырғыз Торғай мемлекеттік табиғи резерватында ешқандай автоцистерна жоқ (болуы керек – 54). Жамбыл облысында өрт сөндіретін техникада ақау болған. Соның салдарынан өрттің аумағы аз уақыттың ішінде 6 мың гектарға дейін жеткен. Әрине, үкімет отырысында министрдің бұл сынын мойындамағандар да болды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал АХМЕТОВ цистерналардың саны дұрыс көрсетілмегенін айтты. Үкімет жетекшісі Бақытжан САҒЫНТАЕВ Қасымовтан «Өрттің 21-24 есе өсіп кеткеніне не себеп?» деп сұрап еді, ішкі істер министрі «Бәрі финанс мәселесі… Қаржы жоқ» деп жауап берді.

— Жоқ, енді техникалық жағы түсінікті… Өртті өшіруге байланысты қаржы жетіспей жатыр. Өрттің тұтануына не себеп деп сұрап жатырмын…

— Кеше ғана Семейде болған жағдайға келер болсақ, тұрғындардың өрт қауіпсіздігін сақтамайтындығы… Көбісі осы жағдай…

— Яғни, адам факторы ғой…

— Ия, дәл солай…

— Материалдық-техникалық база мәселесі өткенде су тасқыны кезінде де сөз болған. Сонда кім қаржыландырады? Жергілікті жерден бе, жоқ, орталықтан ба?

— Бұл жерде ауылшаруашылығы және орман шаруашылығы жағынан қаржыландырылуы керек… Сұрағыңызға көп рахмет. Сіз өткенде 2 миллиард теңге беріледі деп шешіп едіңіз. Міне, бүгінге дейін ала-алмай жүрміз. Енді өртке тағы ақша сұраймыз. Сөйтіп жылдың аяғында бермей қояды.Бақытжан Сағынтаев қаржы қайдан бөлінетінін жақсы түсіне алмағандықтан мәселенің мән-жайын қаржы министрі Бақыт СҰЛТАНОВТАН сұрады.Бірақ, Бақыт Сұлтанов та бұл мәселені түсіндіріп бере алмады.Амал жоқ, үкімет жетекшісі сұрақты енді сәл-пәл өзгертіп пөзінің орынбасары – ауылшаурашылығы министрі Өмірзақ ШӨКЕЕВКЕ қойды.

— Өмірзақ Естайұлы, өрт сөндіруге байланысты қаншама техника жетпейді? Шөкеев мәселені алыстан орағытып бастап «Орман қорының 22,9 пайызы бізге тиесілі. Ол дегеніміз 6 млн 800 гектар. Оған норма бойынша 268 техника болуы керек. Қазіргі бары – 244. Оның көпшілігі ескі техника. Жалпы бұл комитетті қаржыландыру мәселесін жаңа жолға қою керек деп ойлаймын. Алдағы уақытта бюджетті талқылағанда жақсылап қарау керек. Сараптама жасау қажет» дегеннен басқа ештеңе айта алмады.Сонымен өртке қарсы қызметтің техникаларын кім қаржыландырады, қалай қаржыландырады, қанша жетпейді, мәселе қалай шешіледі, басық ашық күйінде қалды.

Фото: baq.kz

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.