«Қытай бір миллион доллар өтемақы төлесін»

1344

Шыңжаң өлкесіндегі саяси үйрену орталықтарына қамалып, таяуда елге оралған қандастар Қытай үкіметінен 1 миллион доллар көлемінде моральдық өтемақы төлеуді талап етті.  Олар бұл талабын бүгін Алматыда «Атажұрт ерікті жастары» қоғамдық бірлестігі өткізген дөңгелек үстелде жария етті.

Жиынға Қытай саяси үйрену орталықтарынан босап шыққандар, туыстары әлі де Қытай түрмелерінде қамалған қандастар мен «Атажұрт ерікті жастары» қоғамдық бірлестігінің өкілдері қатысты.

«Қолда бар дерек бойынша, Қытай түрмесінен сегіз Қазақстан азаматы босап шықты. Бірақ еліміздің әр аймағында Қытай түрмесінен босап шықса да, аты-жөндерін жария етпей жатқандар бар», – деді белсенді Серікжан БІЛӘШ.

Таяуда Қазақстан сыртқы істер министрлігінің араласуымен Қытайдағы саяси үйрену орталығынан босап шығып, елге оралған Қазақстан азаматы Аман ЖАНСЕЙІТ басынан өткендерін түгелдей баяндап берді:

— Ақпанның 18-і күні Алматы қаласынан шығып, Қытайға жұмыс бабымен бардым. Үрімшіге барып қонғанда үш қытай сақшысы күтіп алды. Төрт күн бойы тергеді. Төртінші күні кешке түрмеге апарды. Сол кіргеннен мол кірдім. Саяси үйрену орталығында екі ай отырып, әрең босап шықтым.

Саяси үйрену орталығында мүлде сыртқа шығармайды. Ең қиыны – шығатын уақытыңды білмейсің. Бір ай ма, әлде бір жыл отырасың ба, белгісіз. Талай мәрте «елде төрт балам, шешем қалды» деп жағдайымды түсіндірмек болдым. «Олар сенсіз-ақ өмір сүре береді» дейді. «Мен Қазақстан азаматымын, не үшін бұл жерде отырмын?» десем, «сен екі елдің азаматысың» деп жауап береді. Ақыры ең соңында «сен еш заңды бұзбадың, бірақ ішкі заңымыз солай болып тұр» деп мойындады.

Саяси үйрену орталығында әйелдер мен ерлер бөлек отырады. Күніне үш сағаттай оқу жүреді. Төбелескендерді, тәртіп бұзғандарды қамайтын зынданы бар. Оған түскендерді қалай жазалайтынын білмеймін. Бір-бірімізбен тек сыбырласып қана әңгімелесеміз. Бізді сырттан бақылап тұратын видеокамерасы бар. Кіп-кішкентай орындыққа отырып, кітап оқимыз. Әр бір сағат сайын видеокамера арқылы «орындарыңыздан он минутқа тұруға болады» дейді. Сол кезде он минутқа тұрып, әрекет етіп, қол-аяқты жайып аласың. Он минуттан кейін «енді отыра беріңдер» дейді, тағы кітап оқуға отырасың.

Бурылтоғайдағы саяси үйрену орталығына үш айға қамалған, бүгінде Қазақстан азаматтығын алған отыз жастағы Қайрат САМАРҚАН Қытай зұлымдығын аяқсыз қалдырмай, моральдық өтемақы талап ету керек деген пікірін ортаға салды.

«Қытай бір миллион доллар көлемінде өтемақы төлесін, я болмаса саяси үйрену орталықтарына қамалған қазақтарды түгел босатсын», – деді ол.

Қытайда жазсықсыз қамалғандар мен олардың туыстары да бұл талапты қолдады. Сөйтіп, бұл талап жиын соңында қабылданған үндеуге енгізілді.

Фотолар автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.