Атырау облысы Жылыой ауданында жыл басынан бері тоғыз адам өзіне қол жұмсап, өмірден өткен. Оның ішінде үшеуі – аудан орталығы Құлсары қаласының жоғарғы сынып оқушылары. Бұл туралы zhasalash.kz сайтының өңірдегі тілшісі хабарлайды. 

Аудандық білім бөлімі бастығының орынбасары Гүлжансара ҚАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, бұл балалар қандай да бір теріс қылығымен көзге түспеген, қалыпты оқып, толық, жағдайы бар отбасында тәрбиеленген. Оның үстіне, әрбір мектепте психолог жұмыс істейді. Үш оқушы да суицидке бару себебін артына жазып қалдырмаған, сондықтан, олардың қайғылы қадамға не үшін бел буғаны белгісіз.

«Өндірістік Жылыой ауданында ірі Теңіз кеніші орналасқан. Теңізшевройл» мекемесі бұған дейін күкірт қалдығын ашық сақтағаны немесе ауаға жаққаны үшін сан мәрте сынға ұшырап келеді. «Тарихта күкірт жанғанда шығатын улы газды жауға қарсы қолданған жағдайлар белгілі. Сондай-ақ, оның адамның жүйке жүйесіне, геніне кері әсер ететіні анықталған. Мен бұл тақырыпты зерттемегеннен кейін нақтылап айта алмаймын, бірақ, мұндай жағдайға экологиялық ахуалдың ықпалы болуы ықтимал» дейді «Байтақ Болашақ» республикалық экологиялық альянсы Атырау филиалының жетекшісі Арман ХАЙРУЛЛИН.

-2014 жылы Атырау маңындағы Дамбы ауылында төрт адам өзіне қол салып, қайтыс болды, — дейді «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан қажы МАНСУРОВ. — Ол кездегі жай қазіргіден бөлек еді. Жылыой ауданы – үлкен өңір, сондықтан, ондағы суицидтің көбеюіне түрлі жағдайлар сеп болуы мүмкін. Ал шағын Дамбы ауылындағы тұрғындар бірінен кейін бірі асылып қалып жатқанда мен ауыл басшысының шақыруымен әдейілеп барғанмын. Сөйтіп, ірі қара малды құрбандыққа шалып, мұқтаж жандарға таратып бергеннен кейін дерттің беті қайтқандай болды. Бұл жолы да халықтың жиналып, әрі қасиетті Рамазан айының кезінде, ірі малды құрбандыққа шалғаны дұрыс болар.

Соңғы жылдары облыс көлемінде суицид деректері бойынша құзырлы органдардың қатысуымен бірқатар бас қосулар болды. Былтыр облыс прокуратурасы жанындағы Консультативтік кеңестің отырысында 59 өзіне қол жұмсау дерегіне талдау жасалып, оның 11-іне жалғыздық, екеуіне — тума-туыстарына ренжу, тағы екеуіне — жұбайынан ажырасуы, сондай-ақ, 1,1 пайызына қаражат жағдайы, отбасылық жанжал, денсаулығының төмендеуі, жауаптылықтан жалтару себеп болғаны анықталған.

Фото: bnews.kz

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.