Бүгін Семей қалалық мәслихатының кезектен тыс 26 сессиясында қалаға қарасты 6 ауылдық округтің 2018-2020 жылдарға арналған бюджетіне қатысты мәселелер және салық төлеушілер үшін тіркелген салықтың бірыңғай мөлшерлемесін белгілеу жайы қаралды. Сессияны ашқан |депутат Сергей |Покатилов қалалық мәслихаттың хатшысы Б. Ақжаловтың іссапарда жүруіне байланысты жиын тізгінін өзі жүргізетінін қолға алуы мұң екен, мәслихат депутаттары  қазақ ауылдарының жайын орысша талқылауға қызу кірісіп кетті. Шын мәнінде сайлауға түскенде қазақтың жайын ойлайтын сыңай танытатын қазақ депутаттарының сессияның күн тәртібіндегі мәселені қазақша жүргізуге келгенде кежегесі кейін тартып, кері кеткені бір бұл емес еді. Қалалық мәслихаттың хатшысы Бейсенбек Ақжаловтың өзі төрде қонжиып отырғанда да қазақ тілі депутаттардың ауызекі сұрақ қоюына да қажет болмайтынын үнемі көретінбіз.

Бұл жолғы сессияда да солай болды. Покатиловтың соңын ала бюджеттің жайын айтуға шыққан Семей қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлжан Қайырханқызы да «барлығына түсінікті болу үшін» (жергілікті атқамінерлердің ақталуға таптырмайтын тәсілі-авт) баяндамасын орыс тілінде жасауды дұрыс көріпті. Қалаға қарасты ауылдарға бөлінетін қаражатты қазақ тілінде түсіндіруін талап етуге депуттардың құлқы жоқтығын көрген соң, амал жоқ, сессиядан кейін  Г. Алтынбекованың өзін кабинетіне іздеп барып, баяндамасының қазақша нұсқасын сұрап әкетуіме тура келді. Бөлім басшысы сөз арасында «қазақшаға бірнеше рет аударылып, түзетілген негізі» деген сөзінен –ақ әкімдік шенеуніктерінің қандай құжатты болсын, алдымен орысша дайындайтыны білініп қалды. Сонымен Алтынбекованың ана тіліне кейіннен аудартқан баяндамасынан ұққанымыз – қалаға қарасты 14 ауылдық округ бойынша шығыстар 416 млн. 29,5 мың теңге көлемінде. 5 ауылдық округ пен 1 кент бойынша бекітілген бюджеттің жалпы көлемі 158 млн. 723 мың теңге шамасында. Әрине, басқа да қаржыға қатысты деректері баршылық. Бірақ, қалалық әкімдікте құжаттардың қазақ тілінде  дайындалуы қадағаланбайтындықтан, бөлім басшысының баяндамасының құндылығы шамалы болса керек.

Айтпақшы, мәслихат сессиясына бір-бір «Джипке» мініп келетін депутаттардың мәселені неге қазақша талқылай алмайтынын мәслихат қызметшісінен сұрағанымызда «Бұл жолы сессияны Покатилов жүргізгендіктен, орысша өтті» дегенін естігенде не күлерімізді, не жыларымызды білмедік. Премьер –министр Б. Сағынтаев Үкімет отырысын, Мәжілісі депутаттары Үкімет сағатын қазақша (оның өзінде президент айтқан соң барып-авт) өткізуге бейімдеп жатқанда, Семей шенеуніктері мен мәслихат депутаттарының халықтың әлеуметтік мәселесін мемлекеттік тілде өткізуді қаперлеріне алмайтыны олардың жақын арада құлдық санадан құтылмайтындығын көрсетіп тұр.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.