Орал қаласында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы облыстық экология департаменті және ішкі істер органымен бірлесіп «Таза ауа» рейдін өткізді. Бұл туралы zhasalash.kz сайтының өңірдегі тілшісі хабарлайды.

– Рейд барысында автокөліктерден шығатын түтіннің құрамынан улы заттың шектеулі көлемі нормаға сай екенін тексердік. Қазақстанның  «Жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес 2013-2020 жылдары қалалардағы қоғамдық көліктерді газ отынына көшіру қарастырылуда. Себебі оның құрамында ауаны ластаушы заттар көлемі аз. Мұның табиғатта сақтаудағы маңызы зор. Бұған дейінгі өткізілген акцияларда автобус парктеріне жалға берген жеке иеліктегі көліктер түтінінде улы заттар шекті мөлшерден тыс екені анықталды, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Фариза СҰЛТАШЕВА.

Оралда сегіз қоғамдық көлік иесіне ескерту берілді

Мөлшерден тыс зиянды заттарды ауаға тарататын автобустардың жүргізушілеріне ескерту парағы толтырылып, үнпарақ-жадынама таратылды.  Көлік иелері ескертуімізге құлақ аспаса, келесіде екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл салынады екен. Экологиялық рейд барысында түрлі бағытта жүретін 16 қоғамдық көліктің 8-інің жүргізушісі ескерту алды.

Елімізде жүргізілген экологиялық мониторинг бойынша Орал мен Ақсай қалаларындағы атмосфера қабатының ластану көрсеткіші республика бойынша орташа деңгейден төмен. Қазіргі кезде облыстағы «Қазгидромет» РМК-ға қарасты автоматты алты станционарлық бекет ауаның ластану индексін бақылайды. Әуе бассейнінің сапасының төмендеуіне облыстағы мұнай-газ кешендері, өнеркәсіп кәсіпорындарымен қатар автокөліктер де зор әсер етеді. Бір автокөлік түтінімен ауаға 200-ден астам улы зат тарайды.

Оралда сегіз қоғамдық көлік иесіне ескерту берілді

Сала мамандары газ отынын пайдаланғанда ғана автокөліктерден шығатын ингредиенттер мөлшері мүлдем азаяды деп санайды. Облыстық ішкі істер департаментінің есебінше, 9469 автокөлік газ құятын құты орнатқан. Яғни көліктердің жалпы санының бес пайызға жуығын құрайды. Орал қаласында жолаушы тасымалымен айналысатын алты компания қарауында 600 қоғамдық көлік бар. Соның 180-і ғана сұйытылған газды қолданады.

Нұртай ТЕКЕБАЙ, Орал қаласы

Фотолар автордікі.

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.