Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін Қытайға депортациялану қаупі төнген Сайрагүл САУЫТБАЙ Қытайға қайтарылған жағдайда, өлім жазасына кесілуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында оның күйеуі Уәли СЫЛАМ мен қандасымызға араша түскен бірқатар қоғам белсенділері мәлім етті.

Сайрагүл САУЫТБАЙДЫҢ күйеуі Уәли СЫЛАМ екі баласымен бірге 2016 жылы Қазақстанға оралған. Алты айдың ішінде азаматтық алған. Алайда әйелі Сайрагүл  Сауытбай Қытайда балабақша директоры болып қызмет еткендіктен, атажұртқа орала алмай, бір отбасы екіге бөлінген. Күйеуі У.Сыламның айтуынша, әйелінің төлқұжатын жергілікті сақшылар тартып алғандықтан, Қытайдан шығу тіпті қиындаған. Алайда Сайрагүл Сауытбай биылғы жылдың сәуірінде төлқұжатының жоқтығына қарамастан амалын тауып, Қытайдан Қазақстанға өтіп, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйдібек ауылында тұратын отбасымен қауышқан.  Шекараны кесіп өткен уақытта С.Сауытбайдың қолында тек Қытай азаматының жеке куәлігі ғана болған. Сондықтан С.Сауытбайдың Қазақстан аумағына қалай, кімнің көмегімен кіргені белгісіз. Бір белгілісі, ол екі елдің арасындағы еркін сауда аумағы арқылы келген.

Десек те Уәли Сыламның айтуынша, мамырдың 22-сі күні ҰҚК-ның шекара қызметінің өкілдері С.Сауытбайды үйінен әкеткен.

"Қытай сұратқан" қандас өлім жазасына кесілуі мүмкін

– Үйге азаматтық киім киген екі адам келді. Бірі Бауыржан Қуаныш, жанында Берік деген кісі болды. Әскери майор екенін растайтын куәлігін көрсетті. Қытайдан заңсыз келгенсің деген ақпарат келіп түсті, сол үшін келіп отырмыз деді. Бірақ әйеліңді Қытайға бермейміз, бүкіл шаруаңды, төлқұжатыңды бітіріп береміз, ешкімге телефон соқпа, дабыра қылма деп жылы-жұмсақ сөйлеп, әйелімді үйден алып кетті. Балаларымды мектепке орналастырамын, келесі күні келермін деп үйде қалдым. Ертесі Қорғасқа барғанда, әйелімді әкеткен екі офицер Сайрагүлдің қайда екенін айтпады. «Әйелің бері қарай қалай өтті, оны білуің керек» деп сұраққа алды. Әйелім қалайша бері өткенін мүлде айтпаған. Екі баламның амандығы үшін Қытайдан қалай келгенімді айтпаймын деген. Әлгі екі офицер жеке басыма қатысты сұрақ қойып, Екпін, Думан деген туыстарың бар, олар кімдер деп деп сұрады. Ондай адамдарды білмейтінімді айтқанымда, басымнан, бүйрегімен ұрды, – дейді У.СЫЛАМ.

Уәли Сыламның айтуынша, әйелі С.Сауытбай Қытайдағы қысымға шыдай алмай, елге оралған.  Ол Шыңжаңдағы саяси үйрену орталықтарында сабақ беретін мұғалімдерді дайындықтан өткізіп, сабақ берген көрінеді.

Алдымен балабақша директорлығынан алып тастады. Бір жылда саяси үйренуге кіресің, жағдайың жақсы болмайды деген ақпарат берген. Әйелім мұғалімдерге, балаларға саяси үйренуден сабақ берді. Бір жолы саяси үйренуге мұғалім апардым деген. Бес мың адам тоғытылған саяси лагерьге үш қорғаннан өтіп барып кіргенін айтқан, – дейді У.Сылам.

С.Сауытбайға араша түскен қоғам белсенділері оны қалайда да Қытайға бермеу керек деп есептейді.

"Қытай сұратқан" қандас өлім жазасына кесілуі мүмкін

–  С.Сауытбай  Қытайға берілсе, енді қайтып елге орала алмайтыны түсінікті. Ол өлім жазасына немесе өмір бойғы қамау жазасына кесілуі мүмкін.  Ол амалы таусылғаннан, елім, жерім пана болады деген үмітпен осында келді. Сондықтан сондай үмітпен келген адамды Қытайға беріп жіберсек, бұл елдігімізге, мемлекеттігімізге сын, – деді Рысбек ТОҚТАСЫНҰЛЫ.

Бұл іске пікір білдірген тағы бір белсенді Жұмабек ӘЛІМХАНҰЛЫ осы күнге дейін Қытай Қазақстанмен барыс-келіс жасаған қандастарды қамауға алды, енді Қытайдан қашып шыққандарға сұрау салып отыр дейді.

– Саяси үйрену орталығына қамалғандар үш топқа бөлінеді. Біріншісі – имамдар. Екіншісі – Қазақсанға келіп кетіп жүргендер. Үшіншісі – бұған дейін қылмыстық іс қозғалып, түрмеге қамалып шыққандар. Сайрагүл мәселесіне келсек, Қазақстан ҰҚК-і тұңғыш рет Қытай тарапынан түскен тапсырма бойынша қандасымызды сол елге қайтармақ. Сайрагүл қазір Қорғастағы уақытша қамау абақтысында отыр.  Егер Сайрагүлге араша түспесек, елдігіміз, халықаралық қауымдастық алдындағы беделіміз неге тұрады?

«Атажұрт ерікті жастары» қоғамдық ұйымының өкілі Серікжан БІЛӘШ Сайрагүл Сауытбайға Қазақстан саяси баспана беруі керек деп есептейді.

"Қытай сұратқан" қандас өлім жазасына кесілуі мүмкін

Оның Қазақстан азаматымен заңды некеде екенін растайтын неке куәлігі бар. Халықаралық адам құқықтары мен БҰҰ конвенциясында егер саяси баспана сұраушы өзінің тұрғылықты еліне қайтарылған жағдайда ауыр тән жазасы күтіп тұрғанын айтса, онда оған саяси баспана берілуі тиіс екені анық жазылған. Сондықтан С.Сауытбайға Қазақстан саяси баспана беруі қажет, – дейді ол.

Уәли Сылам әйелін Қазақстан тарапы Қытайға қайтармай, соттайтын болса, елдің аумағында жазаға тартса деген тілегін жеткізді.

                                                                                                Фотолар автордікі. 

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.