Тегін медициналық көмек пакеті кезең-кезеңмен оңтайландырылады

59

Халыққа мемлекет есебінен тегін көрсетілетін медициналық қызмет пакеті кезең-кезеңмен оңтайландырылады. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Елена Бахмутова мәлімдеді.

Айтуынша, Президент тапсырмасына сәйкес, оңтайландыру барысында медициналық көмектің құрылымын қайта қарауға, бағасы қымбат болып келетін стационарлық көмектен тиімділігі жоғары профилактикалық медицинаға көшуге, диспансерлік бақылауды ауруды басқару бағдарламаларына трансформациялауға ден қойылып отыр.

Осыны ескере отырып, медициналық қамсыздандырудың үш деңгейлі жүйесі ұсынылды. Ол: жалпы жұртшылыққа арналған минималды әлеуметтік стандарт, яғни, ТМККК пакеті, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылғандарға арналған қызметтер пакеті, сондай-ақ, медициналық көмектің өзге қаржы көздерінен қаржыландырылатын қосымша көлемі.

ТМККК жаңа үлгісі шұғыл және кезек күттірмейтін жағдайға тап болған әр адамға көмек көрсетуге және жұртшылық үшін маңызы бар сырқаттарды бақылауда ұстауға бағытталған. ТМККК пакетінің жан-жақты нақтыланған тізімі Қазақстан республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітіледі.    

Брифингте ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева жаңа үлгідегі ТМККК пакеті үш кезең бойынша енгізілетінін атап өтті. «Бірінші кезекте бұл — қолданыстағы ТМККК пакетінде қамтылған медициналық көмекке ревизия жасау және көмек тізімін нақтылау. Екіншіден, МӘМС жүйесін енгізе отырып, ТМККК-тің жаңа үлгісін дамыту, үшіншіден, медициналық технологиялардың үздіксіз дамуын ескере отырып, ТМККК және МӘМС пакеттерін тұрақты түрде жаңартып отыру», — деді вице-министр.

Айтуынша, ТМККК пакетінде бастапқы медициналық-санитарлық көмектің барлық түрлеріне кепілдік берілген. Оған: барлық азаматтарға арналған негізгі медициналық қызметтер, нысаналы топтарға арналған скринингтер, жүкті әйелдер мен 1 жасқа дейінгі балаларды қарау, созылмалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларға шалдыққан тұрғындарды тұрақты бақылау т.б. жатады.

Естеріңізге сала кетсек, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық қызметтерді стратегиялық сатып алушы мекеме табылады. Қор 2018 жылдан бастап ТМККК шеңберінде көрсетілетін медициналық көмекті сатып алумен айналыса бастаған болатын.

«24-мамырдағы мәліметтерге сүйенсек, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры келісімшарт бекіткен емдеу мекемелеріне 307,15 млрд теңге қаржы төледі. Бұл халыққа кепілдендірілген медициналық көмек шеңберінде тегін қызмет көрсету жөнінде бекітілген келісімшарт сомасының 44 пайызына тең», — деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Елена Бахмутова.

2018 жылы кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасы 694 млрд теңгені құраған болатын. Қазіргі таңда Қор 1463 медицина ұйымымен келісімшарт бекіткен. Оның 614-і — жеке меншік клиникалар.

«Жұмыс алдағы уақытта да кестеге сәйкес және нормативті-құқықтық актілер негізінде жалғасын таппақ», — деді Е.Бахмутова.

Шынар ӘЛЖАНОВА 

Фото: napoli1.com

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.