Әлемде күн сайын технология дамып, техника саласы жетіліп, жол жүру, ары-беру қатынау жеделдеп келе жатса да біздің елде әлі де «есек пойыздар» жолаушы тасымалдауын қояр емес. Мұндай жағдай әсіресе, өңірлерде көп.

Бұған бір жағы пойыздардың жүріп-тұру кестесінің және маршруттарының қолайсыздықтары да себеп десе болады.

Мәселен, Қарағанды – Қаражал – Қарағанды бағытында қатынайтын №611/612 жолаушылар пойызы 360 километр қашықтықтағы Қаражал кентіне 11 сағат 12 минут жүріп, жетеді екен. Яғни, оның орташа жылдамдығы – сағатына 32 шақырым шамасында. ХХІ ғасырда осындай жылдамдықпен жүретін пойызы бар дегенге, сенесіз бе, жоқ па? Өткен ғасырдың басында қазақ даласына алғаш рет пойыз келгенде құдай біледі, осындай жылдамдықпен келген шығар-ау. Жолаушылардың титығына тиетін мұндай «өгізаяңның» себебі аталған пойыздың Жаңаарқа станциясында 3 сағат 29 минут аялдайтындығында болып шықты. Ал қайтарда тіпті асықпай, Жаңаарқада 4 сағат 24 минут кідіріп, Қаражалдан Қарағандыға 11 сағат 41 минутта әрең жетеді.

Осыған ұқсас жағдай Балқаш – Жезқазған – Балқаш бағытында қатынайтын №601/602 жолаушылар пойызы қатынасында да орын алып отыр. Қауіптілігі жоғары аймақ болып саналатын темір жол станцияларында ұзақ аялдау жолаушылардың орынды алаңдаушылығын туғызуда. Олар вагондарда қажетті санитарлық жағдайлар жасалмағандықтан, сыртқа шығып, темір жолдың үстімен жүріп, өз өмірлеріне қатер төндіруге мәжбүр.

Сондай-ақ Қызылорда – Жезқазған бағытында қатынайтын № 617Х пойызы да жолаушылардың орынды реніштерін туғызып отыр. Біріншіден, бұл пойыздың күнара жүретіндігі жолаушыларға қосымша қиындық тудырады. Екіншіден , Қызылорда-Жезқазған бағытындағы елді мекендердің тұрғындары Астанаға жету үшін Жезқазған қаласының вокзалында 4 сағат аялдап, Жезқазған-Астана пойызына отырады. Ал кері қайтарда 14 сағаттай аялдауларына тура келеді. Осындай қиындық көріп жүрген жолаушылар мәжіліс депутаттары арқылы инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектен Қызылорда – Жезқазған пойызының бағытын Астанаға дейін ұзартуды сұрайды.

Фото: rusbestrailways.ru

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.