«Бір көпірді салу үшін тағы да қанша адам өлу керек?!»

555

Атасу кентінде жыл сайын бір адамды пойыз басып өлтіреді

Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Атасу кентінің тұрғындары жылдар бойы темір жолдан өтетін көпір немесе жер асты бөгет салып беруін шенділерден сұрап жалыққан. Бір емес бірнеше адамның ажалы осы темір жолынан болғанын жергілікті әкімшіліктегілер білсе де еш шара қолданып жатқан.

«Ауылдың қанша адамы осы темір жолдың салдарынан қаза тапты. Қаншама бала мертігіп, мүгедек болып жатыр. Оның тіркелгені де бар, тіркелмегені де бар.Әкімдіктегілер уәделерін беріп, сосын ұмытып кетеді. Бір көпірді салу үшін сонда тағы қанша адамның өлімі керек?!»,-  деп ашынады атасулық Орынгүл БІРМАҒАМБЕТОВА.

Осыдан үш жыл бұрын қос аяғын дәл осы жолға тастап кеткен Асылхан бүгінде протезбен жүреді.  Екінші топ мүгедігі. Болашағыма балта шабылды деп санайтын жас жігіт тұйықталып кеткен.

«Пойыз аяғын басып кеткен. Екі аяғынан бірдей айырылды. Үйде отырады. Көпшілікпен араласпайды. Осы темір жолдың кесірінен барлығы. Жас қой, бар өмірі алда. Мүгедектігі үшін  30 мың алады. Ол жетпейді. Жалғыз ол ғана емес. Жетпістегі әжейдің қолы қалып, ол кісі жүріп кеткен. Айта берсе көп, ешкім елеп жатқан жоқ. Шырылдап тұрғындар ғана бар табалдырықты тоздырып, шағым жазып жүрген. Бірақ ешқандай қорытынды жоқ» дейді ауыл тұрғыны Гүлмира ТАХИРОВА.

Бір қызығы, темір жолдан талай адамның өлгенін әкімшілік жоққа шығармайды. Алайда, тек облысқа хат жолдаумен ғана шектеліп отырған атқа мінерлер қаражат мәселесін ҚТЖ басшылары шешеді деп қысқа қайырды.

«Біз бұл мәселені білеміз. Бір емес, талай адам мертіккен. Біздің құзырымызда емес. Қазақстан Темір Жолдары қаражат бөледі. Соларды территориясы ғой. Бірақ он жылдан бері хаттар жолданып жатыр. Осы жолы да аудан әкімі хат жазды. Әлі жауабы жоқ. Жасап береміз дейді. Бірақ қашан екені белгісіз. Барлығы қаражатқа тіреледі»,- дейді Атасу кентінің әкімі Рахманберлі ТҮСІПОВ.

3 мыңнан  тұрғыны бар Атасу кентінде 200-ден аса мектеп оқушылары бар екен. Оның барлығы аудан орталығында орналасқан екі мектепке теміржолдан өтіп оқиды. Адам өтетін жолақта тізілген вагондар екі –үш сағат бойы тұрғанда, оқушылар тіпті, ересектер де вагондардың астынан өтуге мәжбүр.

«Үлкендерді жарайды жасарын жасағандар. Мен мына балаларды аяймын. Осыларды вагнонның астында қалып өлу үшін туған жоқпыз ғой. Мектепке асыққан балалар амалсыз адам өтетін жолақта сағаттап тұрған вагондардың астынан өтеді. Онымен бірге қариялар да еңкейіп өтеді. Басқа амал жоқ бізде»,- деп ашынған алты баланың анасы Қызғалдақ ДЕМІСІНОВА.

zhasalash.kz тілшісі өткелді қашан орнатады деген сауалмен Жаңаарқа ауданы станциясының басшысы Нұржан БОШАНОВҚА жолықты.

«Көпір мәселесі жайлы көктемде аудан әкімімен бірігіп, облыстық әкімшілік пен ҚТЖ-ға хат жолдаған болатынбыз. Мен де, аудан әкімі де жаңадан келгендіктен, тек өтініш білдірумен шектелдік. Соның жауабын күтіп отырмыз. Менде басшыларыммен хабарласамын. Қалай жауабы болады, бірден өздеріңізбен хабарласып, айтамын.»

Мәселе қашан шешілетінін сұрап Қарағанды облыстық әкімшілігі мен ҚТЖ басқармасына да хат жолдадық. Тұрғындардың жан айқайы жерде қалмай, көпір немесе жер асты өткел салынады деген үміттеміз.

Фотолар автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.