Павлодарлық жүргізуші жол полициясын сотта жеңді

1321

Виталий САВИЧКИННІҢ көлігін 4 ай айыппұл тұрағында заңсыз ұстаған жергілікті полицейлер енді оған 25 мың теңге өтеулері тиіс. Павлодар қалалық сотының судьясы Гүлім  АСАНОВА  осындай үкім шығарды. Алайда, сотта жол полициясының заңсыз әрекетін әшкерелеген жүргізуші судья шешімімен келіспейді.

Оқиға былтыр қазан айында болған. Шығыс Қазақстан облысынан Павлодар қаласына «Mersedes» маркалы көлігін айдап әкелген ер адам оны сол жақта тіркеуден шығарған екен. Алайда, қайтып келгенінде тіркеп үлгермепті. 1989 жылғы темір тұлпардың VIN-кодының алғашқы әріптерінің қажалып қалғанын көрген тәртіп сақшылары оны айыппұл тұрағына жіберген.

Кейін тіпті іс қозғап, арнайы сараптама тағайындапты. Осылайша транзиттік нөмірлі неміс көлігі айыппұл тұрағында 4 айға жуық тұрған. Ал қылмыс құрамын таппаған полицейлер кейін істі жауып тастап, ақыр соңында мерседесті иесіне қайтарады. Алайда, Виталий Савичкинді 25 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттейді. Екі ортада жаяу жүрген ер адам бұдан соң полицейлердің өзін сотқа беріп, 500 мың теңге көлемінде материалдық шығын талап етті. Өйткені, осы оқиғаның кесірінен жұмыссыз қалыпты. Бұған дейін шаһар бойынша жолаушы тасып, нәпақасын тауып жүргенін айта кетейік. Жарты жылға созылған іске қатысты құзырлы орган кінәлі деп танылды. Алайда, жәбірленушіге аталған соманың тек жиырмадан бір бөлігін, яғни 25 мың теңге көлімінде шығын өтеуге міндеттелді.Соттың бұл шешімімен келіспейтінін айтқан Савичкин енді оны бұздыруға бекініп отыр. 

-Өзіме төлеткен 25 мың теңгені ғана қайтарып бермекші. Сонда бұл мені мазақ қылғандары ма?Қанша уақыт жаяу жүрдім, сол кезде көлігімнің капотын тот басып кетіпті.Оның бәрін кім жөндейді? Маған материалдық шығынды қалай да болсын өтеулері тиіс, -дейді Павлодар қаласының тұрғыны Виталий САВИЧКИН. 

Осылай деген ер адамның өзін мазақ қылған өңірлік ІІД-не өкпесі қара қазандай. Енді ол облыстық прокуратураға шағым түсірмекші. Жалпы, соттың бұл шешімін бір ай ішінде бұздыруға құқы бар.

Фотолар автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ. 

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.