Аралда дәрігерлер шақыртуларға өз көліктерімен барып жүр

333

Қызылорда облысы Арал ауданында жедел – жәрдем көлігі жетіспей тұр. Соның салдарынан кейбір дәрігерлер шақыртуларға жеке көліктерімен шығып жүр екен. Онсыз да экологиялық өңір саналатын аймақтың тұрғындарын бұл жағдай ашуландырып отыр.

«Өткен демалыс күні 4 айлық немерем қатты ауырды. Дене қызуы көтеріліп, жөтелген болатын. Кішкентай нәресте қалтырап жатқан соң дәрігерлер ауруханаға алып кететінін айтты. Заттарын жинап, сыртқа шықсақ жедел-жәрдем қызметкерлері жеке көлікпен келген екен. Сонда мұны қалай түсінуге болады? Қазір күніне 2 бригада ғана жұмыс жасап жүр екен. Сол күні ауылға кеткен жедел-жәрдем көлігі бұзылып қалыпты. Амалсыздан қызметкерлер шақыртуларға өз көліктерімен шығып жүр. Ал, оның ішінде науқасты тасымалдауға ешқандай жағдай жасалмаған», — дейді Арал қаласының тұрғыны Тортай БЕЙІСОВ.

Өкінішке орай, шақыртылымға өз көліктерімен шығып жүрген мамандармен сөйлесу мүмкін болмады. Ертеңгі күні жұмыстарынан айырылып қалуға қорқатындарын ашық білдіруден, артық кете алмады.

Арал ауданда медициналық көмекке мұқтаж жандар көп. Сондықтан жедел-жәрдем көлігінің жетіспей тұрғандығы өзекті мәселеге айналып отыр. Сала мамандары қазіргі таңда аталмыш проблема Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының назарында екенін айтып ақталады.

«Бүгінгі күні Арал ауданына 3 жедел-жәрдем бригадасы бөлінген. Бір автокөліктің бұзылып тұрғанын растаймыз. Техника болған соң істен шығатыны белгілі. Алдағы маусым айында облысымызға жаңадан медициналық көліктер келеді. Сол кезде Арал ауданына су жаңа 3 жедел – жәрдем көлігі бөлінетін болады. Осылайша бұл проблеманы түбегейлі шешеміз», — деп мәлімдеді Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Нұржамал ТҰРСЫНБАЕВА.

Фотолар автордікі. 

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ. 

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.