Бүгін Семей қаласының көктемде су құрсауында қалған Мирный, Пристань, Затон аудандарының тұрғындары жиналып, қалалық әкімдікке басып кіріп, наразылықтарын білдірді.

2018 жылдың 29-30 наурыз күндері Ертіс өзенінде мұзды жарып, халықтың баспасын су тасқынында қалдырған жергілікті атқарушы билік содан бері екі ай өтсе де жай-күйін айтып зар жылаған халықты құрғақ уәдеге тойдырумен келеді. Жаз шықса да маңдай терімен салған үйінің өтеуін ала алмаған жұрттың жүйкесі әбден жұқарып, әкімдіктің қоғамдық тыңдау өтетін залына жиналды. Қонақ үй мен пәтер жағалап қаңғып қалған қараша халықтың қаһарынан қаймықты ма, қала әкімі Ермак СӘЛІМОВ кездесуге келген жоқ.

Семейліктер әкімдікке басып кірді

Алайда, бар мәселеге өзі жауап беретіндей  екпінмен келген қала әкімінің шаруашылық, тұрғын үй мәселесіне жауап беретін орынбасары Николай УШАКОВТЫ тұрғындардың ешқайсы тыңдағысы келген жоқ.

Семейліктер әкімдікке басып кірді

«Мен, күйеуім, тұрмыстағы қыз-күйеубалам, немерем және бір қызым алты адам 40 мың теңгеге пәтер жалдап  тұрып  жатырмыз. Үлкен қызым екінші баласына ай-күні таяу отыр. Ол босанғаннан кейін қайда апарам? Арнайы комиссия біздің үйді 2 млн. 800 мың теңгеге бағалаған болатын. Біз сол қаражаттың берілетініне сеніп, тұруға жарамайтын үйімізді құлатуға мәжбүр болғанбыз. Негізі үідің бір қабырғасы  құлап  та қалды. Ал, енді бүгін қаржаттың енді Үкімет қаулысы шыққаннан кейін барып түсетінін айтып отырсыздар. Алдында қалаға қаражат жіберілгенін, оның өз қолымызға тиетінін айтып сендірдіңіздер»,-деп ашынды Пристань аумағының тұрғыны Гүлмира СМАҒҰЛОВА.

Семейліктер әкімдікке басып кірді

 

О баста ешкімнің баспанасыз қалмайтынына сендірген облыс әкімі Даниал Ахметовтің де сөзі сұйылып, одан қалса, қала басшысы Сәлімов үйлерді құрылыс фирмалары жөндеп беретінін, тиесілі қаражатты солардың есеп-шотына (халықтың өзіне емес) түсіретіні, ақыры оның да көзден бұл-бұл ұшып жым-жылас болып тұрғаны жұрттың ашуына тиді.

Әкімнің орынбасары Николай Ушаков дәл қазір Үкіметте Шығыс өңірде тасқыннан келген шығынға байланысты жиын өтіп жатқанын, одан соң арнайы қабылданған қаулы негізінде қаражат бөлінетінін (Шығыс өңірге шамамен 1 млрд. 300 млн теңге) айтқаны сол, халық «ол ақшаның қай күні келетінін нақты айтыңыз» деп жағасынан алардай болды.

Семейліктер әкімдікке басып кірді

 

Баспанасы жарамсыз болып, бұрынғы музыкалық учелищенің жатақханасында тұрып жатқан Шынар РАХИМОВА да қалалық әкімдіктің о бастағы ақша берілетіндігін айтқан уәдесіне сеніп, өз қаражаттарына топырақ, цемент тағы да басқа құрылыс материалдарын алып шығынға батқанын айтып налыды. Тұрғындардың көбі  қалалық әкімдіктің баспаналарын жөндеуді «Азия» құрылыс фирмасына жүктегендерін де құп көрмейді. Өйткені, бюджеттен бөлінген қаражатты өз есеп-шоттарына аудартқан құрылыс фирмасының жұмысты сапалы істеп береді дегенге сенбейді.Семейліктер әкімдікке басып кірді

 

«Құрылыс салу, үй тұрғызу өз қолымыздан да келеді. «Азия» фирмасы ертең менің баспанамды жөндеуге келіп, бір-екі қатар кірпіші мен терезесін қойып берген соң, ары қарай қаражат таусылғанын айтып кетіп қалса, не істемекпін? Ақша бөлінді ме, өз қолымызға берсін. Бұған дейін тиесілі ақша әне келеді, міне келеді деп сендірді. «Азияны» ғана бізге тықпалай береді. Соған қарағанда атқарушы биліктің ым-жымдары бір. Шын мәнінде қанша қаражат аударғанын, оны толықтай игерді ме, жоқ па, тағы да біле алмасақ, мұндай көмегінің бізге не керегі бар?», -дейді таға бір семейлік тұрғын Ержан ҚАДЫРҒАЛИЕВ.

Мирный кенті су құрсауында қалған бетте алып-ұшып жеткен облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ алғаш көрген адамы Серғазы ТӨЛЕГЕТАЕВ еді. Өңір басшысы бұл азаматтың әр сөзін мұқият тыңдаған сыңай танытып, қарық қылатынына сендіріп кеткен болатын. Бүгін ол да ызалы.

«Осыдан екі ай бұрын шот ашқызды, қаншама құжат жинатып сандалтты. «Обай, ақша аударамыз» деп. Дәл жеме-жемге келгенде ештеңе жоқ дейді. Ахметов келіп, бірінші күні-ақ қашып кетті. Комиссия құрып, осы жерде бірге жүретінін, үш күннен кейін келетінін айтып сендірді. Со беті жоқ. Сөзінде тұрмағаны ғой. Сол сияқты қаламыздың әкімі де осындай. Су басқан күні көрінді, содан соң көзіміз шалған жоқ», — дейді С. Төлегетаев.

Семейліктер әкімдікке басып кірді

Ашынған халықтың мысы басты ма, Ушаковтың қасына қала әкімінің тағы бір орынбасары Надежда ШАРОВА келіп жайғасты. Алайда, ол да жарытып ештеңе айта алмады. Қала әкімі Ермак Сәлімовтің тұрғындармен кездесуге өзі неге келмегенін сұрағанымызда, Астанаға аттанып кеткенін білдік.

Ақыры халықты сөзіне сендіре алмасына көзі жетсе керек, Н. Ушаков ары қарай жиналысқа баратын уақыты болғанын айтып, өз жөніне қашып құтылды. Айтпақшы, 30 мамырда Үкіметтен бөлген қаражаттың жайы сол кезде белгілі болады. Салы суға кетіп сыртқа шыққан жұрт атқарушы билік бұлай алдай беруін доғармаса, митинг өткізіп, аштық жариялауға да әзір болатынын жасырған жоқ. Тұрғындар жанайқайын бұдан кейін де аяқсыз қалдырғысы келмей заңға сүйенген әділдік іздеп, қалалық прокруатураны бетке алды.

Семейліктер әкімдікке басып кірді

Жаяу шұбырып жеткен халықты ішке кіргізген қаланың таяуда ғана тағайындалған прокуроры М. Досмағамбетов сөз алғандардың әрқайсын мұқият тыңдап, көпшіліктің неге шулап жүргенін ұққандай болды.

«Мысалы менің үйімді комиссия көріп, келген шығынды 4 млн. 890 мың теңгеге бағалаған болатын. Алайда, қалалық ТҮКШ тарапынан бұл ақшаның 2,5 млн теңгеге қысқарғанын естідім. Енді одан 12 пайыз қосымша құн салығын ұстап қалатын болып отыр. Бұл қаншалықты заңды? Шығындардың өтеуіне бөлінген қаражатты қысқартуға және одан қосымша құн салығын ұстауға бола ма?»,- дейді Қанат ЖҮНІСОВ.

Қала прокуроры тұрғындардың білгісі келген мәселесін жазбаша түрде өткізгеннен кейін барып қана жауап беруге болатынын айтты. Яғни, тұрғындардың көкейіндегі жайлар заң аясында шешілуі 15 күннен кем емес уақытта ғана белгілі болады. Баспанасыз қаңғып қалған жұрт мамырдың 30-ы күні тағы да жиналатын болып тарқасты.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.