Сыбайлас жемқорлық айыбы бойынша сотталған Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов бас бостандығын шектеу түріндегі жазасын айыппұлмен алмастыруды сұраған өтінішін қайтарып алды.

Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, Серік Ахметовтің жазасын жеңілдету туралы адвокаттың өтініші Қарағандының Қазыбек би аудандық қылмыстық істер сотына түскен. Қарағанды облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, өтініште Ахметов жазаны айыппұлмен алмастыруды сұраған, бірақ адвокат 24 мамыр күні ол өтінішті қайтарып алған.

Серік Ахметов екі жылға жуық түрмеде қамауда отырып, 2017 жылы 21 қыркүйекте бостандыққа шыққан. Бұған дейін Қарағанды облысы Абай аудандық соты оның жазасының қалған бөлігін бас бостандығын шектеу түріне алмастыру туралы қаулы шығарған. Ахметовтің енді қалған бас бостандығын шектеу мерзімі үш жыл төрт жылды құрайды.

Қарағанды облысының әкімі, Қазақстан премьер-министрі, елдің қорғаныс министрі тәрізді қызметтерді атқарған Серік Ахметов 2015 жылғы желтоқсанда «заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты» және «өкілетін асыра қолданды» деп айыпталып, 10 жылға сотталған. Ахметов сот барысында өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған. Сот оның дүние-мүлкін тәркілеп, 5 жыл мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салған. 2016 жылғы наурызда апелляциялық инстанция Серік Ахметовтің жазасын 10 жылдан 8 жылға азайтқан. Кейін оның жазасының өтелмеген мерзімінің төрттен бірі Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылық бойынша азайтылған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.