5 мамыр күні АҚШ-тың Карсон қаласында Геннадий Головкин қарсыласы Ванес Мартиросянды екінші раундта нокаутпен жеңді. GGG-дің ендігі қарсыласы кім болады? Бұл әлі белгісіз. Допинг-сынамасы теріс нәтиже берген Сауль Альварестің промоутері Оскар де ла Хойя күні кеше қызық мәлімдеме жасады. «Канело» мен GGG-дің қарымта кездесуі – біз басымдық беретін жекпе-жек. Бірақ Головкиннің жұдырықтасқысы келмейді. Ол не Альвареспен шықсын, не біз басқа біреуді табамыз! Жағдай қайда бағыт алатынына қарамастан, «Канело» қыркүйек айында жекпе-жек өткізеді» деді ол.

Бұған Головкиннің командасы қандай жауап қайтаратыны әлі анық емес. Біз суперкездесу қарсаңындағы тыныштықты пайдаланып, бокс әлеміндегі басқа отандастарымыздың жай-күйіне үңіліп көрмекпіз.

Қанат рейтингін көтермек

Бірінші орта салмақта WBO NABO, WBA-NABA және WBA Inter-Continental  аймақтық белбеулерінің иегері Қанат Ислам (25-0, 20КО) 14 маусым күні АҚШ-тың Калифорния штатында жекпе-жек өткізетін болды. Әзірше жарыс өтетін қала мен сарай белгілі емес. Қанаттың қарсыласы – жапон Йошихиро Камегаи.

Қ.Ислам өткен жылы 9 қыркүйекте Астанада канадалық Брендон Кукпен кездесіп, тоғызыншы раундта техникалық нокаутпен жеңген еді. Содан кейін отандасымыз шаршы алаңға әлі шыққан жоқ. 2017 жылдың соңына қарай оның промоутер Нельсон Лопеспен арадағы келісімшарт мерзімі аяқталды. Түрлі ұсыныстарды таразылай келіп, Қанат жыл басында Top Rank  промоутерлік компаниясымен шартқа отырды. Сөйтіп, менеджер Егис Климаспен бірге жұмыс істей бастады. Top Rank компаниясы Василий Ломаченко, Александр Усик сияқты белгілі боксшылардың ісін жүргізеді.

Өткен жылдың желтоқсанында Ислам америкалық Джон Верамен қолғап түйістіруді жоспарлаған-ды. Алайда келіссөз соңына жетпей, Вера басқа қарсылас таңдады.

Қазір бірінші орта салмақ (69,853 келі) дәрежесінде Қанат Исламның әлемдік беделді нұсқалардағы рейтингі мынадай:

WBA – екінші (әлем чемпионы – Джарред Хөрд, АҚШ, тұрақты чемпион – Брайан Кастанио, Аргентина);

IBF – үшінші (әлем чемпионы – Джарред Хөрд);

WBO – жетінші (әлем чемпионы – Хайме Мунгуйя, Мексика).

Биылғы қаңтар айында Қанат пен Джарред жекпе-жек өткізуге келісімге келді деген ақпарат тарап еді. Алайда ол да сөз күйінде қалды. Енді Климас Қанатты биіктерге бастауға тиіс.

Ал отандасымыздың жаңа қарсыласы Йошихиро Камегаи – танымал жауынгер. Ол кәсіпқойлар арасында 33 кездесу өткізіп, 27 рет жеңіске жеткен, 24 қарсыласын естен тандырған. Оның еншісінде 2 тең жекпе-жек және 4 жеңіліс бар. 35 жастағы Камегаи былтырғы тамыз айында шаршы алаңға соңғы рет шығып, төрешілердің ортақ шешімімен пуэрторикалық Мигель Коттоға есе жіберді. Қазір Камегаи WBA рейтингінде  10-орында тұр.

Камегаи АҚШ-та тоғыз кездесу өткізген. Ислам болса бұл елде алғаш рет 2013 жылы өнер көрсетті, бес кездесуін де жеңіспен аяқтады.

Бейбіт шоу жасайды

Жақында кәсіпқой боксқа қайта оралғанын мәлімдеген Бейбіт Шүменов 7 маусым күні Астанада өнер көрсетеді. Ол түрік боксшысы Хизни Алтынкаямен (30-1, 17КО) бірінші ауыр салмақта WBA тұжырымының аралық чемпионы атағын сарапқа салады.

Бейбіт жайлы әңгімеге толық кіріспес бұрын, осы салмақтағы қазіргі жағдайды айтып өткен дұрыс. Қазір WBA нұсқасы бойынша бірінші ауыр салмақ дәрежесінде үш чемпион бар. Біздің Головкинмен бір залда жаттығатын Мұрат Гассиев біріккен чемпион (немесе суперчемпион) болып саналады. Ол IBF нұсқасы бойынша да әлем чемпионы атағына ие. Ал ресейлік Денис Лебедевтің мәртебесі – «демалыстағы чемпион». Менеджерлері келісіп жатса, осы үшеуі кез келген уақытта қолғап түйістіріп, нағыз мықтыны анықтай алады. Ал Шүменов WBA-ның 1 мамырда жаңартылған рейтингінде – екінші, Алтынкая үшінші сатыда тұр. Демек, екеуінің тұрақты чемпион атағын сарапқа салуға құқы толық бар.

Кезінде дәл осы белбеу Бейбіттің қолында болып еді. Алайда көзінің жарақаты оны біраз уақыт шаршы алаңнан шеттетіп қана қойған жоқ, WBA тұрақты чемпионы атағынан бас тарта тұруға да мәжбүрледі.

Бокс әлемінің талаптары тұрғысынан қарағанда, тұрақты чемпион атағы екі боксшыға да ерекше артықшылық бере қоймайды. Ең бастысы, бұл – рейтингтің көшбасшысы атану үшін болатын талас. Сондықтан Шүменов қазір әлемге өз мықтылығын бір дәлелдеп көрсетуге мүмкіндік алып отыр.

Астанадағы кәсіпқой бокс кешіне Роберто Дюран, Қасым Рахман, Евандер Холифилд сияқты аңыз бокшылар қонақ болып келмек. Шаршы алаңдағы кездесулерді белгілі ринг-анонсер Майкл Баффер жүргізеді.

Бұл кеште Шүменовпен бірге тағы бірнеше отандасымыз сынға түседі. Айдос Ербосынұлы (7-0, 6КО), Бабыржан Момынов (6-0, 5КО), Нұрзат Сабыров (5-0, 5КО), Садриддин Ахметов (1-0, 1КО), Айдын Елжанов (4-1, 3КО), Уәлихан Бисенқұлов (3-0, 3КО) сияқты боксшылар өнерін ортаға салады. Қазақстан құрамасының мүшесі болған Миржан Рақымжанов кәсіпқойлар арасындағы алғашқы кездесуін өткізеді. Сондай-ақ Батыр Жүкембаев (12-0, 10КО), Абылайхан Құсайынов (8-0, 5КО), Ибрагим Ескендір де (2-0, 2КО) ортаға шығуы мүмкін, олардың бокс кешіне қатысу мәселесі жақында шешіледі.

Бокс кешінің тағы бір сыйы – Қатар королі отбасының мүшесі, шейх Фахад Халид әл-Тани де (7-0, 7КО)  жарыс көрігін қыздырады.

Екі жыл сайын өтетін WBA директорлар кеңесінің отырысы да осы күндерге жоспарланған. Ендеше, бұл да бокс әлеміндегі ерекше оқиға болатыны сөзсіз.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.