Қазақстан премьер-лигасы
10-тур
13-14 мамыр

«Шахтер» – «Ертіс» – 0:1 (Пикалкин, 90+2-автогол)

Бұл кездесуде павлодарлықтар анағұрлым басым ойнады. Ойынның 64-минутында алаңға жаңа шыққан Павел Шабалин дереу пенальти тебуге мүмкіндік алғанымен, оның соққысын қақпашы Игорь Шацкий әдемі қайтарды. Дегенмен ойынның соңғы секундтарында қорғаушы Игорь Пикалкин өз қақпашысынан серпілген допты қақпасына енгізіп алды. Бапкерін ауыстырған «Ертіс» енді еңсе түзей ме, «Шахтер» шабандай ма – әрине, бір матч бәріне жауап бере алмас, дегенмен соңғы кездері кеншілердің қадамы кері кете бастағаны жасырын емес.

«Қызылжар СҚ» – «Қайсар» – 0:0
Премьер-лиганың дебютанты өз алаңында «Қайсарды» жеңе алмады. Қызылордалықтар екі турда қарсыластарын 3:0 есептерімен ойсырата жеңіп, бабына енгендей көрініп еді. Шабуылшы Брансилав Пуношевач соққан гол есепке алынбағаны болмаса, бұл кездесуде есте қалар оқиға тым аз болды. 90-минутта «қайсарлық» Камара алаңнан қуылды.

«Тобыл» – «Қайрат» – 1:0 (Нөсербаев, 88)

«Қайрат» өткен жылдың 6 мамырынан бері премьер-лигада жеңіліс дәмін татып көрмеген еді. Осы уақыт аралығында алматылықтар 30 кездесуде қарсыластарынан ұпай иеленді:  26 кездесуде жеңді, 4 ойынды тең аяқтады. Міне, осы бір тамаша серияға арада бір жыл өткенде Қостанайда нүкте қойылды. Испан маманы Карлос Феррер тізгінін ұстағалы  «Қайрат» премьер-лигада 21 кездесу өткізіп, ешбірінде жеңіліп көрмеп еді, ол серия да аяқталды. «Тобылдың» шабуылшысы Таңат Нөсербаев ойынның соңғы минуттарында жылдам қарсы шабуылды голмен тұжырды. Ең қызығы, биыл Нөсербаев чемпионаттағы 3 голын да «джокер» есебінде, яғни алаңға ойын ортасынан шығып соғып отыр.
«Атырау» – «Астана» – 0:2 (Твумаси, 60-пенальтиден, Томасов, 64)
Мамандар да, жанкүйерлер де «Атыраудың» «Астанадан» ұпай жырып қалатынына сенімі зор болғанымен, чемпиондар бәрібір 3 ұпайды қанжығалап кетті. Ойын, негізінен, «Мұнайшы» стадионына жоспарланған еді. Бірақ алаң сапасы сын көтермейтін болғандықтан, кездесу жасанды алаңы бар «Томарлы» стадионына ауыстырылды. Шабуылшы Патрик Твумаси биылғы біріншіліктегі алтыншы голын соғып, мергендер көшінде ұзай түсті. «Астана» да «Қайраттың» Қостанайдағы сәтсіздігін пайдаланып, турнир кестесінде 5 ұпай алға озып кетті.
«Ақтөбе» – «Ақжайық» – 5:3  (Қайыров, 27, Пизелли, 41, 67, Рейналдо 45, 56 –  Басов, 73, Есеола, 75, Мане, 83)
«Ақжайық» бапкері В.Мазяр айтып өткендей, бұл күні қос команда «ашық есік күнін» жасады. Әуелі «Ақтөбе» қарымтасыз 5 гол соқса, артынша 10 минут ішінде өз қақпасына үш доп жіберді. Владимир Муханов өз командасының бабына енді еніп келе жатқанын айтты. «Біз ойын бойы басымдық танытуға әлі дайын емеспіз», – деді ол. Ақтөбе футболының түлегі Бағдат Қайыров премьер-лигадағы алғашқы голын енгізсе, бір кездесуде екі дубль жасалған биылғы алғашқы матч осы болып отыр. ФИФА шешімімен 6 ұпайынан айырылса да, «Ақтөбе» осы нәтиже арқасында соңғы сатыдан көтерілді.
«Жетісу» – «Ордабасы» – 4:2
(Бойович, 28, 45+1-пенальтиден, 64, Куклис, 79 – Джигаури, 77, 90+2)
Биыл чемпиондықтан дәмелі делінген «Ордабасы» күн санып кері кетіп бара жатыр. Өткен турда шымкенттіктер Алматыда «Қайраттан» жеңілген еді, енді Талдықорғанда ірі есеппен есе жіберді. Осылай жалғаса берсе, Г.Дерменджиевтің командасы өткен жылғы қола жүлдесін қорғай алмай қалуы да мүмкін. М.Бойович биыл премьер-лигада екінші хет-трик (біріншісінің авторы – Б.Зайнутдинов, «Астана») жасаған футболшы болды. Ал Д.Джигаури – қос доп соққан алғашқы «джокер».

Премьер-лига ойындары 19 мамырда жалғасады.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.