(қысқа қайырым)

Соңы. Басы өткен нөмірде

Ақжолтай 60-жылдар.  Бұл кезең қазақ спорт әдебиетінің   негізін қалаушылардың бірі, қабырғалы қаламгер  Сейдахмет Бердіқұлдың сөзімен айтсақ, аспаннан шұға жауған жылдар болды. Республика спортшыларының ішінде үлесі тым аз болғанына қарамастан, қазақ жастары әр саладан атойлап шыға бастады. Иә, сол тұста қазақ спортшыларының дабысы күшті, бірақ Қазақстан ұлттық құрамаларындағы үлесі өте мардымсыз болғанын нақты мысалдармен келтіре кетейік.

    1959 жыл. Совет Одағы халықтарының ІІ спартакиадасы. Қазақстаннан қатысқан спортшылар саны – 393, қазақтар – 49.

   1963 жыл. Совет Одағы халықтарының ІІІ спартакиадасы. Қазақстаннан қатысқан спортшылар саны – 428, қазақтар – 44.

1967 жыл. Совет Одағы халықтарының ІV спартакиадасы. Қазақстаннан қатысқан спортшылар саны – 510, қазақтар – 28.

     Иә, тұтас бір мемлекеттің негізін қалаушы әрі тамыры терең тарихы бар ордалы жұрттың өз топырағында осынша қорлыққа ұшырауы көзі ашық, санасы ояу азаматтардың жанына бататыны анық.  Оcыдан отыз жыл бұрынғы алапат аштықтың, жиырма жыл бұрынғы қанды қасап соғыстың жарасы жазыла қоймаса да, Алаштың намысы алмас қылыштай жарқылдаған додалы, дүрмекті жылдар еді бұл кезең. Спорт майданындағы  ардақтыларымыз арпа ішінде бір бидай болса да, әрқайсысы онға, жүзге татитын, ал Октябрь Жарылғаповтай оғланымыз мыңға айырбастамайтын дарабоз болатын. Ендеше, бүгінгі әңгімені волейболшыларға арнаймыз.

    Октябрь Жарылғапов. 50-жылдардың ортасында өзі ойнап жүріп, Қазақстан құрамасының тізгінін ұстады.    1960 жылы Октябрь Жарылғапов Қазақстан волейболшыларынан  бірінші болып Совет Одағының  ең таңдаулы 24 волейболшысының қатарына енді. Қазақстан волейболшыларынан тұңғыш «КСРО спорт шебері» атанды. Бұл жылы Алматының «Буревестнигі» Одақ чемпионатының жоғары тобында емес, бірінші тобында ойнады. Соған қарамастан, Жарылғапов Одақтағы ең үздік спортшылардың қатарына енді. Бұл дегеніңіз аса дарынды әрі өте табанды адамның ғана қолынан келетін ерлік, әрі сол  тұстағы Қазақстан волейболы үшін теңдесі жоқ табыс болатын. 1961 жылы Октябрьдің командасы  Совет Одағы чемпионатының жоғары тобына табан тіреді. 1962 жылы Октябрь Қыдырбайұлы «Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағына ие болса, оның шәкірті Жәнібек Сауранбаев маусым соңында КСРО-ның ең майталман 24 волейболшысының қатарына кірді. Октябрь Қыдырбайұлы кәсіби майталман жаттықтырушы ретінде жаттығу процесін күрделендіре түсті. Бұрын волейболшылар аптасына 3-4 рет жаттықса, енді 8-10 мәрте, тіпті 12 рет шеберлік шыңдайтын дәрежеге жетті. Жәнібек Сауранбаевтың дерегіне сүйенсек, республика волейболына бұл үдерісті ең алғаш Жарылғапов енгізген екен. Сөйтіп, Октябрьдей тарихи тұлғаның жетекшілігімен қазақ волейболының тұтас бір аңызға бергісіз  кезеңі басталды.   Октябрь Қыдырбайұлы Алматының «Буревестник» командасын баптаумен қатар, Совет Одағының жастар және екінші құрамаларын да  жаттықтырды. Октябрь Жарылғапов 1965 жылы қазақ мамандарының ең алды болып «Совет Одағының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағын алды. 1969 жылы 37 жасында өмірден озды.

    Жәнібек Сауранбаев. Октябрь Жарылғаповтың төл шәкірті. Қазақ спортшыларынан шыққан әлем чемпионатының тұңғыш жүлдегері (1966 ж.). Жәнібек Сауранбаев қазақ жастарынан әлем кубогын бірінші боп ұтып алды (1965 ж.).1967 жылы совет құрамасының сапында қазақ волейболшыларынан ең алғаш Еуропа чемпионы атанды. 1969 жылы  Алматының «Буревестнигінің»  капитаны ретінде Совет Одағының чемпионы болды. 1964 жылы Совет Одағының ұлттық құрамасына алынды. Қатарынан бірнеше жыл Одақтың ең таңдаулы 24 ойыншысының қатарында тұрды.  1970-1971 жылдары Еуропа чемпиондары кубогының  екі дүркін жеңімпазы. О.Жарылғаповтың шәкірті, кезінде Латвия, Совет Одағы құрамаларының бас бапкері  болған Геннадий Паршин: «Жәнібек досым дүниежүзіндегі ең үздік дәнекердің бірі болды», – дейді. Иә, Сауранбаевтың Одақ құрамасының дәнекері (связующий) болғаны ол кісінің интеллектуалдық деңгейінің жоғары екенін білдіреді.

Мәскеу ЦСКА-сының шақыруын қабыл алмаған Жәнібек  Токио олимпиадасынан   шет қалды. Шәкіртін Мәскеудің шақырғанын естіген  Октябрь ағасы Жәнібекке: «Ол жақ қысық көздерді бауырға тартпайды», –деген екен. «Отанымды, қазақ даласын, Жарылғаповты, туғандарымды, достарымды қиып кете алмадым. Себебі аталарымыз «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген…» – Жәнібек аға бір әңгімесінде осылай деп еді. Ағаның келесі сұхбатынан үзінді: «Во мне до сих пор сидит обида оттого, что не попал на олимпийские игры 1964 года в Токио. Я тогда прошел вместе со сборной СССР тяжелейшие 9-месячные сборы, когда нас домой отпускали на два-три дня. Хотя я проходил в команде шестым-восьмым игроком, в окончательный состав (12 человек. – Прим. автора) меня не включили по причине того, что я из Казахстана. Таким в то время был подход Москвы к периферийным республикам: сборная Союза формировалась в основном из российских, украинских и белорусских волейболистов». «Караван», 31.10. 2008.

Заңғар Жәркешев. Октябрь Жарылғаповтың төл шәкірті. 50-жылдардың екінші жартысында Совет Одағының жастар құрамасына кандидат болып тіркелді. 1961 жылы  Қазақстан волейболшыларының алдыңғы легінде спорт шебері атағын алды. 1965 жылы Октябрь Қыдырбайұлының ұсынысымен Қазақстан құрамасы және «Буревестниктің»  аға жаттықтырушысы қызметіне тағайындалды. Жәркешев баптаған  республика құрамасы 1967, 1971 жылдары Совет Одағы халықтарының спартакиадаларында  қола жүлдегер болды, «Буревестник» 1969 жылы Одақ чемпионы, 1970-1971 жылдары Еуропа чемпиондары кубогын   жеңіп алды.

Заңғар Асанханұлы қазақтың спорт тарихында бірінші болып 1966 жылы  Совет Одағы студенттер құрамасының аға жаттықтырушысы қызметіне тағайындалды. 1970 жылы Жәркешев баптаған КСРО студенттер командасы студенттердің дүниежүзілік универсиадасында күміс жүлдеге қол жеткізді. Заңғар Асанханұлы бұл құраманың тізгінін алты жыл ұстады. Жәркешев шәкірттеріне жерден өкше үзіп, ауада ілініп тұрып   пас беруді үйретті. Бұл сол тұстағы әлемдік волейбол үшін тың тәсіл болатын. Жәркешев   бірнеше маманмен бірге волейболшы-шабуылшының  шеберлігін жетілдіріп, соққысын шыңдауға қажетті станок ойлап тапты. Бұл станок  1982 жылы арнайы құжатпен заңдастырылды.

Жұмаш Махмұтов.  Октябрь Жарылғаповтың төл шәкірті. 1961 жылы  «Совет Одағының спорт шебері» атағына ие болды. Ұзақ уақыт Қазақстан құрамасы мен «Буревестник» командасының сапында ойнады. 70-жылдардың басында Алматының АДК әйелдер командасының бас жаттықтырушысы қызметіне тағайындалды. Ж.Махмұтов бұл команданы 1982 жылға дейін баптады. Осыдан бірнеше  жыл бұрын волейболдың білікті бапкері Нелли Щербаковамен әңгіме кезінде ол кісі: «Мен Жұмаш Махмұтовтың қолынан жан-жақты шыңдалған, күшті команданы қабылдап алдым. Махмұтов волейболдың қыр-сырын терең білетін мықты маман еді. Ал менің жаттықтырушы болып қалыптасуыма Жұмаш Әлібекұлы көп ықпал етті», –деген болатын.

   Марат Мәденов. Октябрь Жарылғаповтың төл шәкірті. Бірнеше жыл Қазақстан құрамасы мен «Буревестник» командасының белді шабуылшысы болды. 1965 жылы Октябрь Қыдырбайұлының ұсынысымен Қазақстан құрамасы және «Буревестниктің»  екінші жаттықтырушысы қызметіне тағайындалды.  Марат Мәденов  «Буревестниктің»  Одақ чемпионы болуына, Еуропа чемпиондарының кубогын екі рет жеңіп алуына, басқа да табысты қадамдарына зор үлес қосты.

  Еңсебек Иманғалиев. Октябрь Жарылғаповтың төл шәкірті. 1967 жылғы Совет Одағы халықтарының спартакиадасының қола жүлдегері, 1968 жылы «Буревестниктің» қатарында Одақ чемпионатының күміс медалін жеңіп алды. Көп жыл волейболдан республиканың мемлекеттік жаттықтырушысы қызметін атқарды. Еңсебектің ұлы Марат Иманғалиев 2000 жылдары Қазақстан құрамасы мен Алматының «Рахат» командасында ойнады. Марат Азияның клубтық командалар чемпионатының жеңімпазы.

Амангелді Сұлтанов. Совет Одағының жастар волейбол құрамасында ойнады. 1969 жылы Алматының «Буревестнигі»  сапында Одақ чемпионатының алтын медалін жеңіп алды. Еуропа чемпиондары  кубогының екі дүркін жеңімпазы. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

  Төленді Ахметжанов. Волейболдан 1970 жылғы Совет Одағы чемпионатының күміс жүлдегері. 1971 жылғы Еуропа чемпиондары  кубогының  жеңімпазы және Совет Одағы халықтары спартакиадасының қола жүлдегері. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Міне, қадірлі ағайын, Октябрь Жарылғапов тізгінін ұстаған волейбол саласында айналасы он-бес жылда осындай саңлақтар жарқырай шықты. Олар Совет Одағы шеңберінде қалып қоймай, халықаралық додаларда олжа салды. Жарылғаповтың қос шәкірті – Валерий Кравченко мен Олег Антропов олимпиаданың алтын тұғырына көтерілсе, А.Портной, Г.Гончаров, Н.Рагозин, В.Шапран, А.Сұлтанов секілді ойыншылар Одақ командасының қатарында ірі жарыстарда бақ сынады. Ал Алматының «Буревестнигі» 1968-1971 жылдары дүниежүзіндегі ең үздік команданың бірі болды. Ал Заңғар Жәркешев пен Геннадий Паршин волейболдан Жер шарындағы ақиық бапкерлердің қатарында тұрды. 1959, 1963 жылдары одақтық спартакиадаға қатысқан республика құрамасында алты қазақ спортшысы ойнады. Жарылғапов бұл жағынан бокс пен күрестен де озып кетті. Осы деректер Октябрь Қыдырбайұлының спортшы мен маман таңдаудағы сұңғыла қасиетін айқындаумен қатар, өзі таңдаған саланың тірлігін өрге сүйреудегі іскерлігі мен білігіне де  нақты дәлел.

Жалғасы бар

Қыдырбек Рысбек

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.