Қазақстан премьер-лигасы

12-тур. 27 мамыр

«Қызылжар» – «Ордабасы» – 1:2 (Ортиз, 17 – Диакате, 45, Тұңғышбаев, 79)

«Астана» – «Жетісу» – 3:0 (Твумаси, 26, Главина, 46-өз қақпасына, Томасов, 74) 

«Ақжайық» – «Қайсар» – 0:0

«Атырау» – «Қайрат» – 1:3 (Адениджи, 69 – Аршавин, 28, Исаель, 33, Анене, 68) 

«Шахтёр» – «Тобыл» – 0:1 (Мирошниченко,55)

«Ақтөбе» – «Ертіс» – 1:1 (Пизелли, 35 – Салами, 24)
Футболдан Қазақстан премьер-лигасының екінші айналымы басталды. «Астана» қарсыластарымен салыстырғанда екі матч артық өткізгенімен, жоғалтқан ұпай саны бойынша «Қайраттан» қалыңқы. 23 мамыр күні астаналықтар сырт алаңда «Ақжайықтан» 0:3 есебімен жеңіліп қайтқан-ды. Сондықтан негізгі қарсыластарын жақындатып алмау үшін «Астана» бұл турда қалайда үш ұпай олжалауы қажет болды. «Астана Аренада» өткен матчта чемпиондар «Жетісуды» ойсырата ұтты. Твумаси мен Томасовтың Еурокубок маусымына дайын екенін байқау қиын емес.

«Қайрат» сырт алаңда «Атырауды» еркін жеңді. Исаельдің бұрыштан тіке соққан добы айдың ең үздік голы болып танылса таңданудың қажеті жоқ. Алматылықтар кубокта да, чемпионатта да өте қарқынды ойнап келеді. Қазір жоғалтқан ұпай саны бойынша «Қайраттың» «Астананы» айналып өтуге мүмкіндігі бар.

Бас бапкер ауыстырған соң, «Ақжайық» жақсы нәтижелерге жетіп келеді. Бұл жолы оралдықтар бес ойын қатарынан жеңілмеген «Қайсардан» ұпай жырып қалды. Әзірше «Ақжайықтың» тізгінін кім ұстайтыны белгілі емес. Дегенмен бас бапкер міндетін атқарушы жергілікті маман А.Авакянц та жерге қаратпайтын сияқты.

«Ертіс» те енді еңсе көтерді. Бұл командада да жаттықтырушы ауысқан. Ресейлік Д.Кузнецов ойынды жолға қоя бастады. Бірақ ол да әзірше – бапкер міндетін атқарушы. Павлодарлықтар сапында шабуылшы Ф.Салами нәтижелі ойын көрсете бастады. Ол соңғы үш кездесуде (кубокты қосқанда) алаңнан допсыз кеткен жоқ.

«Тобыл» биыл мықты командаға айналған секілді. «Қайратты» шалған соң, қостанайлықтар кубокта сүрініп қалды. Алайда премьер-лигада қазірдің өзінде ізіндегі «Ордабасыдан» алты ұпай алға кетті. «Астана» мен «Қайраттың» арасына сыналап кіре алмаса да, В.Никитенко шәкірттері қола жүлдені ешкімге бермейтін сияқты.

13-тур ойындары бейсенбі, 31 мамыр күні өтеді.

Турнир кестесі:

О Ұ Т Ж Д Ұп

  1. «Астана» 14 11 1 2 29:8 34
  2. «Қайрат» 12 9 2 1 25:8 29
  3. «Тобыл» 12 8 1 3 12:9 25
  4. «Ордабасы» 12 3 1 5 15:17 19
  5. «Ақжайық» 13 4 5 4 18:18 17
  6. «Ертіс» 12 4 2 6 14:16 14
  7. «Шахтер» 12 3 4 5 8:13 13
  8. «Қайсар» 12 2 6 4 8:9 12
  9. «Жетісу» 12 3 2 7 10:18 11
  10. «Ақтөбе» 12 3 5 4 16:17 8*
  11. «Атырау» 12 1 5 6 8:16
  12. «Қызылжар» 13 2 2 9 9:23 8
  • «Ақтөбенің» 6 ұпайы шегерілген.

Мергендер: А.Есеола («Ақжайық») – 8, П.Твумаси, М.Томасов («Астана») – 6, А.Аршавин, Исаель («Қайрат») – 5

 

Басқа командалардан – төрт футболшы ғана

Қазақстан құрамасының бас бапкері Станимир Стойлов 5 маусымда «Астана Аренада» өтетін Қазақстан – Әзірбайжан жолдастық кездесуіне дайындалатын 24 футболшының тізімін жариялады. Тізімнің негізі – «Қайрат» пен «Астананың» ойыншылары. Басқа төрт командадан ғана футболшылар шақырылған.

Қақпашылар: Ненад Ерич («Астана»), Владимир Плотников («Қайрат»);

Қорғаушылар: Сергей Малый, Юрий Логвиненко, Дмитрий Шомко, Евгений Постников, Абзал Бейсебеков (бәрі «Астанадан»), Ғафуржан Сүйімбаев, Станислав Лунин, Ян Вороговский, Нұралы Әліп (бәрі «Қайраттан»);

Жартылай қорғаушылар: Серікжан Мұжықов, Бақтияр Зайнутдинов («Астана»), Бауыржан Исламхан, Магомед Парагульгов, Исламбек Қуат, Георгий Жуков (бәрі «Қайраттан»), Максим Федин («Тобыл»), Еркебұлан Тұңғышбаев («Ордабасы»);

Шабуылшылар: Роман Муртазаев, Алексей Щеткин («Астана»), Вячеслав Швырев («Қайрат»), Бауыржан Тұрысбек («Тобыл»), Еркебұлан Сейдахмет («Уфа», Ресей).

Байқағанымыздай, Стойлов мырза құраманың негізі болатын футболшыларды нақты анықтай бастаған сияқты. Қақпашылардан Ерич пен Плотников мұның алдындағы жиынға да шақырылды, екеуі де алаңға шықты. Бірақ премьер-лигада Плотников енді ғана негізгі құрамға ілінді, ал Ерич жақында ғана жарақатынан айықты.

Қорғаушылар ішінде жаңа есім мүлде жоқ. Дегенмен Стойлов бұл жолы да Вороговский мен Әліпке мүмкіндік берер болса, құраманың қорғанысындағы болашақ қамалдар деп осы екеуін қарастыра беруге болатын сияқты. «Қайраттық» Ахметов жарақат алып қалды. Енді екі-үш айдан кейін ғана алаңнан төбе көрсетуі ықтимал. Бұрынғы тізімдегілерден жоқ футболшы сол ғана.

Жартылай қорғаныс та үйреншікті шеберлерден жасақталған. Бірақ соңғы турларда Зайнутдинов «Астананың» негізгі құрамына іліне алмай жүр. Мұжықов біраз үзілістен соң оралды. Парагульгов пен Жуков та, тіпті Исламхан да «Қайраттың» негізгі құрамынан жиі орын тауып жүрген жоқ.

Шабуыл шебіне Б.Тұрысбектің оралуы да дұрыс қадам секілді көрінеді. Естеріңізде болса, Венгрияға сапар алдында Стойлов осы футболшы жайлы қойылған сұраққа: «Мүмкін, ол сіздің жақсы танысыңыз шығар. Бірақ әзірше құрама футболшысы емес», – деп жауап берген-ді. Арада өткен екі айдан астам уақыт ішінде Бауыржан «Тобылдың» таптырмас ойыншысына айнала алған секілді. Ол үш жеңіс голын соқты. Ал «Қайраттың» жас шабуылшысы В.Швырев кубок ойындарында назар аударғаны күмәнсіз. Сейдахмет әзірше жарақатынан толық айыққан жоқ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.