Дәстүрлі «Джиро д’Италия» көпкүндігі биыл Рим қаласында мәреге жетті. Израильде алғашқы үш кезеңі өткен дода биыл да қызыққа толы болды.

«Астана» командасы «Италия көпкүндігін» тамаша табыспен аяқтады.

Бес кезеңнен кейін австралиялық Деннис Роан көш бастап тұрса да, оны ешкім басты фаворит санаған жоқ. Бұдан кейін «Митчелтон-Скотт» командасының шабандозы Адам Йейтс 15 кезең бойы тізгінді ешкімге берген жоқ. Дегенмен оны Том Дюмолен, Крис Фрум, Доменико Поццовиво сияқты мықтылар өкшелеп келе жатты. Тау кезеңдерінде осылардың бірі шешуші шабуыл жасайтыны белгілі еді. Айтқандай, «Скай» командасының серкесі Фрум 19-турда тәуекелге тым ерте бел байлады. Ол мәреге 80 шақырым қалғанда шабуылға көшіп, Колле делле Финестре биігінен түсер тұста алға озып кетті. Йейтс бұл шабуылға мүлде дайын болмай шықты. Ол бірден 30 минут жоғалтып, үздік ондықтан да шеттеп қалды. Бұдан кейін Йейтс алға ұмтылған жоқ.

Фрумның бас жүлдені ешкімге бермейтіні белгілі болған соң, Дюмолен екінші сатыны сақтап қалуға тырысты. Ал үшінші орын үшін майдан соңғы кезеңдерге дейін жүрді. «Астана» командасы ұзақ уақыт бойы алғашқы ондықта Пельо Бильбаоны ұстап келсе, бірте-бірте Мигель Анхель Лопесті ширата берді. 20-кезеңде Сузы қаласынан Червиноға дейінгі 214 шақырымда Лопес ер қайратына мінді. «Астана» командасы қарқынды арттыра түсіп, қоладан үміткер Поццовиво мен Тибо Пиноны шаршатуға тырысты. Бұл тактика жемісін берді. Пино жолда сыпырылып қалды, ал Поццовиво мәреге Лопестен кейін жетті. Сөйтіп, достық кезеңі алдында Лопес үшінші орынға көтерілді. Оның бұл табысының қосар астары да бар еді. Үздік жас шабандозға берілетін ақ жейдеге Лопес пен «мовистарлық» Ричард Карапас таласып келе жатқан-ды. Лопес оны да жолда қалдырып, жарыс қорытындысында ең үздік жас шабандоз атанды.

  • Мен алғашқы метрден соңғысына дейін күрестім. Жарыс бойы қатты қолдап, көмек берген командаластарыма алғысым шексіз. Бұл бәйгеге қосылған кезде алғашқы бестікке ену мен ақ жейде үшін күресуді басты мақсат етіп қойған едім. Күткеннен де жақсы өнер көрсеткеніме қуаныштымын, – деді Лопес.

Ол өз спорттық ғұмырында тұңғыш рет суперкөпкүндіктердің тұғырына көтеріліп отыр.

«Астана» шабандоздары 2015 жылдан кейін араға үш жыл салып «Джиро» жүлдегерлері қатарына енді. Сол жылы Ф.Ару – екінші, М.Ланда үшінші орын жеңіп алған еді.

К.Фрум гранд-турлардың үшіншісінде де жеңіске қол жеткізді. Ол бұған дейін «Тур де Франста» – төрт рет (2013, 2015, 2016, 2017), «Вуэльтада» бір рет (2017) жеңімпаз атанған болатын.

«Астана» командасы биылғы «Джироны» командалық сында екінші орында аяқтады.

Жалпы есеп:

  1. Кристофер Фрум («Скай») – 89:02:39
  2. Том Дюмолен («Сануеб») – 0,49 секунд артта қалды
  3. Мигель Анхель Лопес («Астана») – 4:57 минут
  4. Пельо Бильбао («Астана») – 11:50 минут
  5. Луис Леон Санчес («Астана») – 1:23:11
  6. Ян Хирт («Астана») – 2:26:47
  7. Андрей Зейц («Астана») – 3:13:51
  8. Давиде Вилелла («Астана») – 3:19:53
  9. Алексей Луценко («Астана») – 4:04:11
Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.