Елдос Токиоға сапарын бастады

273

Қытайдың Хух-Хото қаласында дзюдодан  әлемдік гран-при кезеңі мәреге жетті. Бұл 2020 жылғы Токио олимпиадасына жолдама таратуды бастайтын алғашқы жарыс болғандықтан, Қазақстан құрамасы жақсы өнер көрсетуге тырысты. Айдын Самғұлов бұл сынға 13 балуанды бастап барды. Олар – Елдос Сметов (60 келі), Ғұсман Қырғызбаев(60 ), Ерлан Серікжанов (66), Елдос Жұмақанов (66), Жансай Смағұлов (73), Бекәділ Шаймерденов (73), Дидар Хамза (81), Әзиз Қалқаманұлы (81), Ислам Бозбаев (-90), Виктор Демьяненко (-100), Айбек Серікбаев (-100), Санжар Жаббаров (+100), Ерасыл Қажыбаев (+100).

Осы балуандар арасында 60 келіде татамиге шыққан отандастарымыз ерледі.

Елдос Сметов алғашқы белдесуінде жапон Юма Ошиманы қосымша уақытта – («голден скор») вазари ұпайымен, екінші айналымда ресейлік Роберт Мшвидобадзені уақытынан бұрын таза жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда Бразилия дзюдошысы Пелим Фелипені иппон ұпайымен ұтып, финалға шықты. Ал Ғұсман Қырғызбаев финалға дейін жеңіліссіз үш кездесу өткізді. Ол алғашқы белдесуінде солтүстіккореялық Пае Доң Жоңды иппонмен жеңсе, екінші белдесуінде моңғолиялық Ганбад Болдбаатарды ұтып, жартылай финалға жолдама алды. Бұл кезеңде Ғұсман Амартувшин Дашдавааны (Моңғолия) уақытынан бұрын иппон ұпайымен жеңді. Шешуші белдесуде кездескен қос қазақ балуаны осылайша Токио татамиіне бастайтын даңғыл жолға түсті. Финалда Сметов Қырғызбаевтан басымдық танытты.

66 келіге дейінгі салмақта татамиге шыққан Елдос Жұмақанов ел қоржынына қола медаль салды. Ол бес кездесу өткізіп, тек біреуінде, ширек финалда германиялық Себастьян Сейдльге есе жіберді. Ал жұбаныш белдесуінде Елдос өзбек Абдулла Әбдужәлиловті вазари ұпайымен жеңіп, қола жүлдені жеңіп алды.

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.