Қызылорда облысына қарасты Қазалы кентінің тұрғыны Нұрсұлу НҰРЫМОВА баспана зардабын тартып жүр. Төрт балалы ана осы уақытқа дейін кент орталығынан үй жалдап тұрып келіпті. Бірақ еш ескертусіз келген пәтер иесі көпбалалы отбасыны бір-ақ күнде далаға қуып шыққан.

"Сахнадағы" сұрқай өмір

«Әрең дегенде, заттарымызды жинап үлгердік. Үй иесі баспанасын сататын болыпты. Уақыт бере тұр дегенімізге қарамады. Аудан орталығынан жалдамалы пәтер іздеп, табанымызды тоздырдық. Бірақ ештеңе табылмады. Бірінші күйеуім қайтыс болған. Екінші рет тұрмысқа шыққан едім, бірақ ол азаматпен ажырасуыма тура келді. Балама қарайтын адам болмаған соң, жұмысқа да шыға алмай отырмын», — дейді Нұрсұлу Нұрымова.

Нұрсұлудың анасы Қазалыдағы орталық алаңда қарапайым жұмысшы болып еңбек етеді. Баласының жағдайына күйінген ол қызы мен немересін алаңдағы сахнаның ішіне орналастырыпты. Ұядай бір бөлмені мекен еткен отбасының бұлайша тұруына жергілікті атқамінерлер қарсылық та білдіріпті.

"Сахнадағы" сұрқай өмір

«Менің баратын жерім жоқ. Балаларыммен далада түнеуім ғана қалды. Төркінім 3 бөлмелі үйде тұрады. Өздері әрең сыйып отыр. Амал жоқ сахнаның ішіндегі 1 бөлмені паналауға мәжбүрмін. Ішінде не жарығы, не жылуы жоқ. Бір жасар ұлым туылғаннан бронхосы ауырады. Ыстық тамақ ішпеген балаларымның денсаулығы да сыр беріп жүр. Бөлмедегі кереуетке балаларымды жатқызып, өзім бетон еденде ұйықтап жүрмін», — дейді көпбалалы ана.

Осылайша күн кешіп жүрген ана аудан әкімінен көмек сұрап та барған екен. Бірақ, Мұрат ЕРГЕШБАЕВ кент әкіміне сілтеумен шектелген. «Мен бір доп сияқтымын. Жан-жаққа сілтеумен отыр. Әкімшіліктегілер тек құрғақ уәде беріп, шығарып салғандарына мәз. Мен өзім үшін емес, балаларым үшін қиналамын», — дейді Нұрсұлу.

Көп балалы ананың мәселесіне қатысты Қазалы қаласы әкімінің міндетін атқарушы Өркен ӨТЕГЕНОВПЕН  zhasalash.kz  тілшісі сөйлесті.  Қызылордалық шенеунік проблеманы ұзақ созбай шешілетінін айтты.

"Сахнадағы" сұрқай өмір

«Нұрсұлу Нұрымованың отбасы ұдайы әкімшіліктің назарында. Қыстың күндері көмір мен азық – түлікпен көмектескен болатынбыз. Бұл кісілерді қаладағы бұрынғы мектеп ғимаратына орналастыруды жоспарлап отыр. Ішіне жөндеу жұмыстарын жүргізуге көмектесетін боламыз», — деді шенеунік.

Нұрсұлу Нұрымова болса шенеуніктердің сөзіне нанбайды. Қасиетті ораза айында жомарт жандар қарасса екен дейді.

«Мен жергілікті әкімдіктегілерден күдерімді үздім. Маған жомарт жандар қолдау білдірсе екен деймін. Осылайша, баспана тауқыметін тартып жүргенім балаларыма қиындық тудыруда», — дейді қызылордалық келіншек.

Фотолар автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.