2017 жылдың соңында Рига қаласында қайтыс болған Асылбек Мусин әу бастан  «құраншы» болған жоқ. Ол да мен сияқты талай рет трансформациядан өткен адам.

Асылбекпен Сирияның астанасы Шам (Дамаск) қаласында таныстым. Бұл кезде мен Халилмен әлі кетіспегенмін, араб тілінен білімімді жетілдіру үшін Шам қаласына барған едім. Бірде біздің курста оқитын өзбек жігіт менің Атырау- дан келгенімді білген соң, осындағы «Нұр» институтында оқитын Асылбек есімді жерлесім барын айтты. Айтуынша, кітапты көп оқитын, дін жөнінде өзіндік ерекше пікірі бар, Орталық Азиядан Шамға оқуға барған студенттерге ұлтына қарамай қамқор болып жүретін ақкөңіл азамат екен.

Асылбекпен Шам қаласының орталығындағы мешітте жұма намазынан кейін ұшырастым. Алғашқы таныстықтан кейін оның Атырау облысының әкімі болған, кейін ҚР Президенті Әкімшілігін басқарған Асылан Мусиннің үлкен ұлы екенін білдім. Асылбектің бір жақсы мінезі – онда кейбір жоғарғы лауазымды шенеуніктердің балалары сияқты менмендік жоқ, жасы үлкен немесе кіші деп ешкімді бөліп-жармайды, бәрімен тең дәрежеде сөйлесетін еді. Ол мені Шам қаласының қақ ортасынан жалға алған үйіне ертіп барды. Кітап арқылы ежелгі грек философтарына тән тәлім алған Асылбек өзара дебат кезінде позициясын жақсы қорғайды. Кейбір мәселеде оның пікірімен келіспей қаламын. Мұндай  кезде  ол,  кейбір  дін  идеологтары  сияқты,  өзінің  пікірін біреуге таңбайды, тықпаламайды, бейтарап болуға  тырысады. Оның әңгімесінен әлем философтарының шығармалары мен діндер тарихын жетік білетіні, саяси процестерді жіті қадағалап отыратыны байқалды.

Шамда мен тұратын жатақ қала орталығынан алыста еді. Асылбекпен дін, саясат мәселесін талқылауға құштар болатынмын. Сондықтан таң намазын Асылбекпен бірге оқуды қалап, оның үйінің қасындағы мешітке  жету үшін таң атпай ерте тұрып, қала шетіндегі өзімнің жатағымнан бір сағаттан астам жол жүріп келетінмін. Намаздан кейін біршама уақыт әңгіме-дүкен құрамыз. Асылбектің айтуынша, оны намазға жығып, кейін сәләфилік көзқарасқа бағыттаған  – Ақтөбе облысындағы Бештамақ ауылының (əкесі Асылан Мусиннің туған жері)  Бауыржан есімді имамы (Саудиядағы Мәдина университетінің түлегі). Бұдан соң Қазақстандағы сәләфилік жолдың уағызшылары Сауд Арабиясындағы жақтастары арқылы Асылбекті  Мәдина университетіне бағыттайды. Тіпті, оның оқуға емтихансыз қабылдануын да қамдап қояды.  Осы кезде ол Атырау қаласында өткен бір конференцияда Құранды орыс тіліне аударған Валерия (Иман) Пороховамен жүздесіп, дін мәселесі бойынша пікірлеседі. Порохова Асылбекке Мәдинаға асықпауға, араб тілін жетік меңгеріп, исламға қатысты мол әдебиетті түгел сүзгіден өткізіп барып шешім қабылдауға кеңес береді. Асылбектің Мәдинаға жетпей, Шамда қалып қоюының  тағы бір себебі Иман Порохованың күйеуінің сириялық болуы да әсер еткен сықылды.

Асылбек Мусин таза сәләфилік көзқарастан ауытқыған соң, «ихуаншы» болғанын атап өту керек. Бұл идеология негізінде   мысырлық  шейх  Хасан  әл-Банна  «Мұсылман  бауырлары» қозғалысын құрған. Исламның сунниттік бағытына сүйенетін бұл  ұйымның панисламизммен астасқан әсіре саясиланған қозғалыс болып қалыптасқаны тарихтан белгілі. Асылбек Мусин  ихуандардың  «ислам социализмін» көздейтін «салауаттылар» деп аталатын тармағы идеясын қош көретін, Хасан әл-Банна мен Саид Кутбтың ілімін  негізге  алатын.  Бірақ  Асылбек  таза  дін  мен  діни идеологияның аражігін бөліп, дінді философия арқылы, діни идеологияны саясаттану бойынша түсінуге бейім болды. Ол осы екі приз- мадан қарап, ақиқатты анықтағысы келетін кез келген адаммен кездесіп, пікірлесуден жалықпайтын. Тіпті, сондай адам табылып жатса, қатты қуанушы еді.

Асылбек Сириядан елге менен бұрын қайтты. Қоштасар сәтте Атырауға келген соң міндетті түрде хабарласуымды өтінген. Мен солай жасадым да. Бұл кезде Асылбектің идеясын қолдайтындар оның маңына топтасып қалыпты. Олардың біразы лауазымды шенеуніктердің балалары мен кәсіпкерлер – көбіне күйбең тіршіліктегі проблемаларды талқылауға бейім тұрады. Ал Асылбек – басымен идеяға берілген  адам.  Ол  руханиятқа  жақын  мәселені  бірлесіп талқылауға мұқтаж болды. Бір кездері оның «саяси ислам» теориясының авторы Гейдар Джемальды ұстаз тұтып, соның ықпалына түскені бар.

Асылбек ылғи ізденісте жүрді. Мен оның талай діндар уағызшымен, білікті саясаттанушылармен, мемлекет және қоғам қайраткерлерімен кездесіп, дебат жасауына мұрындық болдым. Асылбек  кез келген пікірталаста оппонентіне дес бермейтін, әрдайым оның сөзі дәлелді әрі аргументі мығым шығатын.  Мен де Асылбекпен пікірсайысқа түсетін мықтыны іздеумен болдым. Мұндай кездесу, бір жағынан, мен үшін қызық, екіншіден, оппоненттердің жарыссөзінен өзіме ақиқат іздеймін.

Мен қазақ тілді ортада өскен соң, қазақ қоғамында болып  жатқан  процестерден  хабардар  болдым.  Осы  кезеңде Түркиядан ата жұртына  қоныс аударған Мұртаза Бұлұтай қазақ қоғамына таныла бастаған. Сонымен әңгімелесу үшін Алматыға келіп, Мұртаза екеуіміз бір-екі сағат «Рамстор» дүкеніндегі оның офисінде пікір алмастық. Мұсылмандардың, мұсылман мемлекеттердің әлемдік өркениет дамуына ілесе алмай мешеу қалғанына, кейбір елдердің ортағасырлық әдеп-ғұрыптың қараңғылығына батып, жол таппай адасып, сіңірі шыққан кедейдің өмірін сүріп жатқанына қынжылыс білдірдік. Мұның себебін Мұртаза Бұлұтай мұсылман қауымның Құдайдың сөзін – Құранды артқа (сыртқа) тастап, «Құдайдан басқа құдай жоқ» деген басты принципті ұмытып, өз ақылын қосып ойланбауы, ойдан шығарылған хадис- терді басшылыққа алған пендеуи шейхтар мен пірлердің жетегінде кетуі кезінде ғылым мен білім арқылы әлемді таңқалдырған ислам өркениетін қараңғылыққа сүңгітіп жіберуімен түсіндірді.

Әңгіме барысында Мұртаза Бұлұтай шаһаданы бірнеше мәрте айтқанымен, «Құдайдан басқа құдай жоқ»  сөзіне «Мұхаммед Оның (Құдайдың) елшісі» деп тіркеген жоқ. Оның  әрекеті Мұхаммед пайғамбардың өмірі мен жасаған ісін үлгі етіп көрсететін хадистерді жоққа шығарумен үйлесім тауып жатты. Мұртаза Бұлұтайдың бұл пікірі маған қатты ой салды. Сирияда оқып жүрген кезде маған ежелгі араб тілімен айналысқан бір ғалым «мұхаммед» сөзі о баста «сенуші», «иманға келуші» деген мағына беретінін айтқаны бар. Олай болса, шаһада «Құдайдан басқа құдай жоқ», ал осы принципті сақтайтын немесе осы сөзге сенетін адам Құдайдың елшісі, Құдайдың сөзін басқаларға жеткізуші болып шықпай ма?! Бұлайша тәпсірлеу исламда Құдайға серік қосуға, әлдебіреуді авторитет көріп, соңында оған көзсіз табынып, құлы болып кетуге жол бермейді. «Құдайдан басқа құдай жоқ» деп қысқа қайыру адамның ой еркіндігіне жол ашып, Жаратушының ерекше сыйын – ақылын барынша сарқа пайдалануға ынталандырады.

Мұртазаның айтуынша, дін деген нәрсе Құдай және Оның сөзі (Құран), мұны адам ақылмен қабылдауы тиіс. Ал басқа нәрселер – хадис, мазхаб, тариқат, сәләфизм, суфизм және т.б. – мұның бәрі саяси мақсатты көздеген идеология ғана.  Дінді жамылғы қылып, халықты ортағасырға тән қараңғылыққа, экстремизм мен терроризмге итермелеп отырған да осы…

Алматыдан оралған соң, Мұртаза Бұлұтайдың дін мәселесі жөніндегі пікірін Асылбекке айттым. Бұл кезде Асылбек Ақтөбе қаласында тұратын, ол мүмкіндігінше Мұртазамен кездесуді осы қалада ұйымдастыруды өтінді. Мұртаза Бұлұтайға хабарласып едім, ол жазушы Тұрсынбек Кәкішев екеуі жақын күндері Ресейдің Қазақстанмен шекаралас облыстарының біріне сапарлағалы отырғанын айтты. Мен одан жолай Ақтөбеде жарты күн аялдауын өтініп сұрадым.

Асылбек пен Мұртазаның кездесуі 3-4 сағатқа созылды. Жеті-сегіз тілде жатық сөйлейтін, экономика, халықаралық құқық, саясаттану мен әлемдік діндер тарихын егжей-тег- жейлі зерттеген Мұртаза Бұлұтай Асылбек Мусинмен болған пікірталаста кемшін түскен жоқ. Жастайынан Түркиядағы сопылық тарихаттарда талай жыл мүрид болып, сәләфилік ағымдармен етене араласып, олардың қыр-сырын ішінен білетін, Еуропада білім алған ол өз ұстанымын анық жеткізді және оны дәлелмен қорғай білді.  Ол дін мен діни идеологияның аражігін қолмен бөлгендей ашып берді, ислам әлемінің тоқырау мен қараңғылықтан шыға алмауының себебін айтып, рухани кеселдің диагнозын дәл қойды. Кездесу соңында Асылбектің Мұртазаны жек көріп, шыдамы таусылып, ызалана бастағаны байқалды. Бірақ ол алыстан келген қонақтан ашуын жасыруға тырысты. Ал Асылбектің жақтастары мен достары Мұртаза Бұлұтайға кектеніп, «Исмаил, мына бәлені қайдан тауып келдің?» деп мені кінәлап жатты. Сол кезде мен де пікір таластырған екеудің қайсысын қолдап, кімге ренжитінімді білмей, әрі-сәрі күй кешіп тосырқап қалған едім. Асылбек те апта бойы жақ ашпай, ешкіммен сөйлесуге құлқы болмады. Бір күні ол мені өзіне шақырып:  «Исмаил, ол ақиқатты айтты. Мұртазанікі – дұрыс, біз осы бағытпен жүруіміз керек»,  – деді…

Мен тездетіп «Ізгі амал» қоғамдық бірлестігін құрып,  оны Әділет министрлігіне тіркеттім, мен  – бірлестіктің төрағасы, Талғат Есенқұлов атқарушы директоры болды. Жоспар бойынша біз басқа қоғамдық ұйымдармен байланыс орнатып, нақты шаруамен шұғылдандық. Ал Асылбек ұйымның басқа мүшелерімен бірлесіп «Ізгі амалдың» басшылыққа алатын идеясына теориялық негіздеме жасаумен айналысты. Біз өзімізді «Құдайға ғана мойынсұнып, Құранды ақылмен ғана басшылыққа алатын «рационал монотеистерміз» деп жарияладық. Бірақ сол мезетте-ақ басқалар бізді «құраншылар» деп атай бастады.

Асылбек анализ жасаудың қас шебері еді. Ол  Құранның есігі әрі темірқазығы саналатын Фатиха сүресінің 7-аяты о бастан дұрыс тәпсірленбегені, саяси мүдделі топтардың қолжаулығына айналғаны жөнінде соны пікір қорытты. Хадис- терге сүйенген  барлық мазхабтар мен тариқаттардың бәрі ондағы «ашуға ұшырағандарды» – иудейлер, ал «адасқандарды» – христиандар деп санайды. Осы тәпсір мұсылмандар мен еврейлер, мұсылмандар мен христиандар арасындағы аяусыз қантөгіске ғасырлар бойы идеологиялық дем беріп келеді. Таяу Шығыстағы  конфессияаралық қақтығыс- ты қоздырып отырған – осы тәпсір. Құранда «ашуға ұшырағандар» мен «адасқандардың» ұлты яки нәсілі нақтыланбаған. Солай болса да, мұсылман дінбасыларының бәрі әлгі хадиске имандай сенеді. Мұндай жағдайда әлемдегі дінбасыларды бір үстелдің басына жинап,  Діндер съезін өткізіп, конфессияаралық түсіністік табуға бола ма?!

«Құдай неге адамзатқа  бір емес, бірнеше пайғамбар жіберді?»  деген  сұрақ  маған  бұрыннан  маза  бермейтін. Құдайды бір деп білген, Құдайдың бірлігіне иман келтірген Ибрагим пайғамбардан кейін де кітап ала келген үш пайғамбар болыпты. Мұса пайғамбар мен Иса пайғамбардың көзінің тірісінде-ақ қауымның олардың жол сілтеуіне көнбей, адасқанын дін тарихынан білеміз. Одан кейін тұтас әрі аяқталған Құран түсті. Мұхаммед пайғамбар халықты осы Ақиқатқа шақырды. Мұхаммед пайғамбар өмірден өткен соң, оның атын жамылып айтылатын мыңдаған хадис шықты.  Егер Құран – Жаратушының тұтас әрі аяқталған Кітабы болса, онда оны тәпсірлеудің қажеті қанша?!  Сондай тәпсірлердің нәтижесінде әр кезеңде саяси мүддені көздеген түрлі ағымдар пайда болды. Суннизм-шиизмнің, мазхабтардың, сәләфизм, уаххабизм, тәкпіршілер сияқты, әсіре радикал ағымдардың саяси көзқарас қайшылығынан туындағанын білеміз. Сопылық тариқаттар да әлеуметтік-сословиелік жіктелудің нәтижесінде пайда болған ұйымдар. Олай болса, олардың идеологиясын қалайша ақиқат ретінде қабылдаймыз?! Ақиқатты артқа тастап, дінді өз мүддесіне, бас пайдасына ыңғайлап алғандар Фатиха сүресінде айтылған «адасқандар» мен «ашуға ұшырағандар» емес пе?! Неге біз «адасқандар» мен «ашуға ұшырағандарды» Мұса пайғамбар мен Иса пайғамбардың қауымынан немесе басқа жақтан іздеуміз керек?!

Осы сұрақтың шырмауынан шыға алмаған мен сол кездегі ҚМДБ төрағасы Әбсаттар Дербісәліге бардым. Одан қазақ қоғамын жегідей жеп бара жатқан сәләфизм идеяларының тарауына қандай да бір шара жасауын сұрап, ҚМДБ атынан арнайы пәтуа шығаруын өтіндім.

Ол бұл мәселенің өте қиын екенін, бұл шаруа қолынан келмейтінін айтты. Айтуынша, Абай Құнанбаевты қазақ қоғамында қалай құрмет тұтса, ислам ғұламасы  Ибн Таймимидің ізбасары саналатын Мұхаммед Абдулуаххабты (діндегі сәләфилік көзқарасты жүйелеп, уаххабизмнің негізін салушы) араб елдерінде, әсіресе Сауд Арабиясында солайша құрметтейді. Сәләфизм  – Сауд Арабиясының ресми діні. Ал ҚМДБ  – Қазақстанның дін мәселесі бойынша халықаралық аренадағы өкілетті органы іспетті ұйым. Оның үстіне, қажылық және басқа да діни жоралғылар бойынша ҚМДБ Сауд Арабиясымен тығыз жұмыс жасайды… Халықаралық саясат жөнінде шұбыртпалы әңгіме соңында Әбсаттар Дербісәлі: «Исмаил, «Ізгі амал» да ҚМДБ-мен тең құқылы қоғамдық ұйым. Сәләфизммен және басқа да радикалдармен сендер күресе беріңдер, мені қолдайды деп есептеңдер», – деді.

«Ізгі амал» бірлестігіне топтасқан рационал монотеистер  Құдай мен Құранды ғана дін деп мойындағанымен, олардың ішінде Ақиқатты анықтаудың методологиясы бойынша көзқарас қайшылығы болды. Асылбек Мусин қасиетті кітаптарға анализ жасап, «Қадыр түні», «қажылық», «бес уақ намаз (салят)», «жиһад», «оразаға» жаңаша түсінік берді. Мысалы, «қажылық» – Ақиқат жөнінде пікір таластыратын диспут, оны диспут жасауға ыңғайлы кез келген жерде өткізуге болады. Ал осы ғаламның Жаратушысына иман келтіріп, оған салауат айту (салят) Құран бойынша «таң атқаннан кеш батқанға дейін және осы екі аралықта» үздіксіз жүреді және құлшылық адам ақылынан тысқары болмауы тиіс.

Қазақстандық «құраншылардың» ең алғашқы «қажы-лығы» Атырау қаласында өтті. Оған Ресейдегі рационал монотеистердің көрнекті өкілі Тауфик Ибрагим мен «Пора понимать Коран» кітабының авторы Юрий Михайлов келді. Осыдан кейін «Ізгі амал» халықаралық ұйымдармен байланыс орнату бағытында біраз жұмыс жасады. Бірлестіктің лидерлері 2009 жылы Доха қаласында өткен «Болашақтағы мұсылман лидерлері» конференциясына арнайы шақырылған делегат ретінде қатысты. «Ізгі амалдың» ұйымдастыруымен Орынбор, Санкт-Петербург, Омбы, Одесса қалаларында өткен «қажылық» христиан, иудей және басқа да конфессиялар ішіндегі рационалистердің басын қосты.

Бірлестік төрағасы ретінде мен халықаралық әріптес- тікке қарсы болғаным  жоқ. Тіпті, қазақстандық «құраншылардың» бастамасы христиан дінін реформалаған протестантизмге ұқсап бара жатқанына іштей қуанатынмын. Халықаралық әріптестік аясында озық реформаның әдіс- терін батыстан ғана үйренуге болатынын толық сезіндім. Бірақ дінге қажетті реформа бірінші кезекте әрісі мұсылман қауымында, берісі қазақ қоғамы арқылы жүруге тиіс деген пікірде болдым. Себебі мені Қазақстандағы діни ахуал қатты толғандырды. Сондықтан  саясаттанушы Нұрлан Ерімбетовтың «Айт-парк» пікірлесу клубтарымен бірлесіп  жұмыс  істеуге  мүдделі  болдық.  Рационал  моно- теизм идеясын Қазақстандағы ақпарат құралдары арқылы насихаттауға тырыстық.

Ең қиын дебатқа Асылбекті салатынбыз. Ол тіпті кезінде өзіне ұстаз санаған Гейдар Джемальмен болған пікірсайыста басым түсті. Дін, өркениет, саясат мәселесіндегі өзекті сұрақтың ешбірін жауапсыз қалдырмады. Аргумент таппай қиналған Гейдар Джемаль қазақстандық «құраншыларды» батыстың, АҚШ-тың саяси жобасы деп айыптап, әңгімені басқа жаққа бұрып, бұлталаңға салудан басқа ештеңе ойлап таба алмады.

Қазақстандық «құраншыларды» бөлініп-жарылуға апарған көзқарас қайшылығының туындауына сыртқы фактордың ерекше әсері болғанын жасыра алмаймын. Алатаудың бөктерінде үш күнге созылған «қажылыққа» алыс-жақын шетелден біраз қонақ келді, Қазақстаннан да көптеген дінтанушылар, саясаттанушылар, жалпы руханият мәселесі толғандыратын қайраткерлер қатысты. Осы жиында Асылбек Мусиннің ең жақын достары Едип Юксель мен Гершом Кипрсичидің қасиетті кітаптардың дәлелі жөніндегі методологиясы Мұртаза Бұлұтай тарапынан қатты сынға ұшырады. Бұл кезде Асылбек те «Құран – Құдайдың сөзі» деген басы ашық ақиқатты «19-дың коды» атты математикалық әдіспен дәлелдеуге әуестеніп кеткен.

«Құранның математикалық кодын» («19-дың коды») алғаш рет жүйелеген – Египетте туып, АҚШ-та өмір сүрген биохимик Рашад Халифа (1935–1990) болатын. Цифрология мен нумерологияның  тереңіне сүңгіп кету христиандар мен иудейлер арасында бар. Тіпті, ақиқат іздеудің осы методологиясының кесірінен иррационализмге апарып тірейтін Каббала сияқты діни-мистикалық және эзотерикалық ағымдар туды. Ал Мұртаза Бұлұтайдың пікірін қолдаушы «құраншылар» Құдай мен Құранды абсолюттік ақиқат ретінде қабылдап, оның дәлелін іздеуді бос әурешілік деп білді.

«19-дың коды» «Ізгі амал» бірлестігінің мүшелері арасында да алауыздық тудырды. Құдайдың адамға жасаған ең үлкен сыйын – ақылды пайдалану міндетін, Ақиқатты ақыл арқылы тануды, бәрі қамтылған, толық әрі анық баяндалған Құранды басшылыққа алуды темірқазық деп түсіндік. Ақиқатты іздеудің ең үздік жолы ғылым мен философия екенін, әр нәрсеге сын көзбен қарап, Ақиқат турасындағы деректі сынсыз, дәлелсіз қабылдауға болмайтынын да білеміз. Бірақ, бастан асып жатқан проблемаларды былай ысырып қойып, Құранды Құдайдың сөзі екенін дәлелдеу үшін «19-дың кодымен» әуестеніп кетуді қазақстандық «құраншылардың»  бір бөлігі қош көрмеді. «19-дың кодымен»  шұғылданғысы келмеген «құраншылардың»  Асылбектің шетелдік достарына деген қарсылығының соңы бірлестік ішіндегі кикілжіңге алып келді. «Құраншыларға» қарайтын «Наш мир» интернет порталының жетекші сарапшысы Серік Рысжанов пен «Ізгі амалдың» атқарушы директоры Талғат Есенқұлов Асылбек Мусиннің «19-дың кодымен» әуестенуіне үзілді-кесілді ашық қарсы шықты.  Мұны топтың бейресми лидері саналып жүрген Асылбек пікір алуандығы, сенім бостандығы деп түсінген жоқ. Кенеттен оның бойында жасырынып жатқан менмендік, авторитарлық мінез қылаң берді. «Ізгі амалды» жалғыз өзі құрып, өз бетінше рационал монотеизм идеясына келгендей мінез көрсетті. Бірлестік ішіндегі өзінің оппоненттерін түрлі тетіктер арқылы басып-жаншуға, таптап тастауға бейіл болды. Соған қарамай, мен «Ізгі амал» ішінде туындаған кикілжіңді басуға, екі тарапты жарастыруға күш салдым. «19-дың коды» рационал монотеизм идеясының негізгі принциптеріне қайшы келмейтінін, Құдай мен Құранды абсолюттік шындық ретінде қабылдасақ та, Құран Құдайдың сөзі екенін «19-дың коды» арқылы математикалық әдіспен дәлелдесек те, нәтижесі өзгермейтінін айтып, осы үшін керіспеуге үндедім. Бірақ екі тарап та өз позициясынан қайтқан жоқ.

Осы оқиғадан кейін менің көңілімде дық қалып қойды. Себебі рационал монотеизмнің принциптік ұстанымына «шейх», «пір», «жрец» түсініктері түбегейлі жат, ал пікір-көзқарас еркіндігін шектеп, рухани құлдыққа салып қою тоталитарлық құрылымдарға тән нәрсе. Адамзатты қараңғылықтан алып шыққан батыс философиясының, демократия идеясы мен либерализм құндылықтарының артықшылығын, ислам діні дәстүрінің қазіргі кейпіне кемі христиан әлемінде рухани төңкеріс жасаған протестантизм сияқты рухани реформаның қажеттілігін талмай айтып жүрген Асылбектің жат қылығын байқағанда, көңілім қатты жабырқап қалды. Адамнан Құдай берген бостандықты алдап-арбап, қорқытып-үркітіп тартып алып жүрген «шейхтардың» ісін айыптай отырып, дәл сондай әрекетке оқталып, өзге пікірге – ой еркіндігіне, сөз бостандығына төзімсіздік танытуға бола ма?!. Мұндай жағдайда біз демократиялық құрылым мен либерализм идеяларымен ұштасып жатқан рационал монотеизмді халыққа рухани жаңғырудың рецепті ретінде ұсынуға моральдық құқымыз бар ма?!.

Менің «құраншылардан» кетуімнің бұдан басқа тағы бір себебі бар. «Ізгі амал» бірлестігі құрылғанда біз негізгі бағыт ретінде қазақ қоғамын таңдап алған болатынбыз. Себебі кез келген реформа адрессіз болмайды, алғашында қандай да бір қауымға арқа сүйеу – заңдылық. Стратегиялық мақсатқа жетудің тактикалық плацдармы ретінде құрылған ruh.kz,  anti-idol.kz,  nurmura.kz  интернет  сайттары  қазақ қоғамын кеулеп бара жатқан деструктивті діни-идеология- лық ағымдардың уағызынан қажетті деңгейде сақтандыра алмады, бұл ақпарат құралдарындағы рационал монотеизм идеясы  көбіне тек орыс және ағылшын тілдерінде айтылды. Яғни қазақстандық «құраншылар» қазақ аудиториясына емес, шетке бағытталғандай әсер қалдырды. Себебі Асылбек Мусин және оның қасындағы «құраншылардың» түгелге жуығы орыстілділер болатын. Осылайша, Қазақстандағы мұсылмандардың басым бөлігін құрайтын қазақтілді қауымға рационал монотеизм идеясы жөнінде жеткілікті ақпарат жетпеді.  Нәтижесінде, тілі мен жағына сүйенген сәләфилік радикалдар мен эзотерикалық тариқат пірлері қазақстандық «құраншыларды» қазақ қоғамының алдында «діннен безгендер», «батыс әлемінің мұсылмандар ішіне жіберген құпия миссионерлері» деген жаман атқа ұшыратты. Тіпті, мешіттерге орнығып, желі тартып алған сәләфилік және басқа да діни-идеологиялық ұйымдардың мүддесін көздеген молдалардың ықпалымен ҚМДБ қазақстандық «құраншыларды» «адасқандар» деп атап, Құдай мен Құранды ғана дін санайтын рационал монотеизм идеясын түбегейлі терістеп, екі мәрте арнайы пәтуа берді. Ал «құраншылар» оларға қарсы қажет дозада идеологиялық  һәм ақпараттық соққы  жасай алған жоқ.

Бірлестікке қарасты сайттардың беттері Асылбек Мусиннің философиялық толғаныстары мен «19-дың кодын» насихаттай беретін материалдарға толып кетті. «Ізгі амал» мүшелерінің көбісі Асылбекті пір тұтып, дәріптеді, тұлғаға табыну белең алды.  «Шейх Халил» мен «Тоиржан ака» сияқты бір жағына қисайып алған авторитарлық «шейхтар» мен сәләфизм, дағуатшылар сияқты тоталитарлық діни ұйымдардан әбден зәрезап болып, бостандығым мен рухани еркіндігімді қорғап қалу үшін талай трансформациядан өткен мен «мусиншіл құраншыларды» да артқа тастадым. Кезінде рационал монотеизм идеясын қазақ қоғамына тарату үшін қажет деп ашқан «Ізгі амал» бірлестігінің Әділет министрлігіндегі тіркеуін жойдым – қазақ қоғамынан сырт аудиторияға бағыттап, философиялық трактаттар ғана жазуға бет бұрған Асылбекке бұдан былай өзімді керексіз санадым.

«Ізгі амал» бірлестігін жауып тастағанымды кейбір «құраншылар» сатқындыққа  балады. Тіпті, баспасөзде менің «сатқындығым» жөнінде арнайы тапсырыспен жазылған мақалалар да шықты. Бірақ мен рационал монотеизм идеясынан айныған жоқпын. Бұл – менің Ақиқатым, рухани тірегім. Менің бойыма батыс философиясы арқылы  сыни тұрғыда ойлау дағдысын қалыптастырған Асылбек Мусинге де, екеуіміздің рухани жаңғырумызға бетбұрыс жасатқан Мұртаза Бұлұтайға да ризамын. Шетін діни идеологияның уағызына шырматылып қараңғы қапаста жатқанда суырып алып, ақиқаттың ақ жолына салған осы екі азаматты маған кездестірген Құдайға  мың да бір шүкір. Десем де, менің мүрид те болғым келмейді, шейх та болғым келмейді. Құдайдан басқа құдай жоқ – менің ең басты әрі бұлжымайтын принципім осы. Сондықтан адасып абдырағанда тура жолға  бағыттап,  иманымды  бекіткен,  саяси  көзқарасымды анықтауға себепші болған рационал монотеизм идеясы арқылы жинақтаған рухани жүкті қазақ қоғамының қажетіне жарату үшін ұлтшыл-патриоттық алаңға жол тарттым.

Фото: youtube

Тұрарбек ҚҰСАЙЫНОВТЫҢ «Мен қалай рухани жаңғырдым» кітабынан үзінді

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.