Алматыда 31 мамыр күні бір топ қоғамдық белсенді мен қала тұрғындары ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды деп хабарлайды Азаттық тілшісі. «Жаңа Қазақстан» форумының өкілдері Әміржан Қосанов, Расул Жұмалы, саясаттанушы Дос Көшім, журналист Гүлжан Ерғалиева қаладағы Наурызбай мен Қабанбай көшелерінің қиылысындағы, бұрынғы НКВД ғимараты алдындағы саябақта 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоғын қойды.

Ескерткішке ара-тұра қала тұрғындары да келіп гүл қойып, тағзым етіп жатыр. Еске алуға бүгін таңертең Алматы әкімі Бауыржан Байбек те келіп, гүл қойғанын айтты.

«Жаңа Қазақстан» өкілдері таңертең форум мүшесі, құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуовті полиция ұстап әкеткенін, бірақ кейін босатқанын, саясаткер Жасарал Қуанышәлиннің үйіне де полиция барғанын айтты. Олар мұны Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіннің жалғасы деп білетінін айтты.

Саябақ маңында еске алуға келгендерде полиция қызметкерлері қарауылдап жүрді.

Ашаршылық құрбандарын еске алу шарасы Астанада да өтті. Қаладағы Мемлекеттік рәміздер алаңына Жалпыұлттық социал-демократиялық партия мен тіркеуден шығарылған «Алаш жолы» қозғалысының он шақты мүшесі жиналып, гүл шоғын қойды және құран бағыштады. Еске алуға келген саясаткер Зәуреш Батталованың айтуынша, 2008 жылға дейін бұл жерде саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш болған. Кейін оны мемориалдық АЛЖИР кешеніне алып кеткен. Қазір Астанада саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш жоқ.

31 мамыр — Қазақстанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Ашаршылық тарихын зерттеуші кей мамандардың деректері бойынша, 1931-1933 жылдары қазақ даласында болған ашаршылық салдарынан екі миллионға дейін адам құрбан болған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.