«Президент ата-анамызды Қытайдан қайтарып берсінші»

968

Қытайда қамалған қандастардың балалары бүгін өткен баспасөз мәслихатында президент Н.Назарбаевтан ата-анасына араша түсіп, елге қайтарып беруін сұрады. Балаларды қорғау күнінің қарсаңында өткен жиынды «Атажұрт ерікті жастары» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Қытайдағы қандастардың қудалануын Дүниежүзі қазақтарының былтырғы жылы өткен құрылтайында президент Н.Назарбаевқа жеткізген Түркия қазағы Өмірхан АЛТЫН бұл жиынға қатысу үшін арнайы келіпті. Шыңжаң қазақтарына жасалған қысымды жақында Еуропарламенттің адам құқықтары жөніндегі комитетінде көтеруге бастамашы болған Өмірхан АЛТЫН бұл тек Қытайдағы қандастардың ғана емес, тұтас қазақтың басындағы мәселе екенін айтты.

— Еуропарламентте бұл мәселені көтергенде, «сен қай ұйымнан, қай елдің атынан жүрсің?» деп сұрады. Жеке адам ретінде жүрмін дедім. «Тибет және Шыңжаңдағы ұйғырлармен салыстырғанда, Қазақстан деген мемлекеттерің, көптеген ұйымдарың бар ғой» деді ондағылар. Құдайға шүкір, еліміз бар, мемлекетімізбен мақтанамыз. Бірақ Қазақстанның өзінде бұл жағдайға түсініспеушілік бар сияқты. Сондықтан ел ішінде түсіндіруіміз керек. Басқаларға үміт артудың қажеті жоқ. Бұл өзіміз, қазақ болып шешетін мәселе, – деді Өмірхан АЛТЫН.

Әкесі не шешесі Шыңжаңда саяси үйрену орталығына қамалған ондаған бала кезек-кезек сөйлеп, бастарындағы мұң-зарды баяндады.

Мейірім БАБАҒАЙҚЫЗЫ:

—  Жасым тоғызда. Әкем Қытайға кеткеніне тоғыз ай болды. Төлқұжатын тартып алыпты, өзі түрмеде жатыр. Әкемді әкеп беріңіздерші.

Айбар ТҰРСЫНМҰХАММЕД:

—  Он екі жастамын. Қытайда атамыз қайтыс болғанда әкем сонда кеткен еді. Көрмегелі тоғыз ай болды. Басында қатты қиналдық. Әкем кеткенде анам және інім үшеуміз қатты қиналдық. Қазір де қиналып жатырмыз. Әкемнің тез оралғанын қалаймын.

Фариза ҒАЛЫМҚЫЗЫ:

— Биыл алты жасқа толамын. Әкемнің қамауда отырғанына тоғыз ай болды. Оны қатты сағындым. Әкемді шығарып беруді сұраймын.

Байбол ШАЙЫРБЕК:

— Өзім 12 жастамын. Әкем жұмыстарымен былтырғы жылы Қытайға кеткен еді. Сонда қамауға алынды. Онымен сөйлеспегелі сегіз ай болды. Президент Н.Назарбаев бізге көмектесіп, әкемді босатып берсе екен.

Бекзат БЕРДІБЕКҰЛЫ:

— 2017 жылдың қыркүйегінде Қзақстанға көшіп келгенбіз. Әке-шешем Қытайда жұмыстары шығып қалып, сонда жүрген. Бері қарай өтпек болғанда, Қытай сақшалары ұстап қалды. Қазір кіші әпкемнің үйінде тұрып жатырмыз. Әке-шешемізді сағындық, ағалар оларды қайтаруға көмектессе екен.

Жиын соңында президент Н.Назарбаев пен БҰҰ-ның балалар қорына жолдайтын үндеу қабылданды.  Сонымен қатар ата-анасы Қытайда қамалған балалар мен олардың қамқоршылары Қытай консулдығына барып арыздарын таспсырды.

Фотолар автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.