23 мамырда парламент мәжілісі пленарлық отырыста «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарап мақұлдады. Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерманның айтуынша, заң жобасы бойынша үш кодекс пен тоғыз заңға өзгерістер енгізіледі.

– Депутаттар енгізген түзетулер дін қызметі саласында заңнама талаптарын бұзғаны үшін салынатын айыппұл көлемін қайта қарастыруға бағытталған. Кәмелетке толмағандардың діни рәсім, жоралғылар мен жиындарға қатысу мәселесін депутаттар діни бірлестік өкілдерімен бірлесіп қарап, бұл ереже өңделді, – дейді Мұхтар Ерман.

Депутаттың айтуынша, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің діни шараларға қатысуы үшін ата-аналарының келісімі керек болады. Яғни кәмелетке толмаған балалар үлкендердің қарауынсыз мешіт немесе шіркеулерге бара алмайды.

Заң жобасында «деструктивті діни ағым», «діни радикализм» деген жаңа ұғымдар бар.

«Бұл ұғымдарды енгізу сонымен бірге деструктивті діни ағымдардың таралуы және олардың атрибуттары мен сыртқы белгілеріне тыйым салу  қоғамға бөтен идеологияның енуіне тойтарыс беруге мүмкіндік береді», – деген  болатын заң жобасын депутаттарға бірінші оқылымда (16 мамырда) таныстырған дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев.

Министрдің айтуынша, заң жобасының мақсаты – «мемлекет пен конфессиялар арасындағы қарым-қатынасты жетілдіру, діни қызмет субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін нақтылау, дін саласын реттеу».

Құжатта мемлекеттік қызметкерлердің діни әрекеттеріне байланысты пункттер бар. Атап айтқанда, заң жобасы бойынша мына әрекеттерге тыйым салынған: қызметтік мүмкіндікті діни бірлестіктің мүддесіне пайдаланбау, қарамағындағыларды діни қызметке мәжбүрлемеу және діни бірлестік құрмау немесе мүшесі болмау.

Бұдан бөлек, заң жобасында діни бірлестіктердің қызметін бақылау, жазалау мекемелеріндегі сотталушылардың діни әрекетін реттеу, шетелде діни білім алуға қатысты мәселелер қамтылған.

Жоба қоғамдық орындарда ниқаб киюге, құлшылық ету орындарынан бөлек жерде неке қиюға тыйым салады. Бұл талаптарды бұзғандарға айыппұл салынады.

Мақұлданған жобада діни мекемелердің ашықтық мәселелері де қарастырылған.

«Діни бірлестіктердің қаржы қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша нормалар ұсынылды. Осы мақсатта жобаға олардың ішкі қаржылық есептерін міндетті түрде жүргізу талаптары енгізілді. Осы есептерді бұқаралық ақпарат құралдарында жыл сайын жариялау көзделген. Халықаралық тәжірибеде бұл кеңінен қолданылатын заңнамалық талап», – деген еді министр Дархан Қалетаев.

Б.Қалыбай

Астана

 

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.