Мемлекет тарапынан бөлінген қаржыны батпан құйрық көріп, оңды-солды  жұмсаудың алдын алу үшін  Жамбыл облысында  ішкі мемлекеттік аудит департаменті бақылауды күшейтуді қолға алды.

ҚР қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің №1 мемлекеттік сектордың аудиті бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерболат Жетпісбаев өткен жылы облыс көлемінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген 22 суқоймаға департамент тарапынан  жүргізілген аудит қорытындысында сегіз cуқоймада жалпы сомасы 9 миллион 342 мың теңгені құрайтын қаржылық бұзушылықтар анықталғанын айтады.

– Оның ішінде «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңының 69-бабының 2-тармағы бойынша  6 612,3 мың теңгенің сапасыз құрылысқа төленгені  белгілі болып, Бюджет кодексінің 97-бабының 6-тармағының және «Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы» 215-тармағының 6-тармақшасының сақталмауынан жалпы сомасы  1 миллион 571,4 мың теңгеге орындалмаған жұмыс түрлері тіркелген, – дейді Ерболат Жетпісбаев.

Маманның айтуынша,  Жуалы ауданындағы «Дарбаза» суқоймасына жүргізілген құрылысты тексергенде 1 миллион 626 мың теңгенің заңбұзушылықтары анықталған. Яғни  54,9 мың теңге сапасыз орындалған жұмыстарға төленген. Ал 1 миллион 571,4 мың теңгенің  тетігі табылмаған. Сондай-ақ Меркі ауданындағы «Аспара-2» суқоймасына жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстарына сәйкестік аудит кезінде сапасыз орындалған жұмыстарға (1 миллион 894,5 мың теңгенің) хаттама толтырылған.

Бұдан бөлек, Т.Рысқұлов ауданындағы «Әлденбай» суқоймасындағы құрылыста 38,5 мың теңге, Жамбыл ауданындағы «№2А Бөгет» су бөгеті құрылысында 163,6 мың теңге, Меркі ауданындағы «Ақермен-1» суқоймасы құрылысында 445,3 мың теңге, Жамбыл ауданындағы «№1 Бөгет» су бөгетінің гидроқұрылымы құрылысында 1 миллион 203 мың теңге және «№2 Бөгет» су бөгеті құрылысында 766 мың теңге, сондай-ақ Меркі ауданындағы СТФ суқоймасы құрылысында 6 612 мың  теңге мақсатсыз жұмсалған.

–Міне, осындай заңбұзушылықтарға жол берген жауаптылар жазасыз қалмай, департамент тарапынан толыққанды түсіндірме жұмыстары жүргізілді, – дейді Ерболат Жетпісбаев.

Алдияр Барысхан

Тараз қаласы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.