Қазақстанның 2016-2019 жылдар аралығында ғылым мен білімді дамыту бағдарламасында еліміздегі ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар бойынша гранттық және нысаналы бағдарламаларды қаржыландыру жүйесін жетілдіру мәселесіне айрықша көңіл бөлінді. Заман ағымына сай енгізілген жүйе отандық ғылымның дамуына қаншалықты әсер етті?

Қазақстан ғалымдарының ғылыми жұмыстарын шетелдік ғылыми сарапшылардың бағалауы ғылымның оң бағытта дамуына ықпал еткені анық. Бұл тәуелсіздік жылдары енгізілген батыл қадам болды. О баста қазақ ғалымдарының ғылыми жұмысын өзге елдің ғалымдарына бағалатуына  біраз жан қарсы болды. Олар мемлекет қаржысын шетелдік сарапшыларға жұмсамай, өз елімізде қалдыруды құп көрген еді. Бірақ сол кезде тиісті министрліктің қабылдаған бағдарламалары отандық ғылымның ынтымақтастық аясын кеңейтуге бағытталғандықтан, бұл жоба қолдау тапты.

Осылайша көпшіліктің қолдауымен қазақ ғалымдарының ғылыми жобаларын сырт елдердегі сарапшылардың саралауынан өткізу міндеттелді. Біз ғылыми жұмыстарымызға ғылыми-техникалық сараптама жүргізіп, отандық ғылымның қаншалықты дамығанын айқындау мүмкіндігіне ие болдық. Сонымен қатар ғылыми ынтымақтастық аясы барынша арта түсті. Қазіргі таңда соның оң нәтижесін көріп отырмыз.

Негізінен, қоғамдық ғылымдар саласында еңбек етіп жүрген ғалымдар қарсылық танытты. Оларға ауыл шаруашылығы саласындағы біраз ғалымның қосылғаны есімізде. Өйткені аграрлық салада еңбек етіп жүргендер шетел ғалымдары құпияларымызды біліп қояды деп алаңдады.

Ал қоғамдық ғылымдар болса, әдебиет, мәдениет, тарих, экономика саласы ғалымдары шетелдік сарапшылар Қазақстанның қоғамдық ғылымдарын жетік білмейтіндіктен, сараптама кезінде төмен балл қойып тастайды деп қауіптенді.

Біздіңше, қоғамдық салада еңбек етіп жүрген ғалымдардың алаңдауына негіз жоқ. Иә, шетелдік ғалымдар Қазақстанның ішкі саяси ахуалын, мәдениетін жетік түсінбеуі мүмкін. Бірақ қоғамдық ғылымдар бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізудің әдіс-тәсілдері әлемге ортақ. Қайта еліміздегі қоғамдық ғалымдардың әлемдік ғылыми ортамен тығыз ынтымақтастыққа түсуі маңызды емес пе?

Қазақстан саясат пен экономика бойынша бейтарап мемлекет емес қой. Елімізді өркендету жолындағы түрлі реформаларды дамыған елдердің іс-тәжірибесіне сүйеніп, жүргізіп келеміз. Мұндай жағдайда қоғамдық ғылымдарды оқшаулауға бола ма? Әрине, болмайды. Керек десеңіз, біздің көне әдебиетіміз бен мәдениетіміз өзге де өркениеттермен тығыз байланысты емес пе? Осындай жайттарды есепке алсақ, қоғамдық ғалымдардың алаңдауына негіз жоқ екенін кім де болса байқаған болар еді.

Кеңес заманында Қазақстанның математика саласы Одақ бойынша орыстар мен украиндерден кейінгі үшінші орында тұрды. Ал 90-шы, тоқырау жылдары 8-9 орындарға дейін құлдырағанын білеміз. Бұл жайында математика саласының майталманы Тынысбек Кәлменов ағамыз айтқан еді. Ал нарық заманы қос өкпеден қысқанда жалғыз математика емес, Қазақстандағы жалпы ғылымның қандай деңгейде екенін анықтау мүмкін болай қалғаны жасырын емес. Кейіннен математиктер ғылыми жұмыстарын ғылыми-техникалық сараптамаға жібергенде Қазақстанда математика ғылымы жоғары деңгейде даму үрдісін жоғалтпағанын байқайды. Мемлекеттік ғылыми сараптаманың арқасында қазақ ғылымының даму деңгейі қандай дәрежеде екенін бағамдадық.

Бұдан бөлек, әлемдік ғылыми кеңістікпен ынтымақтастығымыз арта түсті. Қазақ ғалымдары импакт-факторы жоғары ғылыми журналдарға ғылыми еңбектері жайында мақала жариялап, жоғары сілтемелік көрсеткішке ие болды. Осылайша ТМД елдері арасында ғылыми-техникалық сараптама жүйесін жетілдірген бірден-бір ел атанып отырған жайымыз бар. Қазіргі таңда көршілес елдер біздің жолымызға түсіп жатыр. Мұны тәуелсіздік жылдары ғылымды дамытудағы сәтті реформаның бірі деп есептейміз.

Қазіргі талап бойынша қаржыландыруға ұсынылған ғылыми жұмысты екі шетелдік, бір қазақстандық сарапшы қарап шығып, рецензия жазады. Мұнда олардың аты-жөні құпия сақталады. Бұдан кейін әр бағыт бойынша ғылыми кеңестің мүшелері сарапшылардың ғылыми жоба жайындағы рецензиясымен танысып, шешім қабылдайды. Шетелдік сарапшылар ғылыми жұмысқа әділ бағасын беріп келеді. Әділ баға ғылымның оң бағытта дамуына негіз болуда. Осы мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың арқасында мүйізі қарағайдай академиктердің ғылыммен қаншалықты айналысып жүргені байқалып қалды. Ата-бабаларымыз «Сырт көз – сыншы» деп бекер айтпаған ғой. Осы ретте, ғылыми жұмыстарға сараптама жасау үшін ғылымы жоғары деңгейде өркендеген АҚШ, Батыс Еуропа елдеріндегі ғалымдар тартылғанын айта кетуіміз керек. Олар әлемдік ғылыми үрдістің қай бағытта дамып жатқанын ескеріп, қазақ ғалымдарының ғылыми еңбектеріне әділ бағасын берді. Сондықтан ғылыми жобаларды бағалауда өзге елдің сарапшыларын тарту өте қажет іс-тәжірибе. Бұл жұмыстар қазақ ғылымының өсіп-өркендеуіне өз пайдасын тигізіп отыр.

Шетелдік сарапшылар ғылыми жұмыста ғылым бар ма, жоқ па, соны қолға ұстағандай анық көрсетіп береді. Сонымен қатар ғылыми жұмыстың келешегі бар ма, жоқ па – соның бәрін сарапшылар анықтап береді. Қазақстандық сарапшылар әріптестерінің жұмысын қарағанда көңілжықпастыққа салынуы мүмкін. Ал шетелдік сарапшылар иі қанған былғарыдай былқылдап бұра тартпайды.

Қазір ғылым күрделеніп кетті. Қандай да бір ғылыми жобадан қолданбалы дүние күтудің заманы өткен. Қазір әлемде ғалымдардың жұмысы қолданбалы дүние арқылы бағаланбайды. Ғылымы дамыған дүниежүзінің жетекші елдері ғылымның дамып жатқанын импакт-факторы жоғары ғылыми журналдарға жариялаған мақалалармен және оларға дүниежүзі ғалымдарының жасаған сілтемелік көрсеткішімен өлшенеді.

Қазір ғылым толықтай жаһанданып кеткен әлем мойындамаған ғылым – ғылым емес. Мұны бір сәтке де естен шығаруға болмайды. Біз ғылым мен қолданбалы ғылымның арасын ажырата білуіміз керек.

Айталық, iPhone жыл сайын (тіпті бұдан да қысқа мерзімде болуы мүмкін) смартфонның жаңа түрін шығарады. Мұны ғылыммен шатастыруға болмайды. Бұл – технологиялық жетістік. Мұның ғылыми негізі баяғыда салынып қойған. Тек инженерлер темірдің орнына басқа асыл металдарды қолданып, ай сайын iPhone-ның жаңа түрін шығарады. Ал оның ғылыми негізі өзгерген жоқ. Жаңа iPhone қолданысқа енуі бұл ғылыми жаңалық емес. Бұл – дизайндық жетістік болмаса инженерлік ақыл-ойдың нәтижесі.

Иә, мұндай үрдістер АҚШ-қа көл-көсір пайда әкеліп отыр. Кез келген ғылымды қолданбалы деңгейге жеткізу ісімен батыс елдерінде жекелеген компаниялар айналысады. Ал біздің аузымен құс тістеген ірі компанияларымыз шетелдің технологиясына ауыз ашып отыр. Сондықтан біздің халыққа ғылым мен технологиялық жетістіктің аражігін ашып беретін кез келді. Бұрындары көпшілікке арналған ғылымды насихаттайтын басылымдар болушы еді. Қазір оның бірі де жоқ. Сондықтан халықтың ғылымның дамуына қатысты түсінігі ескі ұғым-түсінікпен қалып қойған.

Нұрлан ЖҰМАХАН

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.