Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Балтабай ауылының тұрғыны Жеңіснұр АЯТХАННЫҢ жұбайы Көзәлнұр ЖЕҢІСҚАЗЫ 2016 жылдың маусымында Қытайға кеткеннен қайтып оралған жоқ. Ж.Аятханның айтуынша, Шыңжаң өлкесінің Құтыби ауданына жұмыс бабымен кеткен әйелін жергілікті билік үйқамаққа алып, Қытай азаматтығын алуға мәжбүрлеген. Әйелі Қытайға кеткен уақытта екі жарым жаста болған ұлы қазір төрт жарым жасқа толса, жеті айлық болған қызы бүгінде екі жастан асқан. Етікші болып жұмыс істейтін Ж.Аятхан екі баласын жалғыз өзі бағып отыр. Бірақ қайткен күнде де «ер адам балаға ананың жылуын бере алмайды, балаларды анасыз өсіру ер адам үшін тозақпен тең» дейді ол.

— Әйелім Көзәлнұр Жеңісқазының Қытайда туған әпкесі тұрады. Әйелім қытай тілі және орыс тілінің маманы. Қазақстанға он жасында көшіп келген, Қазақстан азаматтығын алған. Қытайға әпкесінің шақыртуымен, аудармашылық жұмыс істеймін деп кеткен болатын. Сонда жеткен соң бір жарым ай бойы хабарласып, сөйлесіп жүрдік. Сосын із-түзсіз жоқ болып кетті. Содан бір жыл тоғыз ай бойы еш хабар ала алмадық. Жақында хабарластық. Сөйтсе, сонда құжатын жоғалтып алып, Қытай өз азаматтығын алуға мәжбүрлепті. «Тұрақты тіркеуден шықпапсың, сол себепті қайта азаматтық алуың керек, егер алмасаң – түрмеге барасың» деп қорқытқан. Сонымен, қазір үйқамақта. Ешкіммен хабарласа алмайды, ешқайда шыға алмайды. Денсаулығы да мәз емес.

— Жақында сөйлестік дедіңіз, сонда әйеліңіз өзі хабарласты ма?

— Иә, Қытайда тұратын жиенімнен менің WeChat-тағы нөмірімді алып хабарласты. Оның өзінде «тауға барып, қымыз ішемін» деп үйден шығып кетіп, таудың басына шығып хабарласыпты. «Балаларымды көрсетші, сағындым» деді.

Қытайда әке-шешем, туыстарым тұрады. Бірақ ешкіммен хабарласа алмаймын. Себебі туыстарымның бәрі мен хабарласпасын деп нөмірімді бұғаттап тастаған.

— Сонда әйеліңіз не себепті қыспаққа алынды?

— Әйелім дінге жығылған, бес уақыт намаз оқиды. Телефонындағы WhatsApp, WeChat қосымшаларын тексергенде, орамал таққан суреттері шыққан.

— Екі баланы өзіңіз қалай өсіріп отырсыз?Жұмыс істейсіз бе?

— Иә, етікшімін. Жұмысқа кетерде балаларды сыртынан жауып кетемін, басқа амалым жоқ, жұмыс істеп, балаларды бағуым керек. Үйде өздері отырады. Кей кезде ұзаққа кеткенде түскі тамақты көршілерім береді. Өздерін үйде тастау қорқынышты. Алаңдап жұмыс істей де алмайсың.

— Көмектесіп тұратын жанашырларыңыз бар ма?

— Бір жыл сегіз айға дейін ешкім көмектеспеді. Балтабай ауылдық әкімшілігіне, өзге де органдарға бардым. Бірақ ешқандай көмек ала алмадым. «Балаларды балабақшаға орналастырып берсеңіздер» деген өтініш айттым. Алайда «сіздер секілді отбасыларға көмек берілмейді» деген жауап естідім. Ай сайын 41 мың теңгеден құйып отыратын несием бар еді. Оны жанашырлар жауып берді.

Шынын айту керек, кішкентай балаларды бағып өсіру ер адам үшін ауыр тозақ екен. Қанша тырыссақ та, анасындай бола алмайды екенбіз. Ұлбаланы өйтіп-бүйтіп өсірерсің, ал қызбалаға ана мейірімі керек екен. Қазір қызым анасын мүлде танымайды. Өйткені әйелім кеткен кезде қызым жеті айлық болатын.  Қазір әйелімді сарыла күтіп отырған жайымыз бар.  Қазақстанның билік орындары әйелімнің елге қайтып оралуына көмектессе екен деймін.

Әңгімелескен Елнұр Бақытқызы.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.