Шаңырақ ісі бойынша 14 жылға кесілген Рүстем ТҰЯҚОВ жазасының 12 жылын өтеп, шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Бұл туралы Жас Алаш сайтына Адам құқығы жөніндегі халықаралық бюроның заңгері, Шаңырақ ісімен көп жылдан бері айналысып жүрген Гүлмира ҚУАТБЕКОВА хабарлады. Бұл іс бойынша 15 жылға сотталған Ерғанат ТАРАНШИЕВ те жақында бостандыққа шығуы тиіс.

Гүлмира Қуатбекованың айтуынша, 2007 жылы Шаңыоақ ісіне қатысты сот шығарған үкім бойынша барлық процессуалдық қарыздар өтелген соң, Рүстем Тұяқовқа мерзімінен бұрын бостандыққа шығу мүмкіндігі туған.

«Процессуалдық қарызды өтеу – мерзімінен бұрын бостандыққа шығудың бір негізі ғана. Алайда бұл процессуалдық қарыздардың сомасы 815 мың теңгеден асқан. Айталық, өрт сөндіру авариялық қызметі мемлекеттік филиалына 526 763 теңге, сараптамаларға 215 мың теңге, ішкі департаментке 52 мың, мемлекет пайдасына 5897 теңге төлеуі тиіс болатын. Тараншиев пен Тұяқовтың туыстары Адам құқықтарын қорғау жөніндегі бюроға ақылдасуға келгенде, мерзімінен бұрын бостандыққа шығару үшін ең алдымен осы төлемді төлесек деген. Евгений Жовтис, Серікжан Мәмбетәлин, Төлеген Жүкеев пен Асылбек Қожахметов қол ұшын созып, бұл қарызды өтеуге көмектесті. Бұған Тұяқов пен Тараншиевтің туған-туыстары да өз үлесін қосты. Сөйтіп, бұл ақшаны қыста жинап, Шаңырақ ісі бойынша сотталғандар жазасын өтеп жатқан қамау мекемелеріне төленгенін растайтын құжаттар жібердік. Бүгін таңертең Рүстем Тұяқовтың қарындасы Гүлзира Тұяқова Рүстемнің қамаудан босап шығып, үйіне оралғанын хабарлады. Енді Ерғанат Тараншиевтен жақсы хабар күтеміз», – деді Гүлмира ҚУАТБЕКОВА.

Шаңырақ ісі бойынша 2007 жылы Арон Едігеев 18 жылға, Құрманғазы Өтегенов 16 жылға, Ерғанат Тараншиев 15 жылға және Рүстем Тұяқов 14 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Олар 2006 жылы 14 шілдедегі Шаңырақ тұрғындары мен полицияның қақтығысы кезінде үстіне белгісіз біреулер жанармай құйып қаза тапқан полиция қызметкері Әсет Бейсеновтің өлімі мен жаппай тәртіпсіздікке кінәлі деп табылған. Сотталушылардың барлығы өздеріне тағылған айыптарды мойындамады.

Фото: azattyq.org

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.