«Өскеменнің әкімі орнынан кетсін!»

1388

Өскемен қаласының әкімі Қуат ТҰМАБАЕВ лауазымды қызметін босатуы тиіс. Бұл туралы Риддер қаласының тұрғыны Виктор СМОЛЬНИКОВ  Жас Алаш  сайтының тілшісіне мәлімдеді.

Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниял АХМЕТОВ Өскемен қаласының әкімін орнынан алып тастай ма?

Марқұм Евгений Смольников

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 15 сәуірінде Риддер қаласында болған жол апатында Виктор Смольниковтың ұлы Евгений Смольников қайтыс болған еді. 19 жастағы Женяны BMW X5 көлігімен қала әкімінің орынбасары  Бауыржан ҚҰРМАНБАЕВ қаққан. Оның қасында Өскемен шаһарының басшысы Қуат Тұмабаев болған еді.

Виктор Смольников

«Меніңше Қуат Тұмабаев әкім болып ел басқаруға моральдық құқығы жоқ. Оқиға болған кезде ол Б. Құрманбаевтың көлігінде болғаны анықталды. Құрманбаев ұлымды мас күйінде  қағып өлтіргенде Өскеменнің әкімі көлікте сау отырды дегенге кім сенеді? Олар «Сосновый бор» демалыс үйінен біреуі ішіп, біреуі сау келе жатуы мүмкін емес қой. Қаққан бетте машинаны Тұмабаев айдап әкетіп бара жатқанда полиция ұстап оқиға орынына қайта алып келді. Бұл кезде Құрманбаев ұлымның қасында қалып қойған. Бас прокуратураның өкілі де келіп, менен өз сұрауларына жауап алып кетті. Егер ол орынында қалатын болса, тағы біреулер жапа шекпесіне кім кепіл?», — дейді марқұмның әкесі Виктор Петрович  Жас Алаш тілшісіне.

Кеше ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы Агенттіктің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті жанындағы Тәртіптік кеңесте Қуат Тұмабаевтың ісі қаралды. Жиынға қатысқандар да оның атқарып отырған лауазымды қызметіне лайықсыз һәм мемлекеттік қызметкерлердің абыройына нұқсан келтірді деп сөкті.

Бауыржан Құрманбаев

«Тергеудегі жауабында Тұмабаев Құрманбаевтың арақ ішкендігін жоққа шығарады. Олар сол күні бойы бірге болған. Сараптама қортындысында Құрманбаевтың ішімдік ішкені жазылған», — деді әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Қайрат САПАРҒАЛИЕВ.  

Адам өлімі болған жол апатынан кейін Қуат Тұмабаев жедел жәрдем, жол полициясын шақырмастан кетіп қалған. Айтпақшы, Өскемен қаласының әкімі тәртіптік кеңеске өзі қатыспады. Шұғыл түрде Астанаға іс сапарға кетіп қалыпты. Оның досы Бауыржан Құрманбаев қазір тергеу абақтысында.

Қуат Тұмабаев 2017 жылы Өскемен қаласының әкімі болып тағайындалған. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін «Халықаралық экономикалық байланыс», ал 2003 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұған дейін, Экономикалық даму және сауда министрлігінің Инвестициялық саясат департаментінің директоры, Шығыс Қазақстан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болып қызмет атқарған.

2018 жылдың басында  Қуат Тұмабаевтың орынбасары Расул МАНАПОВ пара алмақ болды деген айыппен 1-жылға сотталған еді. Ал Риддердің «Шумахер» (бұрыңғы) әкім орынбасарының үстінен 345 бап бойынша іс қозғалып, тергеу абақтысында жатыр. Жол ережесін бұзды деген кінә тағылып отырған экс-шенеунікке ауыр жаза алмасы да түсінікті. Осылайша 64 жастағы  Даниял АХМЕТОВТЫ  жас «командасы»  абыройынан айырып жатыр.

Фотолар: tengrinews.kz, vlast.kz

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.