Qazaq banki акционері Қазақстанға экстрадицияланды

840

Qazaq banki-нің негізгі акционері  Бақыт ИБРАГИМ Германиядан Қазақстанға экстрадицияланды. Бұл туралы бас прокуратура мәлімдеді. Бақыт Ибрагимге RBK Banki-нен топ болып астыртын сөз байласып, алаяқтық жолмен аса ірі көлемде қаржы жымқырды деген айып тағылып отыр.

Бақыт Ибрагим сәуір айында Қазақстанның тапсырысы бойынша Германияда ұсталған болатын. Бас прокуратураның мәлімдемесінде Бақыт Ибрагим «Лидер Нефтепродукт KZ» ЖШС-ның директоры деп көрсетілген. Сондай-ақ мәлімдемеге қарағанда, Бақыт Ибрагим 2013-16 жылдар аралығында RBK Banki-нен сөз байласқан адамдар тобымен бірігіп, 50 миллиард теңге және 83 миллион доллар көлемінде ақша жымқырған деген күдікке ілінген.

Қазіргі уақытта Бақыт Ибрагим Астана қаласының уақытша тергеу абақтысына қамалған.

Ашық дерек көздер Qazaq banki-нің 10,55 пайыз акциясына иелік ететін 33 жастағы Бақыт Ибрагимді үкімет жетекшісі Бақытжан САҒЫНТАЕВТЫҢ қызы Меруерт ИБРАГИМНІҢ күйеуі деп таныстырып келген-ді. Сән бизнесіне жақын Меруерт Ибрагим Buro24/7.kz ақпараттық-сән порталының негізін салушы. Алайда Buro24/7.kz сайтының парақшасында үнемі Меруерт Ибрагим болып жазылып жүрген Б.Сағынтаевтың үлкен қызының есімі қазір Меруерт ӘБДІРГЕ өзгертілген. Соған қарағанда, Бақыт Ибрагим бүгінде Б.Сағынтаевтың экс-күйеубаласына айналған болуы ғажап емес. Алайда Сағынтаев пен оның отбасы мүшелері Бақыт Ибрагимнің ұсталуына қатысты әзірге ешқандай пікір білдірмеді.

Президент Н.НАЗАРБАЕВ 18 сәуір күні Ұлттық банк өкілдерімен кездесуінде Astana bank, Qazaq banki және Эксим банктің көрсеткіштерін нашар деп бағалап, акционерлерін сынға алған еді.

Президенттің сынынан кейін іле-шала мәлімдеме жасаған Qazaq banki кейбір көрсеткіштердің нашарлағанын жасырмаған. Алайда оның себебін банкті 2013-16 жылдары басқарған топ-менеджментпен байланыстырған. «Банктің кейбір көрсеткіштері сапасыз несиелер берілгендіктен нашарлады. Бұл сапасыз несиелер 2013-16 жылдары Ж.Ж.Ертаев және Б.Ж.Ибрагим  банк басқаруға тағайындаған тұлғалар кезінде берілді. Бұл несиелердің негізгі бөлігі жоғарыда аты аталған тұлғаларға тікелей қатысы бар борышкерлерге берілген», – делінген Qazaq banki-нің мәлімдемесінде.

RBK Banki-ндегі алаяқтықпен қаржы қымқыруға қатысы бар тағы бір күдікті  Жомарт ЕРТАЕВ 8 мамыр күні Мәскеуде ұсталып, үйқамаққа алынды.

Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ.

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.