Украина полициясы мемлекетке сатқындық жасады деген айыппен қамауда отырған ресейлік журналист, «РИА Новости Украина» агенттігінің директоры Кирилл Вышинскийдің пәтерін тінтті. Бұл туралы Вышинскийдің адвокаты Андрей Доманский 3 маусым күні AFP агенттігіне хабарлады.

Вышинскийдің әйелі РИА «Новости» агенттігіне полицияның пәтерді «түгел тінтіп, біраз затты алып кеткенін» хабарлады.

Журналист пәтерінің қай жерде екені айтылмады, бірақ Вышинский Украинаның Херсон қаласында тергеу аясында қамауда отыр. Оған мемлекетке сатқындық жасады деген айып тағылған. Бұл айыппен 15 жылға дейінгі мерзімге сотталу қаупі бар.

Киев полициясы 4 маусым күні таңертең «қылмысқа күдіктілерді анықтау мақсатында» тексеру жүргізілгенін ғана айтып, журналист пәтерінің тінтілгенін растаған жоқ.

Украина қауіпсіздік қызметі 15 мамырда «РИА Новости Украина» агенттігі қызметкерлерінің кеңсесі мен үйлеріне тінту жүргізіп, Вышинскийді үйінің жанынан ұстап әкеткен.

Украина қауіпсіздік қызметі кейін «Мәскеу Украинаға қарсы гибрид соғысын жүргізуге пайдаланатын медиа құрылымдардың бөлімі» әшкереленгенін мәлімдеген.

Ресей бұған қатқыл жауап қатты. Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дитрий Песков Вышинскийдің ұсталуы егер журналистің кәсіби қызметімен байланысты болса, онда «масқара және даулы» екенін айтқан.

Маусымның 3-і күні Ресей Сыртқы істер министрлігі Вышинскийді дереу босатып, оған тағылған барлық айыпты алып тастауды талап еткен мәлімдеме таратты.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) сөз бостандығы жөніндегі өкілі Арлем Дезир журналист пәтерін тінту оқиғасына байланысты алаңдаушылық танытып, Украина билігін «шетелдік журналистер қызметін жөнсіз шектеуден тартынуға» шақырды.

«Үгіт-насихатпен күрес халықаралық стандарттарды бұзып, БАҚ қызметіне килігу арқылы жүргізілмеуі тиіс» делінген Арлем Дезир мәлімдемесінде.

Мәскеу мен Киевтің қарым-қатынасы Ресей 2014 жылы Қырым түбегін басып алып, Украина шығысындағы ресейшіл сепаратистерді қолдағаннан кейін шиеленісіп кеткен.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.