Баспаналарын жөндеуге тиесілі қаражат қолдарына тимей Семейдің әкімдігіне басып кірген Мирный кенті тұрғындарының «Енді кешігер болса, не аштық жариялаймыз, не митингке шығамыз» деп сес көрсеткенінен сескенсе керек, қала әкімі Ермак  СӘЛІМОВ сенбі күні түс ауа осы аумаққа барды. №2 мектепке мәслихат хатшысын, бір орынбасарын тағы да басқа атқосшы-шабармандарын ерте келген әкім мирныйлықтармен тіл табыса алмай біраз тіресті.

Семей әкімі: 31 телеарна  терезе туралы ғана түсіреді!

Әкім сөзіне сүйенсек, Үкіметтен зардап шеккен үйлерге бөлінген қаражат облыс бойынша 1 млрд. 200 млн теңге алдымен облыстық бюджетке аударылады. Одан Семейге тиесілі ақша қала бюджетіне жөнелтіледі. Бірақ, келген шығынға сәйкес есептелген қаражаттың құрылыс фирмаларына емес, өз қолдарына беруін өтінген тұрғындар талабы бәрібір де орындалмайтын болды. Бұған III топ мүгедегі Ерсайын ҒҰМАРОВ келіспейтіндігін білдірді.

-Мен өз ауламда танымайтын адамдардың үй салып жатқанын қаламаймын. Одан да қаражатты өз қолыма беріңіздер. Мен адам жалдап істете аламын,-деді зейнеткер. Тұрғындардың көбісінің ойы осыған сайғанымен, Астанада апталап жатып келген әкім жоғары жақтың тапсырмасына сәйкес өз дегенін түсіндірді.

-Бұл бәрібір де заңға сәйкес келмейді. Үкіметте бұл мәселе көтерілді, бірақ, оны шешудің басқа жолы бар. Енді құрылыс салумен айналысатын жеке кәсіпкерлігі бар адам қарастырыңыздар. Ол туысыңыз ба, досыңыз ба, сенетін адамыңыз болсын. Ең бастысы тиесілі  қаражатты сондағы есеп-шотқа аударта аласыздар. Дұрыс шешім осы. Ал зардап шеккен тұрғын өз атына ЖК ашып ақша аудартуына тағы болмайды. Сондықтан, өзара келісіп, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген туыстарыңыз болса, соның есеп-шотын қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне өткізулеріңіз қажет. Бірақ, бұл тек қана құрылыспен айналысатын жеке кәсіпкерлік болуы керек,-деді қала әкімі Ермак  Сәлімов.

Белгілі болғанындай ШҚО бойынша тасқын судан зардап шеккендерге бөлінетін қаржының 374 млн 501 мың теңгесі Семейдің еншісінде. Ары қарай қаражатты жеке кәсіпкерлерге есептелген сома бойынша аудару қалалық ТҮКШ-нің міндетінде. Оның өзінде тиесілі соманың алғашқы 30 пайызы аванс ретінде жөнелтіледі. Белгілі мерзім ішінде жұмыстардың біраз бөлігі атқарылған соң, қалған қаражат құйылатын болады.

Айтпақшы, кездесу соңында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Е. Сәлімов 31 арна тілшісі Динара Ерболқызының Сәтбаев көшесіндегі көпқабатты үйлердің терезесіне қатысты қойған сұрағына шамданып қалды. Мұндағы пәтерлердің жарылыс қуатынан терезелері ұшып кеткені белгілі. Сәуір айының ортасында облыс әкімі Д. Ахметов терезелердің түгел салынғаны айтып, артынша онысының шындыққа жанаспайтындығы белгілі болған. Сөйтсек, содан бері терезесі толық салынбаған үйлері әлі де бар екен.

-Осы терезеден басқа түсіретін ештеңе жоқ па? Терезе… терезе… Білем, 31 арнада тек қана терезе туралы ғана айтылады. Ал, мына атқарылып жатқан жұмыстар туралы ештеңе жоқ. Терезе – 31 арнаның фишкасы,-деп салды әкім. Тілшімен салғыласып сабасынан шығып кете жаздаған Сәлімов дереу ТҮКШ бөлімінің басшысы А. Өтелбаевты шақыртып, қалайда сол үйді тауып, біліп қайтуды тапсырып, өз жөніне аттанып кетті.

Фото: facebook.com

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.