Бүгін Ақмола облысы, Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласында көшелердің атауын қазақшаландыруға байланысты отырыс өтті.  Бұл кездесу Щучинсктегі атаулары орысша көшелерді қазақшалауға арналған алғашқы жиын емес.

Щучинск қаласында 32 көшенің аты қазақшаланады (видео)

Осыған дейін де кездесіп, бір шешімге келе алмай тарқасқан тұрғындардың басы бүгін тағы қосылды. Отырыстан кейін қаладағы 32 көшенің аты қазақшаланатын болады. Мәселен,  Родниковая – Балауса, Локомотивная – Арлан, Мебельная – Шаңырақ, Заречная – Алтын күз, Вьюжна – Самал  болып өзгертіледі. Дегенмен, бұл қазақша атауларға қарсылық танытқандар да болды.

Жалпы  Щучинск қаласында екі жүз елуден астам көше бар. Соның тек 15 пайызының ғана атауы қазақша.

Щучинск қаласында 32 көшенің аты қазақшаланады (видео)

«Осылай орыс тіліндегі көшелерімізді қазақшаға ауыстыра берсек, ертеңгі болашағымызға деген өзіміздің сеніміміз зор болады деп ойлаймын. Жастар қай көшемен жүрсе де, өзінің қазағының көшесімен жүреді. Егемендіктің не екенін біледі», — дейді Щучинск қаласының тұрғыны Жеңіс ОСПАНОВ.

Жиынға қатысушылар бір-біріне сөз бермей, біраз даурыққанымен, ұсынысты қолдаушылардың саны басымырақ болды. Жергілікті билік өкілдерінің нақты жауаптары да ономастикалық өзгерістер енгізуге сеп болды. Мұнымен қоса, қала атауы да өзгеруі мүмкін.

Щучинск қаласында 32 көшенің аты қазақшаланады (видео)

«Қаланың атауын да қазақша өзгерту туралы ойымыз бар. Бірақ ол шешім қабылданған жоқ. Нақты шешімді қабылдау үшін заң аясынан шықпаймыз.  Содан кейін нақтылап халыққа жеткіземіз», — деп  Бурабай аудандық ТҮКШ бөлімінің жетекшісі Қайыргелді МУСИН пікір білдірді.

Әкімдіктегілердің айтуларынша, көше атауларын өзгерту қаржылай шығынды қажет етпейді. Ал жаңа атаулар берілгеннен кейін әр көшенің басына, ортасына және аяғына көше атауы жазылған тақтайшалар қойылады.

Фотолар автордікі. 

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.