Түркиядағы «Қазақстан күндері» табысты өтті. Шара барысында Анкара қаласында Неджип Фазыл атындағы драма театрда қазақ əдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды. Сондай-ақ осы повесть желісімен режиссер А.Қарсақбаев түсірген «Менің атым – Қожа» фильмі көрсетілді. Туындыны түрік тіліне сөйлеткен – Гази университетінің оқытушысы, ғылым докторы Жамилə Кынажы.

Салтанатты рәсімде Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Кечиөрен муниципалитеті мэрінің орынбасары Мұстафа Арач, Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуп Омароғлы, «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мүсірəлі құттықтау сөз сөйлеп, Бердібек Соқпақбаевтың қызы, жазушы-аудармашы Самал Соқпақбаева өз ризашылығын білдірді.

Елші А.Сапарбекұлы өз сөзінде қазақ халқының біртуар перзенті, классик жазушының өз қолтаңбасы арқылы ұлттық әдебиетімізге тың туындылар мен соны жаңалықтар әкелгенін айта келе, қазақ қаламгерінің түркі әлемі әдебиетінен де алар орнына тоқталды.

– Шығармалары әлем тілдеріне ең көп аударылған Бердібек Соқпақбаевтың  Түркия төрінде танылып жатқаны – біз үшін айрықша мақтаныш. Түрік оқырмандары Қожа арқылы автордың өзге де шығармаларына қызығушылық танытып, ден қояды деп ойлаймын. Фильмді тамашалаған көрерменнің де қазақ жазушысына деген құрметі арта түсері сөзсіз. Картинаның көрсетілуіне қолдау білдірген «Қазақфильм» киностудиясына жəне фестиваль ұйымдастырушысы Кечиөрен муниципалитетінің мэриясына зор ризашылығымды білдіремін, – деді А.Сапарбекұлы.

Кечиөрен муниципалитеті мэрінің орынбасары Мұстафа Арач халықаралық «Рамазан» фестиваліне жыл сайын отызға жуық мемлекет қатысатынын жəне соңғы төрт жылда Қазақстан өнерпаздары аса жоғары деңгейде өнер көрсетіп, алдына жан салмай келе жатқанын ерекше ықыласпен айтты. Сонымен қатар, муниципалитет көлемінде түркі әлемінің тұғырлы тұлғалары Абай, Сүйінбай, Жамбыл, Мағжан мұраларын насихаттау мақсатында атқарылып жатқан іс-шараларға тоқтала келе, алдағы уақытта Бердібек Соқпақбаевтың да өз бағасын аларына сенім білдірді. «Менің атым – Қожа» кітабының Түркия мектептеріне таратылып, кітапханаларға тарту етілетінін жеткізді.

Қазақстаннан арнайы барған Самал Соқпақбаева əкесінің кітаптары осыған дейін 60-тан астам тілге аударылғанымен, түрік оқырманына алғаш рет  ұсынылып отырғанын тілге тиек етіп, қуанышымен бөлісті.

– «Менің атым – Қожа» –  əкемнің халыққа ұнаған, ең көп оқылған шығармаларының бірі. Бұл хикаяда өз басынан өткен қызықты оқиғаларды суреттеген. Осы туынды негізінде «Қазақфильм» киностудиясы фильм түсіріп, Францияда өткен Канн фестивалінде жүлдегер атанды. Енді міне, араға жылдар салып, түрік тіліне аударылып отыр. Егер əкемнің көзі тірі болғанда бұл тарихи сәтке шексіз қуанар еді. Дегенмен қызы әрі мұрагері ретінде əкем үшін жүрегіме ерекше мақтаныш сезімі ұялап тұр, – деп, осы шараға атсалысқан барлық азаматтарға алғыс айтты.

Сондай-ақ «Балдырған» журналының бас редакторы Д.Мүсірәлі сөз сөйлеп, кітаптың ұрпақ тәрбиесі мен балалар танымын кеңейтудегі маңыздылығына тоқталды. Қолына қалам ұстаған қаламгердің бәрі бірдей балалар тақырыбына  бойлай бермейтінін мысалға алып, аудармашы Жамилә Кынажыға Бердібек Соқпақбаев шығармаларының топтамасын тарту етті.

Еуразия жазушылар қауымдастығының төрағасы Я.Омароғлы Түркиядағы елшіліктер ішінде әдебиет пен өнер саласын тұрақты насихаттап, көңіл аударып отырған Қазақстан елшілігі екенін мысалға алып, қазақ жазушысы түгел түркі жұртының мақтанышына айналды деген жоғары бағасын берді.

Аудармашы Ж.Кынажы өз кезегінде повесті жарты жылда тәржімалап шыққанын, алайда әдеби өңдеуге бір жыл уақыт жұмсағанын баяндады. Қазақ балаларының ұлттық бейнесін түркі әлеміне қаз қалпында таныстыруға тырысқанын және кітапты редакциялаған жазушы Атаман Калебозанның да қосқан үлесін атап өтті.

Тұсаукесер рәсімге Анкара қаласының білім мекемелерінің ұстаздары мен оқушылары және зиялы қауым өкілдері қатысты.  Соңынан Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының «Достық сазы» фольклорлық ансамблі мен «Аққу» би ансамблі өнер көрсетті.

«Қазақстан күндері» аясында Анкара қаласындағы «Сүйінбай Аронұлы» атындағы саябақта айтыс ақындары Сүйінбай Аронұлы мен Жамбыл Жабаевты  еске алу жиыны да өтті. Бабалар рухына Құран бағышталып, Жамбыл атындағы көшеге орнатылған ескерткіш-тақта ресми түрде ашылды.

Жиынға Елші А.Сапарбекұлы, Кечиөрен муниципалитетінің мэрі Мұстафа Ак, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Қуандық Қасымов, Алматы облысы Жамбыл ауданының маслихат хатшысы Саят Жұрын, халықаралық «Жамбыл» қорының президенті Манарбек Ізбасар жəне басқалар қатысты.

Елші А.Сапарбекұлы өз сөзінде туысқандық қарым-қатынастың нығаюына, тереңдеуіне баса назар аударып отырған Кечиорен муниципалитетінің мэрі Мұстафа Ак мырзаға шынайы алғысын білдірді. Жамбыл ауданының мәслихат хатшысы Саят Жұрын Кечиөрен муниципалитеті мен Жамбыл ауданының бауырлас екенін айта келе, Жамбыл ауданында бір көшеге Кечиөрен атауының берілгені туралы мәслихаттың ресми шешімін мэрге табыс етті. Аталған жиында сөз сөйлеген Халықаралық «Жамбыл» қорының президенті Манарбек Ізбасар Түркі әлемі жазушылары және өнерпаздар қорының президенті Яхия Акенгинге халықаралық Жамбыл сыйлығын тапсырды.

Өз кезегінде, ақын Яхия Акенгин түркі әлемінің ең үлкен байлығы оның мәдениеті және өнері екендігін айтып, Абай, Сүйінбай, Жамбыл, Мағжан сынды қазақтың ұлы тұлғаларының арқасында екі бауырлас ел арасындағы қарым-қатынастың дамып отырғанын атап өтті.

Жиын соңында қазақтың ақтаңгер ақыны Сүйінбай Аронұлының ескерткішіне гүл шоқ қойылып, тағзым етілді. Жыр алыбы Жамбыл атындағы көшеге ескерткіш-тақта орнатылып, ашылу рәсімі болды.

«Қазақстан күндері» аясындағы іс-шаралар барысында Астана қаласының 20 жылдығына арналған дөңгелек үстел де өтті. ТҰҰМ депутаты Халюк Ипек Астана қаласының Қазақстан-Түркия қарым-қатынастарында алар орны туралы егжей-тегжей баяндап, Сирия мәселесін шешу мақсатында жалғасып отырған Астана процесінің ғаламдық саясатқа тигізген ықпалын атап өтті. Жиын соңынан Ақтөбе қаласы мен Анкара-Кечиөрен муниципалитеті арасындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды.

«Қазақстанның мәдениет күндері» шеңберінде қазақтың жас суретшісі,  өнертанушы Кәрім Байғұтовтың «Сапырылысқан әлем» атты жеке көрмесі ашылды. «Қазақстан күндері» «Калаба Кент» алаңында «Қазақстан кеші» концертімен жалғасын тапты. Кеш барысында Ақтөбе облыстық Ғ.Жұбанова атындағы филармониясының «Достық сазы» және «Аққу би ансамблі өнер көрсетті. Концерттік бағдарламадан кейін Елші А.Сапарбекұлы Кечиөрен муниципалитетінің мэріне алғыс айтты. Ақтөбе қаласының әкім орынбасары түрік жұртына Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың сәлемін жеткізіп, мэрдің иығына шапан жапты. Сонымен қатар, Анкарадағы «Антарес» сауда орталығында «Астананың 20 жылдығы» концерті ұйымдастырылып, жергілікті тұрғындар назарына қазақ халық музыкасы мен патриоттық шығармалар ұсынылды.

«Қазақстан күндері» ары қарай Малатия, Афшин қалаларында жалғасын тапты. Малатия қаласындағы концертті тікелей эфир арқылы 1 миллионнан аса адам тамашалап, орталық алаңда өткен шараға Батталгази муниципалитетінің мэрі Селахаттин Гүркан арнайы қатысты. Афшин муниципалитетінің мэрі Меxмет Фатиx Гүвен де қонақтарды құшақ жая қарсы алып, Қазақстан өнері мен мəдениетіне жергілікті тұрғындардың қызығушылығы жоғары екенін жеткізді.

М.МАТАЙ

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.