Бүгін мәжіліс депутаттары 2017 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп алды.

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунованың айтуына қарағанда Қазақстанның 1 қаңтарға дейінгі қарызы 167 миллиард АҚШ долларын құрайды. 2017 жылы құны 4,5 миллиард долларды құрайтын 58 жобаның 44-і аяқталды. 13-і жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар бойынша 1,7 миллиард доллар игерілмеуде. Әсіресе, 7 жоба бойынша көп қаржы игерілмей тұр. Нақтырақ айтсақ, бұлар бойынша 78 бен 99,8 пайызға дейін қаржылар игерілмей қалған.

Жергілікті атқарушы органдардың қарызы шаш-етектен. Бұл сома 572 миллард теңгені құрайды, оның 77 пайызы үкіметтен алынған. Бұған да қатаң бақылау қажет. Бюджет кодексіне сай жыл сайын қарызға кешенді есеп жүргізіп отыру қажет. Ал, біздің елде бұл есеп 2014 жылдан кейін жүргізілмеген.

2017 жылы 508 миллиард теңге тиімсіз жұмсалған. Бұл 2016 жылға қарағанда екі есе көп деген сөз. Қаржылық заң бұзушылықтардың 86 пайызы бухгалтерлік есептерді дұрыс жүргізбеудің салдарынан болып отыр.

Жиында мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин еліміздегі салық түсімі туралы шындықты жайып салды:

— Ештеңе айтқым-ақ келмей отыр еді, бірақ, айтуға мәжбүр етесіздер, — деді Н. Нығматулин қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа қарап. — Сіздің сөзіңізге сенсек, салық төлеушілер «әлі басталмаған жұмыстың салығын алыңыздаршы» деп қаптап келіп жатқан сияқты. Сіз не айтып отырғаныңызды түсінесіз бе? Сіздер бұл тәжірибені тоқтатуларыңыз керек. Есеп берген кезде бәрі әдемі болғаны жақсы. Бұған тырысу керек. Қараңызшы, 2017 жылы кіріс жоспары 100 пайыздан астамға орындалды. 82 миллиард теңгеден астам артық қаржы түсті. Бәрі жақсы сияқты. Бірақ, бұл көрсеткішке қалай қол жеткіздік? Есеп комитетінің мәліметіне қарағанда кіріс жоспарын тым асыра орындаудың нәтижесінде қол жеткіздік. Бұл көрсеткіш 2017 жылдың желтоқсан айының екінші жартысында түскен кірістермен толтырылған. Яғни, сіздер әлі алда атқарылатын жұмыстарға аванс беру арқылы салықтың түсімін орындадыңыздар. Сонда осының нәтижесінде қанша соммада салық түсті дейсіздер ғой… Тура 82 миллиард теңге шыға келеді. Яғни, сіздер кәсіпорындардың айналым қаражатын алып қоясыздар. Әлі жасалынбаған жұмыстар, әлі жасалынбаған сауда үшін салық аласыздар. Осыдан кейін ірі кәсіпорындарды қаражатсыз қалдырдыңдар, бірақ, салық жинауда 100 пайыздық көрсеткішке қол жеткіздіңіздер. Мұндай практиканы тоқтату қажет. Салық мәселесіне жаңаша көзқарас қажет.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.