«Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Түркістан қаласына көшіріледі» деген әңгіме расқа айналды. Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының сессиясында депутаттар «Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығын Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіру туралы» мәселені бірауыздан қолдап, осы жөніндегі ұсынысты Үкіметке жолдады.

— Біз жаңадан облыс орталығын таңдау бақыты бұйырған тарихи сәттің табалдырығында тұрмыз. Мұндай орталық ретінде Қазақ елі үшін ғана емес, исі түркі әлеміне ортақ, қасиетті Түркістанның таңдалуын халықтың зор ықыласпен қабылдауын қуанышпен атап айтқым келеді. Аталған мәселе бойынша Үкімет жанынан құрылған арнайы жұмысшы топ құрамымен бірлесе, бөлудің экономикалық тиімділігіне, оның облыстың, Шымкент, Түркістан, Кентау қалаларының әлеуметтік-экономикалық дамуына әсері жан-жақты талданды,-деді Жансейіт Түймебаев. Түркістанның қашан облыс орталығы болары, облыстық мекемелерлдің қашан көшетіні келер күннің еншісіндегі шаруа.

Айта кетері, бүгін таңертең Шымкент қалалық мәслихатында Шымкент қаласына республикалық мәртебе беру туралы мәселе қаралып, ұсыныс облыстық мәслихаттың қарауына берілген болатын.  Облыстық мәслихат та бұл шешімді бірауыздан мақұлдады. Енді Үкімет бір ай ішінде арнайы заң жобасын әзірлеп, Парламенттің қарауына ұсынатын болады.

Шымкентке ерекше мәртебе берілген жағдайда қала бюджетінің кірістері 72,1 млрд. теңгеге, субвенция 13,4 млрд. теңге көлемінде болады. Қаланың жергілікті бюджеті 2025 жылға дейін субвенциялық болып қала береді. Сондай-ақ, қаланың әкімшілік штаты 229 бірлікке өспек.

Фото: otyrar.kz

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.