Үкімет жетекшісі Бақытжан САҒЫНТАЕВТЫҢ тапсырмасымен  Алматыға арнайы іссапармен келген  денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ елде менингит эпидемиясы жоқ деп мәлімдеді.  Премьер-министрден кеше өзі сын естіген Е.Біртанов бүгін Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының әрекетін «жеткіліксіз» деп бағалады.

Кешелі бері Алматы мен Алматы облысындағы бірқатар аурухананы аралап, жағдайды өз көзімен көрген Е.БІРТАНОВ бүгін алматылық журналистерге баспасөз мәслихатын беріп, қазіргі кезде елде менингококк инфекциясына 59 адам шалдығып, 13 адамның көз жұмғанын айтты. Алайда соған қарамастан, министрдің айтуынша, елде менингит эпидемиясы жоқ.

— Менингит сырттан келген жоқ, Менингиттің А және B серотиптері жыл сайын қайталанып тұрады. Жыл сайын жүретін ауру түрі бұл. Менингиттің бұл серотиптері бүкіл әлемде, Еуропа, Америка, Африкада да бар. Бұл кәдімгі тұмау тәрізді вирус. Бірақ генетикалық сараптамадан оқыс жағдайлар анықталып жатса, оны міндетті түрде хабарлаймыз.

Денсаулық сақтау министрі елде карантин жарияланбайды деген сөзін тағы бір шегеледі. Айтуынша, елде карантин жариялануы үшін бір аптада кем дегенде 1800 адам бұл ауруға шалдығуы тиіс.

— Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша 100 мың адамға шаққанда 3 ауру анықталған жағдайда жаппай профилактика шаралары қолға алынады. Ал 100 мың адамның ішінен 10 адам шалдықса, жаппай егу жұмыстары жүргізіледі. Қазақстан жағдайында бұл үшін аптасына 1800 адам менингитке шалдығуы керек деген сөз. Мұндай межеден әлі алыспыз.

Премьер-министр Б.Сағынтаев кеше облыстық аурухана мен қалалық аурухана бөлініп, ауыр науқастарды тұрғылықты жері бойынша ғана қабылданып жатқанын айтып, министр жұмысын сынға алған еді. Мұны сөз еткен министр Біртанов бұл кемшілік жойылғанын, енді ауыр науқастарды жақын жердегі аурухана шұғыл түрде қабылдайтынын жеткізді. Алайда министр ауруларды тек тұрғылықты тіркеуі бойынша қабылдап келгені үшін жауапкершілікті облыстық және қалалық денсаулық сақтау басқармаларына ысырғындай көрінді.

— Тұрғылықты жері бойынша жедел медициналық көмек көрсетіледі деген шектеулер болыпты. Шын мәнінде, көмек көрсетпеуге негіз болатындай заңды нормалар жоқ, бұл заңбұзушылық. Тіпті өзге елдің азаматы болса да, жақын жердегі ауруханада көмек көрсетілуі керек. Осы жұмаға дейін облыстық және Алматы қалалық денсаулық сақтау басқарламалары министрліктің талабы бойынша ауыр науқастарды қабылдау тәртібі жөнінде бірескен бұйрық қабылдап, жағдай түзеледі.

Негізінде министрліктің бұл жөніндегі бұйрығы былтырғы жылы қабылданған. Бірақ жергілікті жердегі денсаулық сақтау басқарламалары ішкі бұйрықтары, өз тәртіптері бар. Енді бірлескен бұйрық қабылданды. Бәлкім, бұл бұйрықты ертерек қабылдау керек болған шығар.

Егер министрліктің бұйрығы жылы қабылданса, қалалық және облыстық денсаулық сақтау басқарламалары бұған неге бағынбаған? Бұл сұраққа Біртанов бүй деді:

— Қалалық денсаулық сақтау басқармасының ішкі бұйрығы ескірген, неге оған өзгеріс енгізілмегенін қарастырып, тексереміз, жауапкершілік мәселесін қарастырамыз. Ал жалпы, денсаулық сақтау басқармасының әрекетін жеткіліксіз деп бағалаймын.

Фото автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.