Кісі қазасына қатысы бар деп айыпталған Өскемен қаласының әкімі Қуат ТҰМАБАЕВ ақысыз демалысқа кетті. 2017 жылдың мамыр айында облыс әкімі Даниял АХМЕТОВ Тұмабаевты облыс орталығының басшысы қызметіне тағайындағанда «ең жас әкім» ретінде қарап, үлкен үміт артып еді.

Әкім сот аяқталғанша орнында отырмайды

buqara.kz сайтының хабарлуынша, Өскемен әкімі ресми мәлімдеме жасап, сот процессі аяқталғанша ақысыз еңбек демалысына шығыпты. Шаһар басшысының міндетін әкім орынбасары Ольга БУЛАВКИНА атқаратын болыпты.

-Өкінішке орай Риддердегі қайғылы оқиғадан кейін маған қатысты көптеген айыптаулар айтылып, әртүрлі нұсқалар пайда  болуда. Мұны  өсек-аяңды таратқан  адамдардың ұятына қалдырдым. Тергеу жұмыстары барлық талаптарға сай жүргізілді. Басынан бастап құқыққорғау органдарына оқиғаның бүге-шүгесін анықтауға қолымнан келгенше көмек көрсеттім, — дейді Қуат Тұмабаев.

Жас әкімге  бір жыл өтер-өтпестен көз тиді ме, қырсық ұрды ма, мас болып Евгений СМОЛЬНИКОВ деген жас азаматты қағып өлтірген Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан ҚҰРМАНБАЕВТЫҢ көлігінен «шыға келіп», Ахметовті жерге қаратты.

Қазаға ұшыраған Е. Смольниковтің әкесі Виктор СМОЛЬНИКОВ «Жас алашқа» берген сұхбатында Қуат  Тұмабаевтың бұдан ары қызметінде қалуына моральдық құқығы жоқтығын мәлімдеген болатын. Сондай-ақ марқұмының әкесі қайғылы оқиға болған күні қос шенеунік «Сосновый бор» демалыс аймағынан «думандатып» шыққанын айтқан еді.

Ал осыдан бірер күн бұрын өткен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ШҚО департаментінің жанындағы Әдеп кеңесінің отырысында Б. Құрманбаев пен Қ. Тұмабаевтың мәселесі қаралған болатын. Қос шенеунік те төбе көрсетпеген кеңес жиынында Құрманбаевты орынынан босату ал, Тұмабаевқа қызметіне сай еместігі жөнінде ескерту беру жөнінде әдеп кеңесі тарапынан Ахметовке ұсыныс жолданды.

Жас Алаштың тілшісі аталған оқиғаға байланысты Аякөз ауданының құрметті азаматы, көп  жыл басшылық қызмет атқарған Аманкелді КЕРІМТАЕВТЫҢ осы оқиғаға байланысты пікірін білген еді.

-Менің көзқарасымда кешіре алмайтын екі нәрсе бар: әйел зорлау және ұрлық. Ал, мына іс туралы пікір білдіру мен үшін тіптен қиын. Қуат Тұмабаев жастықпен қателік жасаған шығар, бірақ, кісі өлтіруге қатысайын деген ой болмағаны анық. Алайда, күтпеген жерден ұрынса да ол қылмысты оқиғаның жанында болғаннан кейін жазасыз қалмауға тиіс. Оған қандай жаза қолдданылатынын әрине, мен емес, сот анықтайды. Егер жақсы атқарып жүрген, халықтың оң көзқарасындағы адам болса қателігін кешіруге де болар. Бәрінен де менің жаныма бататыны – елге сыйлы меценат, облыстық мәслихат депутаты Мұхит Тұмабаевтың ұлы екендігі. Мұхитпен сыйластығым, араластығым жақсы еді. Сол үшін де маған пікір айту оңай болмай тұр. Десек те, «Платон менің досым, бірақ, ақиқат, одан қымбат» деген Сократтың әйгілі сөзі бар ғой. Сол тұрғыдан қарасақ, жас шенеуніктің жіберген олқылығы басқаларға сабақ болуы тиіс деп ойлаймын, — деді Амангелді Керімтаев.

Фотолар: tengrinews.kz, altaynews.kz.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.