Бүгін Қызылорда қаласында облыстық мамандандырылған ауданаралық сотында мұнай ұрлаған 21 адамға қатысты сот үкімі шықты. Судья Асхат САБЫРОВ қараған істе Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті ұйымдасқан қылмыстық топпен күрес басқармасының бұрыңғы бастығы Берік ӨТЕНОВҚА да жаза кесілді.Бұл туралы өңірдегі zhasalash.kz сайтының тілшісі хабарлайды.

2017 жылдың мамыр айында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Қызылордада мұнай ұрлығымен айналысқан қылмыстық топты құрықтаған болатын. Дәл сол күні осы іске қатысы бар көлік прокуроының қолына да кісең тағылған еді. Барлығы 21 адам ұсталып, тергеу амалдары жүргізілген болатын.

Қызылордада мұнай ұрлаған полковник серіктерімен сотталды
Сот залы

Мұндай сот процесі Қызылордада ешқашан болған емес. 21 азаматтың құқығын қорғау үшін 30 адвокат пен 15 қоғамдық қорғаушы жұмыс жасады. Наурыз айында басталған сот процесі кезінде жүзге жуық куәгерден жауап алынды.Сотталушылардың адвокаттары істің жабық түрде өтуін талап еткенімен, олардың бұл өтініштері қанағаттандырылмады. Сол себептен де, үкім оқылған сәтте залда ине шаншар жер болмады.

Сотталушылардың арасында кәсіпкерлер, мұнай компаниясының жұмысшыларымен қатар, құқық қорғау органдарының шеңді қызметкерлері болды. Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті ұйымдасқан қылмыстық топпен күрес басқармасының бұрыңғы бастығы Берік Өтеновтің де тағдыры бүгінгі сотта шешілді. Тәртіп бұзғандарды құрықтаудың орнына бұрынғы полковник оларға қамқор болып, сол арқылы қосымша пайда тауып отырған.

Тергеу барысында мұнай ұрлаумен екі қылмыстық топтың айналысқандығы дәлелденді. Бірінші топ мүшелері амал тауып, қара алтынды ұрласа, екіншілері оны сақтап, шетелге шығарумен айналысқан. Қаладағы «КАИС –Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктесінің қоймасы осы мақсатта пайдаланылған болып шықты.  Шикізат негізінен көрші Қырғызстан еліне жіберіліп отырған. Ұйымдасқан қылмыстық топқа негізінен Кенжебек БАСЫҚАРАЕВ есімді кәсіпкер жетекшілік еткен. Ол қарамағындағыларға бұйрық беріп, құйтырқы әрекетін жүзеге асырып келген.

Қызылордада мұнай ұрлаған полковник серіктерімен сотталды
Судья Асхат Сабыров

Сот үкімді бір жарым сағаттан астам уақыт оқуына тура келді. Ұйымдасқан қылмыстық топтың әрбір мүшесінің жасаған әрекетіне егжей  тегжейлі тоқталып өтті. Айта кету керек, бүгін сотталғандардың арасында бұрындары да жазаға тартылғандар болды. Бірақ, өкінішке орай олар өткен қателіктерінен сабақ алмаған.

Сонымен, топты ұйымдастырған әрі жетекшілік еткен – Кенжебек Басықараев 10 жылға, Берік Өтенов 9 жылға сотталды. Бұл кісілердің жеке мүлкі тәркіленетін болады.  Сондай –ақ, топтың өзге мүшелері үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды. Тағы 4 адам шартты түрде жазаланды.

«Сотталған азаматтардың жеке мүліктері тәркіленетін болады. Кейбіреуіне айыппұл салынды. Тергеу кезінде өз кінәсін мойындап, тәртіп сақшыларына жәрдемдескен сотталушыларға жазаның жеңлдеу түрі тағайындалған» — деп мәлімдеді Қызылорда облыстық мамандандырылған ауданаралық сотының кеңсе меңгерушісі Қаракөз СӘРСЕНБАЕВА.

Айта кету керек, ұйымдасқан қылмыстық топтың бес мүшесі өз кінәларын сот үкіміне дейін мойындаған жоқ.

Фотолар автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.