Жаздың аптап ыстығы басталғанмен Атырау қаласының әкімдігіне қарасты 27 субұрқақ істен шыққан. Бұл туралы zhasalash.kz сайтының аймақтағы тілшісі хабарлайды.

-Бұл субұрқақтар 2004-2006 жылдары салынған, қазіргі күні тозып, істен шықты. Олардың ішінен Исатай-Махамбет алаңында орналасқан 11 субұрқақты жасауға демеушілер іздеп жатырмын. Тағы тоғыз субұрқаққа қаражат бөлінбек. Қалған ұсақ субұрқақтар осы шаралар біткеннен кейін барып қолға алынады, — дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі өндірістік-техникалық секторының жетекшісі Ақесен ИБРАГИМОВ.

Атырауда 27 субұрқақ жұмыс істемей тұр

Қалалық құрылыс бөлімінің маманы Батыржан МҰСАҚАЕВТАН білгеніміз, аталған жеті нысандағы тоғыз субұрқақтың құрылысына 1 млрд.73 млн.теңге жұмсалмақ. Бұл жұмысты жүзеге асыратын мердігер мекеме әлі анықталмаған. Ал жобалық-сметалық жұмыстарын Орал қаласының «AB Engineering» компаниясы жүзеге асырыпты.

Атырауда 27 субұрқақ жұмыс істемей тұр

Пайдалану мерзімі өтіп, жарамсыз бола бастаған субұрқақтар бастан аяқ қайта салынбақ. Оларға жарық шашып тұруы, әуен ойнап тұруы, балалардың ойнауына қолайлылығы сияқты жаңаша талаптар қойылып отыр екен. Бұлардың ішінен тарихи-мәдени ескерткіш болып табылатын Тұрғын үй қалашығы Мәдениет үйінің алдындағы субұрқақтағы әйел мен ер адамның мүсіні ғана қалдырылады. Бұған дейін субұрқақтарды салуға тендер жариялануы себепті бұл шараның жүзеге асуы ұзақ уақыт алып келеді. Екі ортада жаз мезгілінде салқын судың аясында саялайтын орынның жоқтығынан тұрғындар қиналып отыр.

Абырой болғанда, жеке мекемеге бекітілген бекітілгендер ведомостволық шағын субұрқақтар әр тұстан су атқылап, жұмыс жасап тұр. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі олардың нақты саны жүргізбейтін болып шықты.

-Субұрқақтар салынып біткенше әлі көп уақыт бар. Сондықтан, келесі аптадан бастап  қаланың алты жеріндегі субұрқақты уақытша іске қоспақпыз, -деп мәлімдеді Ақесен Ибрагимов.

Фотолар автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.