Тұрғындарының саны миллионға жетіп, Қазақстандағы үшінші мегаполис атанған Шымкентте  жер дауы бұрқ ете қалды.

Қала іргесіндегі Орманшы елдімекені бір кездері Сайрам ауданына қараған. Оншақты жыл бұрын Шымкент қаласы Еңбекші ауданының, ал 4-5 жыл бұрын жаңадан құрылған Қаратау ауданының аумағына енген. Осында Бадам орман және өсімдіктер әлемін қорғау мемлекеттік мекемесінің тұқымбаққа арналған оншақты гектарлық жері бар. Жерлер ауданнан қалаға өтіп жатқан  кезде аталған мекеме тиесілі жердің біраз бөлігінің тұрғындардың салып қойып үйімен беттесетінін анықтапты. Жерді қайтарып алу үшін сотқа талап арызбен жүгінген. Ал тұрғындар баспана салған жерлерін бір кездері Сайрам ауданы Бадам ауылдық округі әкімінің шешімімен заңды түрде алғанбыз дейді. 

Облыс пен қала бөлінгенде жер дауы басталды
Мақсат Жасыбаев

— Талап арызда мекеме бізге берілген меншік құжаттарының күшін жойып, жерді босатуды талап етіпті. Құжаттар әйелім Г.Қожабекованың атына рәсімделген. Алайда мекеменің басшысы Жұмағұлов сот отырысында талап арызынан бас тартқан. Біздің жерімізге қатысты сот отырысының өтіп жатқанын кездейсоқ білдік. Жұмағұловтың талап арызынан бас тартатыны жөнінде  Қаратау аудандық сотының 19 наурыз күні шығарған ұйғарымымен қалалық әкімдікке барған кезде таныстық,-деді бізбен сөйлескен Орманшы ауылының тұрғыны Мақсат ЖАСЫБАЕВ.

Заң бойынша талапкер талап арыздан бас тартқан жағдайда дәл сол талаппен сотқа екінші қайтара жүгіне алмайтыны белгілі. Алайда Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекеме жуырда Г.Қожабекованың үстінен тағы да сотқа талап арызбен жүгінген. Қазір іс Қараттау аудандық сотында қаралып жатыр.

Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің үй салып, барлық жылжымайтын мүлкін заңдастырып алаңсыз отырған тұрғындардың жеріне даулап, сотқа жүгінуді былтыр күзде бастапты. Осы талап арыздар бойынша шығарылған шешімдер мен ұйғарымдарымен танысып, көптеген түсініксіз жәйттарға куә болдық.  Мекеме кейбір істер бойынша белгісіз себептермен талап арыздарын кері қайтарып алып, соттан істі қараусыз қалдыруды өтінген. 2018 жылы ауыл тұрғыны Ш.Эрматоваға қатысты талап арыз берілген, бірақ белгісіз себептермен талапкер арызын кері қайтарып, істі қараусыз қалдыруды сұраған. Сол сияқты К.Жанабаевқа қатысты 2017 жылы талап арыз берген, Қаратау аудандық соты шешім шығарып, қанағаттандырусыз қалдырған. Талапкер шешімге апелляциялық шағым келтірмеген. Р.Файзуллаеваға қатысты берген талап арызын да қайтарып алған. Сот ұйғарым шығарып істі қарауды тоқтатқан.

Облыс пен қала бөлінгенде жер дауы басталды
Бадам мекемесінің жері

Ауыл тұрғындары К,Джолдасбековаға, Г.Сарсембаеваға, А.Жургеноваға, К.Якуббековаға, А.Алиханға қатысты берген талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. Шешімге апелляциялық шағым берілмеген. Ал, Л.Шкуроваға, Ж.Сатыбалдиевке, А.Есенкуловқа, Г.Кожабековаға қатысты берген талап арыздарынан да мекеменің өзі беріп, артынша өзі бас тартқан.  Алайда арада қырық шақты күн өткенде Г.Қожабековаға қарсы қайтадан талап арыз бергенін жоғарыда айттық. Сонда бұл неғылған қойыртпақ екендігін түсінбедік.

Қазіргі уақытта жауапкерлердің ішінде (тұрғындардың айтуынша, олардың саны 22-ге жетіп отыр) тек бір іс бойынша талап арыз қанағаттандырылған. Ермек САҒЫМБАЕВ деген азаматқа қатысты  құжаттарды заңсыз деп тану, үйді босату жөнінде шешім шыққан.

-Шешім бойынша мен жерімді босатып беруім қажет. Құжаттырымыз қолымызда болған соң алғашқыда адвокат та жалдағанымыз жоқ еді. Түрлі мекемелердің берген құжаттарының бәрі заңды. Осы құжаттарға сүйене отырып уақтысында мемлекет бізге су, газ, жарық тартып берді емес пе? Енді Жоғарғы сотқа кассациялық арыз беріп отырмыз. Жалпы орман шаруашылығы мекемесінің жерін 11 жылдан кейін даулағанын немен байланыстарымызды білмей дал болып отырмыз. Осы 11 жылда бір адам келіп бізге шағым айтқан емес еді. Жалпы орманшылар жерлеріне жылына екі мәрте ревизия жасап, қандай құрылыстың жүргізіліп жатқанын бақылап отыруы тиіс. Алайда мекеме бұл бағытта ешқандай шара жүргізбеген. Бүтіндей бір ауыл салынып кеткен соң енді байбалам салып, сотқа беріп отырғаны мынау,-деді Ермек Сағымбаев.

Ал Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің басшысы Нұрмахан Жұмағұлов сотқа талап арыз беріп, кейбірін қайтадан қайтарып алуының себебін нақты түсіндіріп бере алмады. Басшы алғашқыда мәселе дау-дамайсыз шешіледі деп сенгенін айтса, енді бірде «сотқа құжаттар әзірлеп дайындалу үшін солай істелген» деді. 

Облыс пен қала бөлінгенде жер дауы басталды
Нұрмахан Жұмағұлов

-Мұндағы үйлердің салынып кеткеніне он жылдан асып кеткен. Осы уақытқа дейін жерлеріңізді түгендемей не істеп жүрсіздер?Мен бұл мекемеге 2015 жылы басшы болып келдім. Оған дейінгіні бұрынғы басшылар біледі. Қалай болғаны білмейміз. Кезінде айтуы керек еді,-деді басшы.

Оның айтуынша, мекеме сотқа облыстық прокуратураның ұсынысы негізінде жүгінген. Құзырлы органның ұсынысын ескерусіз қалдыра алмаған. Ал Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Б.Жанбосыновтың тұрғындарға берген жауап хатына қарағанда, бұл мәселені тек сот шешіп беруі тиіс. Ал соттың біресе, жауапкер жақты, бірде талапкер жақты жақтап, мән-жайы бірдей істер бойынша әртүрлі шешім шығарып отырғаны мынау.

Н.Жұмағұловтың айтуынша, бұл мәселені енді Шымкент қалалық әкімдігі Үкіметке өтінішпен шығып, даулы жерді өз балансына алуы тиіс екен. Яғни Орманшыдағы тұрғындардың мәселесін шешу Шымкенттің әкімі Сауранбаев пен Үкімет жетекшісі Сағынтаевқа тіреліп тұр деген сөз.Қазіргі уақытта бұл жер тұқымбаққа арналғанымен, шын мәнінде пайдаланылмайды. Тұрғындардың айтуынша, тікен, арам шөп басып кеткен жерге тек мал жайылады.

 Фотолар автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.