Франция президенті Эммануэль Макрон АҚШ-пен сауда соғысына жол беруге болмайтынын, одан барлығы, оның ішінде АҚШ-ың өзі де зардап шегетінін мәлімдеді. Франция басшысы бұл туралы Канада премьер-министрі Джастин Трюдомен өткізген баспасөз мәслихатында айтты.

Эммануэль Макронның сөзінше, қалыптасқан жағдайдан шығу жолдарын іздестіру керек. Макрон АҚШ президенті Дональд Трамп оқшауланып қаламын деп қауіптенбейтінін, бірақ мұндай тактика АҚШ экономикасы мен беделіне залал келтіретінін айтты. Ол бұған қоса Вашингтон Еуропадан тасымалданатын болат пен алюминийге жаңа салық енгізуден зиян шекпесе, пайда көрмейтінін айтты.

Әлемнің экономикасы дамыған «Үлкен жетілік» (G8) елдерінің басшылары 8-9 маусымда Канаданың Квебек провинциясында кездеседі. 7 маусымда өткен кездесуде Франция президенті мен Канада премьері саммитте Дональд Трампты «қалыпты сауда қарым-қатынастарын орнатуға» көндіруге тырысатындарын айтты.

31 мамырда АҚШ Еуропа Одағы елдері, Мексика мен Канададан импортталатын болат пен алюминийге баж салығы салынатынын жариялаған. 1 маусымнан бастап аталған елдерден жеткізілетін болатқа 25 пайыз, алюминийге 10 пайыздық баж салығы салынады. Брюссель АҚШ-тың бұл саясатын «протекционизм» деп атады.

Еуропа Одағы Вашингтонның шешімін «протекционизм» деп сынап, АҚШ-тың үстінен Дүниежүзілік сауда ұйымына шағым түсірген. Сонымен бірге Брюссель маусымның 20-ына дейін АҚШ әрекетіне жауап шаралар қабылдайтыны туралы мәлімдеген. Атап айтқанда, Еуропа Одағы америкалық джинси, вискидің кей түрлері, жержаңғақ майы мен мотоцикль тәрізді тауарларға жаңадан салық енгізуі мүмкін.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.