Ақтөбелік археологтар қапалы. 5-маусым күні қаланың маңындағы құрылыс алаңынан табылған құнды жәдігерден мол мағлұмат аламыз деп отырғанда, көңілдері су сепкендей басылыпты. Қазба жұмыстары кезінде ескерткіш біраз бүлініпті. Мамандар бұл жергілікті биліктің мәдени ескерткіштердің қорғалуына немқұрайлы қарайтындығының көрінісі дейді.

«Ол жердегі қателік – «Тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану туралы» заңының сақталмауы. Құжаттың 39-бабында «Жерді игеру кезінде ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілуі керек» деп көрсетілген. Бірақ ол кімнің есебінен, қаражат кімнен шығарылуы керектігі көрсетілмеген. Ең басты мәселе сонда болып тұр. Бізде компаниялар, құрылыс мақсатында түрлі қазба жұмыстарын жүргізетін мекемелерге нысанды пайдалануға бермес бұрын атқарушы билік археологтарға сол маңды тексертуі керек. Аудан болсын, қала болсын, әкімдік жанындағы комиссияның құрамында не мәдениет басқармасынан, не біздің орталықтың мамандары болуы тиіс. Олар сараптама жүргізіп, аумақта тарихи ескерткіш бар ма, жоқ па, анықтауы керек», — дейді Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды зерттеу, қорғау, қайта қалпына келтіру орталығының директоры Аслан МАМЕДОВ.

Қорғансыз қорымдар

 

Табылған жәдігерге келсек, тарихшы ғалымдар оның құндылығына шәк келтірмейді. Қорым шамамен біздің заманымызға дейінгі 2-4 ғасырға жататынын айтып отыр. Жерленген ер адам 40-45 жас шамасында болуы ықтимал. Әрі ол ол тегін адам емес, бір тайпаның көсемі, беделді, ауқатты адамы болған деп топшылап отыр.

«Әрине, өкінішті бұл ескерткішті бұрын анықтап, бұрын белгілі болғанда, мүмкін молырақ мағлұмат алар ма едік? Археологиялық заттарға қарасақ, полихром стилінде жасалған. Болжамымыз бойынша, ер тұрман, оның ішінде ер тоқы алтындалған. Табылған фольгалар, пластинкалар осынмен ер тоқымды қапталған болуы керек. Жүген де алтынмен көмкерілген, себебі, түймешелер таптық, ол шамасы сол жүгеннің әшкейлері болуы керек. Алтын жапсырмалар, қылыштың элементі табылды. Сабы өңделген сүйектен жасалыпты. Демек, шығатын қорытынды – қорымда ғұн тайпасының көсемі жерленген болуы мүмкін. Сүйек те, табылған заттар да, артефакт дейміз ғой, одар камералық өңдеуден өтпейінше біз сенімді түрде ештеңе айта алмаймыз», — деді тарихшы Дәулет ӘБЕНОВ.

Алтынмен апталған ат әбзелдерімен бірге жерленген ер адамның мүрдесін археологтар емес, карерьерде құм тиеп жүрген жұмысшылар қазып алған. Алғаш болып тапқан құрылыс нысанының қожайыны Данат БАҚЫТ екен.

Қорғансыз қорымдар

«Құм тиейтін көліктің рөлінде отырған жүргізуші адамның сүйектеріне тап болғанын айтты. 3 метр тереңдіктен шықты. Дереу жұмысты тоқтатып қойдым. Әуелі мүрденің басы домалап түскенде шошып кеттік. Құмды тастағанда, жапырақ-жапырақ алтын құйылғанда, тегін емес екенін түсіндім. Сосын полицейлерді шақырдым. Артынан аумақты қоршап қойып, археологтар келді. Артынан жылқының сүйектерін тапқанын естідік», — дейді Данат Бақыт.

Қазір жәдігерлер Ақтөбедегі мұражайдың қорында тұр. Экспонаттардың құндылығын анықтау үшін арнайы зертханаға жіберіледі.

Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды зерттеу, қорғау, қайта қалпына келтіру орталығындағылар аймақтың тарихи ескерткіштерге бай екенін айтады. Әттеген-айы сол археологиялық қорғандарды қорғап сақтаудан гөрі, бұзып қиратып,бүлдіру деректері басымырақ екенін айтады мамандар. Мысалы, құжат жүзінде облыс аумағында 659 ескерткіш мемлекеттік тізімге енгізілсе, сараптама жүргізілсе, оның саны 2-3 мыңға жетеді екен. Қолда бардың қадіріне жету үшін қазір орталықтың мамандары әр ескерткіштің жанына арнайы тақтайша орнатып жатыр. Бүкіл ескерткіштің тізімін қайта жаңартуды қолға алған.

Фотолар автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.